Ақын Аллажар Теміржанов (1910-1962) пен жазушы Зейін Шашкин (1912-196) хат жазысып тұрған екен. Кезекті бір хаттың мәтінін Жұмабек Рахымбекұлы өзінің facebook парақшасына жариялады. Хаттан Аллажар Тнеміржановтың ізбасар інісіне ағалық қамқорлық танытқанын және қатарлас қаламдасының шығармашылық жетістігіне ерекше қолдау көрсеткенін аңғаруға болады. Бұл хатта аты аталатын «Төлеу деген бала» туралы қандай да бір ақпарат, мағлұмат білетін азаматтар болса, редакцияға хабарласуын сұраймыз.
Оқырман назарына Ақын Аллажар Теміржановтың жазушы Зейін Шашкинге жазған хатын ұсынамыз.
Құрметті Зейін!
Амандығыңа алыстан қанып, қуанып жатырмыз. Мұнда біз де аман-есен жүріп жатырмыз. Үй іші тегіс аман.
Ал Зейін, мына хатты ұсынушы Төлеу деген бала – біздің шешейдің жақыны. Маған – нағашы. Осы баланың журфакка түсемін бе деген ниеті бар. Аудандық газетте екі жыл қызмет істеген. Сондықтан сенен сұрайтыным: осы баланың сол журфакка түсуіне көмектес. Ол жағы сенің қолыңнан келіп жатыр. Егер өзің курортқа кететіндей болсаң Қабуды: өзіңе таныс жақын, достарыңның бірімен кезіктіріп, қайтсең де қатты тапсырып кет.
Өзі өлең жазады. Таланты бар бала. Жазғандарының біразы «Сона» газетінде, «Балдырғанда» басылып жүр. Өзім баруға жұмыстан қол босайтын емес. Бар сенерім – сен. Сен енді осы баланың басын қалайда сол журфакка батыр. Бір істеген үлкен жақсылығың болсын.
Айтпақшы, романыңның бірер жазуын «С.Қ»-дан оқып көрдім. Бұл тарауы маған қатты ұнады. Барлық тарауы осы деңгейде болса, үлкен жетістік. Сөйтіп жемісті еңбегіңмен сені алдын-ала құттықтаймын.
Өзіңе, Катяға, Қарлығашқа үй ішінен көптік-көп сәлем. Қош сау бол, Алла амандықпен көрісуге жазсын!
Сәлеммен – жаман туысқаның.