Дәл қазір біздің қоғам ұлы дерлік өзгерістер кезеңін өткеруде. Шын мәнінде тарихи саналатын саяси реформалар жүзеге асып, зайырлы Қазақстан дамудың жаңа даңғылына ойысты.
Еліміздің биыл күшіне енген Конституциясында білім мен ғылымды, инновация мен адам капиталын дамыту мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде айқындалды. Бұл қағида мектеп өміріне қалай енеді? Президент бастамасымен жүзеге асқан «Келешек мектептері» жобасы білім беру ортасын қаншалықты өзгертті? Павлодарда ашылған жаңа мектептердің ерекшелігі неде? Инклюзивті орта, жасанды интеллект, цифрлық технология мен тәрбие мәселесі бір-бірімен қалай сабақтасады? Aiqara.kz білім саласындағы жаңа бағыттарды саралап көрді.

Білім жүйесі қай бағытқа барады?
Сөз жоқ, біздегі білім беру саласы жаңа кезеңге қадам басты. Әлбетте, біз білім жүйесінің нақты болмыс-сипаты қандай дегенде тек жаңа мектептердің салынуын, оқу бағдарламаларының жаңаруын немесе цифрлық технологиялардың енгізілуін назарға алмасақ керек. Жүйені солай ғана өлшеп-бағамдау жеткіліксіз. Осы жылғы 1 шілдеден күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында білім мен ғылымның мемлекеттің стратегиялық дамуындағы орны конституциялық деңгейде қайта айқындалды.
Жаһан дамуының негізінде тереңдей зер салсақ, білім берудегі жаңа қадамдар – мемлекет болашағымен сабақтасқан маңызды өзгеріс. Өйткені енді білім беру тек әлеуметтік саланың бір бағыты ғана емес, мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуының негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырылады.
Жаңа Конституциядағы білім мәселесін тек білім алу құқығын бекітетін 33-баппен шектеуге болмайды, әрине. Оның ауқымы әлдеқайда кең.
Конституцияның 3-бабының 1-тармағында Қазақстан Республикасы қызметінің негіз құраушы қағидаттарының қатарында еңбексүйгіштік, прогресс және білім құндылықтарын бекіту көрсетілген.
Ал осы баптың 2-тармағында: «Қазақстан Республикасы адам капиталын, білімді, ғылымды, инновацияны дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таниды», – деп белгіленген.
Тарқата танимын деген азамат үшін бұл норманың мәні мен маңызы тым терең. Бұдан былай білімге жұмсалатын қаржыны немесе мектеп, колледж, университет инфрақұрылымын дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды тек әлеуметтік шығын ретінде қарастыру жеткіліксіз. Білім – адами капиталға салынатын стратегиялық инвестиция.
Демек, мемлекет экономика мен технологияны дамытуды көздесе, оның түп негізінде білімді адам, кәсіби маман, зерттеуші, инженер, мұғалім және жаңашыл ұрпақ тұруы тиіс.
Жалпы, Ата Заңымыздың білімге тікелей арналған негізгі нормасы – 33-бап. Оның 1-тармағында Қазақстан азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуына кепілдік беріліп, бастауыш және негізгі орта білімнің міндетті екені бекітілген.
Ал 2-тармақ азаматтың заңға сәйкес жоғары оқу орындарында жоғары білім алу құқығын айқындаса, 3-тармақта жекеменшік оқу орындарындағы ақылы білім заңда белгіленген негіздер мен тәртіп бойынша жүзеге асырылатыны атап көрсетілген.
Енді негізгі Заңдағы 4-тармаққа назар аударайық: мұнда білім сапасына тікелей қатысты тұжырымдар айқындалған. «Мемлекет жалпыға міндетті білім беру стандарттарын белгілейді. Барлық оқу орнының қызметі осы стандарттарға сәйкес келуге тиіс» делінген Конституцияда.
Бұл жерде «барлық оқу орны» деген қағидаға көңіл аудару маңызды. Яғни білім сапасына қойылатын мемлекеттік талап меншік нысанына тәуелді болмайды. Ресми түсіндірмеде бұл норманың мемлекеттік және жекеменшік білім беру ұйымдарындағы балалар үшін, олардың тұрғылықты жері мен отбасының әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталғаны атап көрсетілген.
33-баптың 5-тармағында рухани, яғни діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесінің зайырлы сипаты бекітілген.
Осы жерде жаңа Конституцияның маңызды ерекшелігі байқалады: әңгіме тек білім беру туралы емес, керісінше, егіз арна – білім мен тәрбие беру жүйесі туралы болып отыр.
Мектептің міндеті баланы тестке дайындаумен немесе белгілі бір пән бойынша жоғары көрсеткішке жеткізумен аяқталмайды.
Қоғамға білімді ғана емес, жауапкершілігі бар, заңды құрметтейтін, еңбекке бейім, елінің тарихы мен мәдениетін білетін, өзгенің құқығына құрметпен қарайтын азамат қажет.
