Бүгін жазушы, драматург, Қазақстанның Еңбек Ері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабеков 83 жасқа қараған шағында дүние салды.
Дулат Исабеков – 1942 жылы 20 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс ауданы «Ленин жолы» ауылында туған. 1963 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1963-68 жылдары Қазақстан Республикасы Телевизия және радио хабарын тарату жөніндегі мемлекеттік комитетте аға редактор, 1968-70 жылдары «Қазақ Совет энциклопедиясы» бас редакциясында аға ғылыми редактор, 1971-76 жылдар аралығында «Жұлдыз» журналында бөлім меңгерушісі болып қызмет еткен. 1988-97 жылдар аралығында Қазақ теледидарының бас редакторы, «Жазушы» баспасының директоры, күні бүгінге дейін Республикалық мәдени-сараптамалық «Мәдениет» журналының бас редакторы, сондай-ақ Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА-ның профессоры болды.
1963 жылы «Жолда» атты алғашқы әңгiмесi Қазақстан жазушыларының «Замандастар» деген әңгiмелер жинағына ендi. Сол жылы «Шойынқұлақ» атты әңгiмесi «Лениншiл жас» газетінде жарияланып, жас жазушыны оқырман қауымға кеңiнен танымал етті.
«Гауһар тас», «Дермене», «Перi мен Перiште», «Тiршiлiк», «Өкпек жолаушы», «Бiз соғысты көрген жоқпыз», «Қарғын» (роман, 1980), «Шойынқұлақ»,«Ақырамаштан наурызға дейiн», «Ескерткiш», «Социализм зәулiмi», «Конфронтация», «Талахан-186», «Бонапарттың үйленуi», «Ай-Петри ақиқаты», «Кемпiрлер», «Шалдар», «Тыныштық күзетшiсi» секілді шығармалары әр жылдары жарық көрдi. Жекелеген повестерi мен әңгiмелерi немiс, чех, венгр, болгар, қытай, түрiк, өзбек және ағылшын тiлдерiне аударылып, шет ел оқырмандарына да кеңінен танымал болды. Жазушының шығармалары бойынша «Гауһар тас» (1975), «Дермене» (1994), «Тауқымет» («Тiршiлiк» повесi бойынша, 1998), «Лоторея» («Ержеткенше» повесі бойынша, 2013), «Балуан Шолақ» («Жаужүрек» пьесасы бойынша, 2019) атты көркем фильмдер мен «Әпке» атты пьесасының негізінде телесериал түсірілді. Дулат Исабеков қазақ сахнасы тарихында өзіндік орны бар 26-ға жуық пьесаның авторы.
2014 жылы Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында «Қазақ әдебиетінің апталығы» деген айдармен Д.Исабековтің шығармашылығына қатысты мәдени іс-шара өтті. Кембридж университетінде жазушының «The little pearl and other stories» («Гауһар тас») деген әңгіме-повестері мен пьесасы еңгізілген ағылшын тіліндегі жинағының тұсаукесері, Лондонның «Giant Olive Theatre» театрында Orzu Arts-тың ұсынуындағы «Өкпек жолаушы» спектаклінің премьерасы болды. Ал 2016 жылы Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан 4 томдық шығармалар жинағы жарық көрді. 2018 жылы «Қарғын» романы француз тіліне, «Ержеткенше» повесі БҰҰ-ның 6 тіліне аударылып, «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қорының қолдауымен жарық көрді.