Бақдәулет ТӨЛЕУХАН – 2005 жылы 19 қыркүйекте Ертіс ауданы, Панфилов ауылында дүниеге келген. Бірнеше облыстық жыр мүшәйрасының жүлдегері. Бүгінгі күні Ертіс ауданында орта мектептің жас маманы болып еңбек етіп жүр. «Құс-қанат ғұмыр» әдеби-поэтикалық ұйымының мүшесі.

 

 

Бүгінгі Ертіс-Баян әдеби кеңістігінде келісі өлеңдерімен көрініп жүрген жас талант Бақдәулет Тілеуханның бұл жыр топтамасы – мөп-мөлдір лиризмге, жүрек түкпірінен шыққан шынайы сезімге және бозбала шақтың ақ парақтай таза арманына толы дүние. Автордың өлеңдерін оқып отырып, Ертістің жағасындағы салқын самал мен жас жүректің дүрсілін анық сезінесіз. Шығармалардағы «Еркем», «Елігім», «Періште қыз» секілді бейнелер лирикалық кейіпкердің дүниетанымын, сұлулыққа деген шексіз бас иісін айқын аңғартады. Бұл жырлардан қазақ поэзиясының классикалық дәстүріне деген ұмтылыс пен жасөспірімдік романтизмнің аңқылдаған ақ көңілі мен пәк мұңы менен көрініс табады.

Ақынның өрнектеріндегі «Сені сүймеу — өлеңді сүймеу болса, Кешір онда, мен сені сүймес едім…» немесе «Сен айналдың қажетті – оттегіме» деген жолдардан жас жүректің махаббатты әлемнің орталығы етіп қойған ымыраға көнбейтін асқақ талабы мен өмірдің өңі мен өзегі айқын аңғарылады. Талапкер шығармаларының кей тұсында үстірт ұйқастар мен кейбір экспрессивті тіркестердің қайталанып жататыны рас. Бұл – жас ақынның қалыптасу жолындағы табиғи ізденістері, сезімін қағазға төгудегі албырт аптығы мен жастық жалынының басым түсуінен болар.

Тұтастай алғанда, бұл топтама – Бақдәулеттің ақын ретіндегі алғашқы байыпты қадамдарының бірі, келешегінен үлкен үміт күттіретін сыршыл қолтаңбасы. Өлеңдердегі үзіліссіз аққан жыр ағыны, домбыра үнімен астасқан сазды иірімдер мен мұң мен қуаныш қатар жүретін романтикалық әлем автордың шын мәніндегі поэзия адам екенін дәлелдейді. Алдағы уақытта өмір тәжірибесімен толысып, сөз саптау тәсілдерін ұштай түссе, қазақ поэзиясына өзіндік үні бар талантты қаламгердің қосылатынына сенім мол.

«ЕРІНІҢДЕ ТҰР ӨЛЕҢІМ ЖАЗБАҒАН…»

 ***

Бар сырымды өлеңім түсіндірсін,

Сыртың сезіп, елігім, ішің білсін.

Жәудіреген жанардың соры құрып,

Тек қана бақытты сәт үшін күлсін.

 

Асылды кеп мұң-моншақ кірпігіме,

Кірпігіңе жас қонып, іркіді ме?

Ішімдегі ақ сезім тілге келмей,

Жүрегімнен ауысты жыр тіліне…

 

Түк жасырмай, аяулым, жаздым бәрін,

Еркем, сені қалайша жазғырамын?

Бірге жаным, бақытқа бағыт алып,

Шырқау арман — өзіңмен тағдыр әнін.

 

Сен дегенде жүрегім елжіреген,

Сол жүрекке жазылған — сен бір өлең.

Өрілмесе өлеңге ғазал сезім,

Сенсіз жүрек сезімсіз семді дер ем.

(Өзектегі жалыным сөнді дер ем…)

 

Сағыныштан сарғайып күй кешемін,

Жаным егіз мұңыммен үйлесемін.

Сені сүймеу – өлеңді сүймеу болса,

Кешір онда, мен сені сүймес едім…

 

Елігім…

 

 

***

Елең еткен елігім, Еркем менің

Сұлулығың кіршіксіз, көркем сенің.

