
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов Қор басшылығына қатысты соңғы оқиғаларға байланысты мәлімдеме жасады.
Премьер-министрдің айтуынша, қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
«Жағдай Мемлекет басшысының бақылауында. Құзыретті органдар заңнама талаптарын қатаң сақтай отырып, объективті әрі жан-жақты тергеу жүргізуге тиіс», – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы жекелеген жағдайлар Қордың бүкіл компаниялар тобының жұмысына күмән келтіруге негіз болмауы керектігін атап өтті.
«Жақын арада «Самұрық-Қазына» АҚ Басқармасының жаңа төрағасы тағайындалады. Бұл ретте басқару ісіндегі сабақтастық пен Қор қызметінің үздіксіздігі толық қамтамасыз етіледі», – деді ол.
Сондай-ақ Қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалатынын, инвестициялық және инфрақұрылымдық жобалар бекітілген жоспарға сәйкес жалғасатынын жеткізді. Инвесторлар мен кредиторлар алдындағы барлық міндеттемелер толық әрі уақтылы орындалатынын мәлімдеді.
Бектенов корпоративтік басқаруды күшейту және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселесіне де тоқталды.
«Ішкі бақылау, комплаенс және ішкі аудит тетіктері қайта қаралып, күшейтіледі. Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын алуға, мүдделер қақтығысын анықтауға, қабылданатын шешімдердің ашықтығын арттыруға және басшылардың дербес жауапкершілігін күшейтуге ерекше назар аударылады», – деді Премьер-министр.
Оның сөзінше, басты міндет – мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру.
«Қазақстан халықаралық инвестициялық және қаржы қоғамдастығы үшін сенімді әріптес болып қала береді», – деп түйіндеді Олжас Бектенов.
Асыл ӘБІШЕВ
