Саналы ғұмырын туған жерінің өркендеуіне арнап, Майқайың өңірінің қоғамдық өміріне аянбай атсалысып келе жатқан қадірлі ақсақал — Әбенов Мұхтар Зәпішұлы бүгін маңызды саяси науқанда өз таңдауын жасады. 1932 жылы Баянауыл өңіріндегі Екібастұз кеншарында дүниеге келген ардагер еңбек жолын 1956 жылы Майқайың алтын өндіру комбинатында бастап, ғұмырының ширек ғасырға жуық уақытын өндіріс саласына арнады. 1973–1996 жылдары аталмыш кәсіпорынның кәсіподақ ұйымын басқарып, мыңдаған жұмысшының әлеуметтік жағдайын жақсартуға елеулі үлес қосты. Ерен еңбегі лайықты бағаланып, «Шахтер даңқы» төсбелгісінің толық иегері атанды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және өзге де маңызды марапаттармен наградталды. 2000 жылы Павлодар облысы ардагерлер кеңесінің «Құрмет кітабына» енгізіліп, Баянауыл ауданы мен Павлодар облысының «Құрметті азаматы» атағына ие болды.
Тіпті еңбек демалысына шыққаннан кейін де қарап отырмай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Майқайың кенттік ардагерлер кеңесін басқарып, аға буын өкілдерінің мүддесін қорғауға атсалысты. Жасы ұлғайғанына қарамастан, ел өміріне әрдайым бейжай қарамайтын Мұхтар Зәпішұлы бүгін сайлау учаскесіне келіп, өзінің азаматтық борышын абыроймен орындады.
— Елдің ертеңі — әрбір азаматтың саналы таңдауынан басталады, — деп ой бөлісті қадірлі қария.