Күлімкөзім, дидарың нұр таратқан

Аспандаға шуақты күннен керім.

 

Жәудіреген, тұп-тұнық жанарың -ай

Кірпік қақпай байланып қарадым -ай.

Жаратарда Құдайым нұрға сені

Шомылдырып алған-ау қарағым-ай.

 

Өртендім мен, алаулап от деміңе

Сен айналдың қажетті – оттегіме.

Біле білсең Еркем- ау сенсіз мына

Жүрегімің дүрсілі, жоқ демі де…

 

Еркем менің,

Елең етер елігім

Сені жаным, арманыма телідім.

Бақыт толы құшағыңа қысқанда,

Балқыдым да,

Елжіредім,

Ерідім.

(Жалын шарпып, мөр басады ерінің…)

 

Періште қыз,

 

Періште қыз,

Жыласаң кім жұбатқан?

Пейішіңнен жарығым, кім құлатқан?

Әлде мына мен үшін, жерге түсіп

Келіп пе едің, Періштем сен жұмақтан?

 

Қондың қалай, періштем жұмақ-көктен?

Жанарың-ай нұр сеуіп, шуақ төккен.

Болмаушы ед, о тәңір өң бе, түс пе

Ақ Періште жерді кеп, тұрақ еткен.

 

Ерініңе жұқтырып таң далабын,

Ажарыңа арбалып, таңданамын.

Періште боп жаралып, о жасаған

Жер кезіп жүргеніңе, таң қаламын!

 

Бар сұлулық, тараған тал бойыңа

Сен бе едің, жазылған маңдайыма?

Зәм- зәм судай тіліңнен бал тамызып,

Таттырсаңшы, Періштем таңдайыма…

 

Мен де ұшайын, кел, қалқам, қанат байла!

Алып жөнел өзіңмен қанат жай да!

Құдайым, неге мені пенде қылған

Мені де, періште ғып жаратпай ма?

 

Құшағыма ұшып кеп, құлап кетші

Тозған мынау ғұмырды, жұмақ етші.

Пейішті емес, жерді емес періштем-ау

Жүрегімді мәңгілік тұрақ етші!….

 

***

Ақ айдай жүзім де тұр сынып,

Кеудемнен ағытыл сыр, ақ та.

Өзіңсіз жүрегім күрсініп,

Жұбанбас қайтейін, бірақ та…

 

Жанымды мұздығың өртеді,

Қол үзіп, солайша  өткен күз.

Жалған- ау, ол сондай ерке еді

Тәтті мұң шыңына жеткен-біз.

 

Сезімге тұсалдым, байлаусыз,

Арман боп қарақат жанарың.

Күн өтпей өзіңді ойлаусыз,

Ойларға көміліп барамын…

 

Дір етіп жүрегің соқты ма,

Сезіліп жүрекке, сезгенім…

Кеудеңе үрлейтін шоқты да,

Сағыныш желіндей кезбемін…

 

Бітті ме, қос жүрек амалы?

Жүреміз несіне жатырқап?

Жанардан жәудір мұң тамады,

Сүртші кеп, қалқашым, қазір тап…

 

***

Жатырқанба,

Хатың болса жаз маған,

Ерініңде тұр өлеңім жазбаған.

Сенсіз өткен

Күндеріме, кел қара,

Түн тізбегі дем үзіле жаздаған.

Сен – шоқ болсаң, қызуынан жаңылмас

Мен – от болам, жалын шарпып маздаған.

Сені қанша өбіп, сүйсем о мейлі

Бәрібір де бәрі, шіркін, аз маған…

Махаббаттың

Сан соқпағын, өткермей,

Бақытына қол жеткізген аз ба адам?

Құр сүлдер мен мына тәнді, қоя бер

Бар дейсің бе, шыбын жаным азбаған…

(Бұның бәрін, несін айтып отырмын,

Кімге,

Неге,

О, құдая назданам)….

 

 

К-ге

Әуеніңнен құдірет сезінгенім

Тасқындатты ұдайы сезім легін.

Тербегенің бал үнмен әуелетіп,

Ең ғажайып сол бір сәт, кезім менің.

 

Домбыраңнан мың ырғақ төгілгені,

Содан, бәлкім, қаяудың сөгілгені.