Жаңа курстардың маңызы
Конституцияның 3-бабындағы жауапты әрі жасампаз отаншылдық, еңбексүйгіштік, прогресс пен білім құндылықтары, тарихи-мәдени мұраны сақтау және төл мәдениетті қолдау қағидаттарын 33-баптағы білім мен тәрбиенің зайырлы сипаты туралы нормамен бірге қарастырғанда осындай тұжырым жасауға болады. Демек, бүгінгі күні мектептің қоғамдық миссиясы кеңейіп келеді.
Осы бағыт жаңа оқу жылындағы өзгерістерден де көрінеді. Қазір мектептерде 5–7-сыныптарға «Конституция негіздері», 8–11-сыныптарға «Заң мен тәртіп» курстары енгізіліп отыр. «Құқық негіздері» пәнінің мазмұны да қайта жаңартылып жатыр.
Бұл бастамалардың түпкі мақсаты – баланың құқықтық сауатын тек теориялық біліммен емес, күнделікті азаматтық жауапкершілікпен ұштастыру.

Ұтымды ұлттық жоба
Білім беру жүйесіндегі өзгерістің көрнекті мысалының бірі – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы.
Жоба туралы Мемлекет басшысы алғаш рет 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеген-тұғын. Мұндағы негізгі мақсат – оқушы орны тапшылығын азайту, үш ауысымды және апатты мектептер мәселесін шешу, қала мен ауыл арасындағы білім беру мүмкіндіктерінің алшақтығын қысқарту.
Содан беріде қандай нәтижеге қол жетті? Нақты деректерге зер салсаңыз, жобадағы нәтиже ауқымды.
Мысалы, 2023–2025 жылдары елімізде 460 мыңнан астам оқушы орнына арналған 217 жаңа форматтағы мектеп салынды. Оның 105-і 2024 жылы, 112-сі 2025 жылы пайдалануға берілді.
Бірақ бұл жобаны тек «217 жаңа ғимарат салынды» деген статистикамен бағалау жеткіліксіз болар еді. Мәселе мынада: жаңа мектептердің аумақ-ауданы бұрыннан қолданыста болып келе жатқан дәстүрлі типтік мектептермен салыстырғанда 15–20 пайызға кең, техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары. Жаңа білім ордаларында STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері, шығармашылық кеңістіктер, заманауи кітапханалар мен спорт залдары жіті қарастырылған.
Осылайша, заманауи мектептер кеңістігінің философиясы өзгере бастады.
Сайып келгенде, Конституция барлық азаматтың білім алу құқығын бекітіп, білім беру стандарттарын мемлекет деңгейінде қамтамасыз етеді. Ал осы жалпы конституциялық қағидаларды нақты жүзеге асыру білім беру саласындағы заңдар мен жоғарыда сөз етілгендей мемлекеттік жобалар арқылы жүргізіледі. «Келешек мектептері» – соның жарқын үлгісі.
Жалпы, осы жоба бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арнайы кабинеттер мен санитарлық бөлмелер де қарастырылып, мектептер лифтілермен, пандустармен және навигациялық көрсеткіштермен жабдықталған. Психолог, логопед және дефектолог кабинеттері жұмыс істейді.
Инклюзиялық білім беру мәселесі – журналист әрі қоғам мүшесі ретінде мені де толғандыратын тұрақты тақырып. Осы бағытта бірқатар жарияланым беріп, мәселенің маңызына назар аудартып келеміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы президенттік мерзіміне кіріскендегі Жарлықтарының бірі осы инклюзиялық білім беру мәселесіне арналған болатын. Сондықтан да бұл бағыттың мемлекеттік деңгейдегі маңызы аса зор.
Сондықтан да мемлекет «бала мектепке бейімделуі керек» деген бұрынғы түсініктен аулақтап, «мектеп әр баланың қажеттілігіне бейімделуге тиіс» деген модельге ерекше назар аударып отырғаны байқалады.
Бүгінгі бала – бақытты!
Жоғарыда сөз болған ұлттық жобаның жемісін біздің өңір – Павлодар облысы көруде. Бүгінде облыс орталығында «Келешек мектептері» бойынша жаңа форматтағы екі мектеп жұмыс істейді. Алғашқысы 2025 жылғы қыркүйекте 1200 орынға есептеліп пайдалануға берілсе, екіншісі 2026 жылдың басында іске қосылды.
Павлодар қаласының Достық шағын ауданында пайдалануға берілген №48 мектеп 1200 орынға арналған. Онда 48 сынып қарастырылып, білім беру кеңістігі цифрландыру, шығармашылық, инклюзия және көпфункционалдылық қағидаттарын біріктірген модель ретінде жасалған. Мектепке арнайы барып, таныстық, көрдік. Ең алғашқы көкейге келген сөз: «Бүгінгі балалар неткен бақытты еді!».
Мектепте интерактивті жабдықтар, цифрлық панельдер, шығармашылық студиялар бар. Инклюзивті орта қалыптастыру мақсатында лифтілер, пандустар, тактильді бағыттаушы жолақтар, жарық маяктары және арнайы сахналық құрылғылар орнатылған.
