
Жағапаровтар отбасы – Қайыржан мен Айгүл – жаздың басында денсаулықтарын жақсартып, демалып қайту мақсатында Өзбекстан Республикасындағы «Таштермал» шипажайына баруды жоспарлаған болатын.
Осы жоспарға сәйкес, 18-25 тамыз аралығында олар Өзбекстан Республикасында болып, шипажайда ем қабылдауда.
Сапар барысында олар Қазақстан Республикасының Өзбекстан Республикасындағы Елшілігі жанындағы сайлау учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік бар екенін біліп, елден жырақта жүрсе де, өз азаматтық міндеттерін орындауды жөн көрді. Ұзақ ойланбастан сайлау учаскесіне барып, өз таңдауларын жасады.
Айгүл Амангелдіқызының айтуынша:
«Қай жерде жүрсек те, біз ең алдымен Қазақстан Республикасының азаматтарымыз. Елдің болашағына қатысты маңызды таңдаудан шет қалмау – әрқайсымыздың азаматтық жауапкершілігіміз. Бүгінгі таңдауымыз – өзіміз үшін ғана емес, балаларымыздың жарқын болашағы үшін жасалған таңдау».
Жағапаровтар отбасының бұл қадамы – елден тыс жерде жүрген азаматтардың да мемлекет өміріндегі маңызды қоғамдық-саяси үдеріске белсенді қатыса алатынының жарқын көрінісі.
Ел болашағы – әр азаматтың таңдауынан басталады!