Жүрегімді қытықтар тәтті үніңде

Жатыр екен жанымның бүкіл емі.

 

 

Сен әуен, мен өлеңге құмар едім,

Сендік үнсіз өзекке тұнар шерім.

Не құдірет бар сенің дауысыңда,

Жоқ қылатын мендегі, мұнар легін?

 

Ағытылып нәзік үн таңдайыңнан

Тұрды керім күн сүйіп, маңдайыңнан.

Мөлдір үнің тамылжып алып бойды,

Ұмыт қылды әлемнен,қам-жайымнан.

 

Домбыраңның басқанда пернелерін,

Алдың, Еркем, кеудемді кернеп менің.

Әуезді де, тамылжыр, керім үнмен

Жанды емдеп, шерімді жерлеп едің.

 

Саған дейін көңілім, түнек-тұғын

Мені сүйреп, сүйрелеп жүр ед мұңым.

Домбыраңды қолыңан алып қане,

Шертші келіп, Еркем-ау жүрек қылын…

 

 

Үкілі Ару

 

Тақияңа үкі емес, бұлт қонғандай

Сұлулықты егіз ғып, ұққан жандай.

Қылығыңа Еркем-ау пенде тұрмақ

Жымың жұлдыз, керім күн, сұқтанған ай!

 

Ілінгендей, қара түн бұрымыңа

Көздеріңе қараймын, сыр ұғына.

Сендегі сұлулықты көрмей өту –

Жер басып жүргендерге ұлы күнә!

 

Тылсым жанар, ажарлы, қара қастым

Сыңғыр қаққан күлкіңе тала- маспын.

Ғайыптан кеп,  мезетте үкілі ару

Жүрегіме нұр болып  араластың.

 

Бүрме көйлек, жарасып тал бойыңа

Күн өбеді, нұр төгіп маңдайыңа.

Тәңір өзі қондырып қойғандайын

Бұлбұл құсты әкеліп, таңдайыңа.

 

Қарашығың, айналып қара түнге,

Мен не дейін, жарығым нала күнге.

Тіл қатқанда, тұрамын әрең шыдап

Бойым балқып кетердей дара үнге.

 

Себеп пе едің, нұрланып шаттанатын?

Күймесін деп тілеймін, ақ қанатың.

Сендік көрік ессіз ғып, тірі жанды

Дерт емес пе, емі жоқ сақтанатын.

 

Іздегенім, жерден- ақ табылғандай

Мұң мен шердің қақпасы жабылғандай.

Сені көріп, о тәңір Үкілі Ару

Дүрсілінен жүрегім жаңылғандай.

 

 

***

 

Тағдыр жолында бұралаң,

Бақыттан қалай құр қалам?

Жалғыздығыма мен сыймай

Тәңірден сені сұрағам!…

Аяулы жырмен, періштем

Бейнеңді сенің құрағам.

Өмірде бәрін, тәрік етіп

Сені сүюді құп алам.

Ғаламкөзіңнен мөлт етіп

Жұлдыз болайын, құлаған!…

(Алдымда менің… жүр аман…)

Періште жасап дұғасын

Пейіште жаным жылаған.

Ешбір сөзсіз-ақ мен сені

Мөлдір көзіңнен ұға алам!

Сүмбіл сәуле мен Құдайым

Аппақ нұрынан  құраған!

Жыраққа кетпе өтінем,

Жанымда қалшы, сұранам!

Сенсіз бұл ғалам сұр бейне

Сенімен ғана нұрланам!

 

 

***

Жүрегің өліп, мүлгіген,

Айналып жүр ме бақыттан басың?

Мұң табы боп қалдым күлкіден

Құрғамай құрғыр ағылып жасым…

 

Сезімді қиып оңай өлімге,

Ғұмырды қайтіп өткерем?

Қалай сияйын мына өмірге,

Сенсіз өмірді жек көрем!

 

Жұтылған мұңнан жүрмін ой алып

Мың қазып жүрек қабірін.

Мүжілген жаным жатыр боялып,

Кетсе де сен деп қадірім!…

 

Сүйгеннен қиын түңілу неткен,

Талай ғашықтар от басқан.

Шың сезімдердің түбіне жеткен

Қадірсіз болып қоштасқан!

 

Добавить комментарий