Екібастұз тарихи-өлкетану музейінде қазақтың суырып-салма ақындық өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған, Павлодар өңіріне танымал айтыскер ақын Зейнілғарап Естаеваның 100 жылдығына арналған еске алу кеші өтті.
Зейнілғарап Бастеміқызы 1925 жылы 8 наурызда Павлодар облысы Қызылтаң ауылында дүниеге келген. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, әкесі майданға аттанып, 16 жасар қыз анасы мен бауырларына қамқор болып, тылдағы еңбекке араласты. Ел басына күн туған қиын шақта жеңісті жақындатуға үлес қосқан жастар қатарында ол да тынымсыз еңбек етіп, тер төкті. Жастайынан суырып-салма ақындық қабілетімен танылған Зейнілғарап апа 1985 жылы Павлодар қаласында өткен облыстық ақындар айтысында бас жүлдені жеңіп алды.
Жиналған қауым ақынның қолының табы қалған, жүрегінің лүпілі жазылған жеке қолжазбалары мен тұтынған бұйымдарынан құралған көрмені тамашалады. Шара барысында экран арқылы Зейнілғарап Естаеваның өмірі мен шығармашылығын баяндайтын бейнероликтер көрсетіліп, қатысушылар оның айтыстағы ұшқыр ойы мен көркем тіліне тағы бір мәрте тәнті болды.
Ақынның қызы – ұзақ жылдар облыстық тұтынушылар одағында бас есепші болып қызмет атқарған Тұрсын Жантемірқызы мен «Қазақтелеком» саласында еңбек еткен ұлы Ерсін Жантемірұлы да сөз сөйлеп, анасының отбасындағы рөлі мен тылдағы еңбегін тебіреніспен еске алды. Олар Зейнілғарап ананың ақын ғана емес, ардақты ана, еңбек адамы ретінде де жұртшылық жадында қалғанын жеткізді.
Шарада Естай атындағы музыка мектебінің шәкірттері Ағила Тавлетева Майраның «Толқыма» әнін, ал Құмарбек Мақсат Ақан серінің «Құлагер» әнін орындап, рухани кештің мазмұнын тереңдете түсті.
Кеш соңында ақынның көзін көргендер, сырын ұққан замандастары мен ұрпақтары жүрекжарды лебіздерін арнап, Зейнілғарап ананың биік адамгершілігі жайлы естеліктерін бөлісті.
«Отарқа» газетінен.