Ал №47 жалпы орта білім беру мектебі 2026 жылғы 19 қаңтарда іске кірісті. 600 орынға есептелген. Мұнда да робототехника кабинеті, STEM-зертхана, шығармашылық және спорт залдары, кітапхана, медициналық кабинеттер жабдықталған.
Аз ғана уақытта осы екі мектеп те білім мен тәрбие берудегі алғашқы нәтижелерін көрсетуде. Меңгеремін, үйренемін, танимын, түсінемін деп ынталанған үздік шәкірттері жүздеп саналады. Мұның өзі жаңа мектеп моделінің Павлодарда тек құрылыс жобасы күйінде қалмай, нақты білім беру ортасына айналып үлгергенін көрсетеді.

Білім және цифрлық кеңістік
Бүгінгі білім берудегі үлкен өзгерістер жасанды интеллектпен тікелей байланысты. Осы оқу жылынан бастап бастауыш сыныптардағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», ал 5–11-сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» деп жаңартылды. Оқу бағдарламаларына ЖИ-ге қатысты жаңа бөлімдер мен 43 оқу мақсаты енгізілді.
Мұндағы маңызды қағида ЖИ мұғалімді алмастыру үшін емес, мұғалімнің мүмкіндігін арттыру үшін енгізіліп отырғанын түсінуіміз керек. Жаңа технология оқушының біліміндегі олқылықты анықтауға, жеке тапсырмалар ұсынуға, оқу нәтижесін талдауға және оқытуды баланың ерекшелігіне бейімдеуге мүмкіндік береді.
Бұл өзгерістің Павлодар үшін де тікелей маңызы бар. Президенттің орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі тапсырмасы аясында Павлодар және Қызылорда облыстары пилоттық өңір ретінде белгілен болатын. Соған орай Павлодар облысында бес шағын жинақты мектепте ЖИ элементтерін енгізу жобасы іске қосылуда.
Демек, жаңа білім моделі тек үлкен қалалардағы заманауи мектептермен шектелмеуі тиіс. Цифрлық технология шалғай ауылдағы балаға да сапалы білім ресурстарына қол жеткізудің құралына айналуы қажет. Қазір осы бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Жаңа модельдің алты сипаты
Бүгінгі өзгерістерді жинақтай қарасақ, еліміздегі мектеп моделінің бірнеше жаңа сипатыын айқындап шығаруға болады деп ойлаймын. Олар қандай?
Бірінші – қолжетімді мектеп. Баланың тұрғылықты жері немесе әлеуметтік жағдайы сапалы білім алу мүмкіндігін шектемеуге тиіс.
Екінші – инклюзивті мектеп. Білім беру ортасы әр баланың ерекшелігін ескеруі керек.
Үшінші – цифрлық мектеп. Жасанды интеллект пен жаңа технологиялар білім сапасын арттыру құралына айналады.
Төртінші – зерттеуші мектеп. STEM, робототехника, зертхана және жобалық жұмыс баланы дайын ақпаратты жаттаушы емес, мәселе шешетін тұлға ретінде қалыптастыруға бағытталады.
Бесінші – тәрбие беретін мектеп. Білім мен тәрбие бір-бірінен ажырамайды.
Алтыншы – қауіпсіз мектеп. Физикалық қауіпсіздікпен бірге цифрлық қауіпсіздік, дербес деректерді қорғау және технологияны жауапкершілікпен пайдалану мәдениеті де алдыңғы қатарға шығады.
Конституциядан – мектеп партасына дейін…
Жаңа Конституциядағы білімге қатысты нормалардың құндылығы олардың қағаз жүзінде жазылғанында ғана емес, күнделікті өмірде қалай іске асатынында болса керек.
3-баптағы білімді, ғылымды, инновацияны және адам капиталын дамыту туралы стратегиялық бағдар мен 33-баптағы білім алу кепілдігі, бірыңғай білім стандарттары және білім мен тәрбиенің зайырлы сипаты бір-бірімен сабақтас.
Ал «Келешек мектептері», ауыл мектептерін цифрландыру, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу, инклюзивті ортаны қалыптастыру – осы үлкен саясаттың практикалық көріністері.
Ендігі негізгі мәселе жаңа ғимараттардың санында ғана емес. Жаңа мектептің ішіндегі білім де жаңа болуы керек. Өйткені төрт қабатты әдемі ғимараттың өзі сапалы білімге кепілдік бермейді. Соңғы нәтижені мұғалімнің кәсібилігі, білім мазмұны, мектепті басқару мәдениеті, баланың ізденуіне жасалған мүмкіндік және отбасы мен мектеп арасындағы байланыс анықтайды. Сондықтан алдағы кезеңдегі басты міндет – «Келешек мектебін» тек сәулеттік жоба ретінде емес, жаңа педагогикалық модель ретінде орнықтыру.
Конституция білімді мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде белгілесе, мектеп – сол стратегиялық бағыттың күн сайын жүзеге асатын негізгі алаңы.
Ал оның түпкі нәтижесі жаңа мектептердің санымен емес, сол мектептерден шыққан білімді, ойлай алатын, технологияны меңгерген, заңды құрметтейтін, ел алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтың сапасымен өлшенеді.
Асыл ӘБІШЕВ.
