«Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында «Қылқалам құдіреті» атты айрықша мазмұндағы іс-шара ұйымдастырылды.

Қазақстан Суретшілер одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы Өсербай Шоранов, Н.Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінің директоры Ақертіс Солтанбаев бастаған  танымал қылқалам шеберлері «Алтын сақа» орталығы Бейнелеу өнері үйірмесінде өткен ашық сабаққа қатысты.

Үйірме ұстазы Гүлімжан Оралбекқызы өткізген сабақ суретші-сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Сонымен қатар, қонақтар үйірмеге қатысушы балалардың сурет салудағы шеберлігіне, жылдамдығы мен танымдық ой-өрісіне куә болды.

Іс-шара барысында павлодарлық белгілі суретшілердің туындылары арнайы көрмеге қойылды. Оқушылар мен ұстаздар, ата-аналар көрмені тамашалай отырып, авторларымен пікірлесті, қолтаңба алды.
Бейнелеу өнері залында өткен кездесу барысында «Алтын сақа» орталығының басшысы Саян Мұқанов:

– Біздің шәкірттеріміздің дағдысын қалыптастыру және шеберлігін ұштау мақсатында осындай шараларды жиі ұйымдастырамыз. Өздеріңіздей аса танымал шеберлердің арнайы келіп, шәкірттерге дәріс беруі аса зор серпіліс болып отыр. Байқадыңыздар, біздің балалар қылқалам өнерін дамыту мен машық алу бойынша құлшынып тұр. Сол құлшыныс пен ұмтылысты арттыруға Сіздердің ақыл-кеңестеріңіз ерекше ықпал етері даусыз, – деді.

Суретшілер көпшілік алдында шеберлік сағатын өткізді. Орталықта ең алғаш көптің көзінше салынған бейнелеу өнері туындысы және өзге де жұмыстар «Алтын сақа» орталығына салтанатты түрде табыс етілді.

Добавить комментарий