Өлеңді кәсіп емес, жүректің мұраты, жанның мұңы мен қуанышын жеткізетін рухани әлем деп түсінетін жандар аз емес. Солардың қатарында Нұргүл Жұмагелдіқызы Шегетаеваның да өзіндік үні, өзіндік өрнегі бар. Оның шығармалары өмірдің өзінен бастау алып, адамдық қасиет, туған жерге деген сағыныш, адалдық пен ар-ождан, қоғамдағы келеңсіз құбылыстар секілді мәңгілік тақырыптарды арқау етеді.
Нұргүл Шегетаева Павлодар облысының киелі Баянауыл өңірінде дүниеге келген. Қаныш Сәтбаев атындағы мектепте білім алып, кейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын тәмамдаған. Қазіргі таңда Абай облысы Бесқарағай ауданында ұстаздық қызмет атқарады. Сонымен бірге «Біздің Бесқарағай» газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде де қоғамдық-рухани өмірге белсене араласып келеді. Оның өлеңдері аудандық, облыстық, республикалық басылымдар мен әдеби порталдарда жарияланып жүр. Ақынның өзі: «Мен үшін Өлең мен Өмір – егіз ұғым» деуі де оның шығармашылық болмысын дәл айқындайды.
Нұргүл поэзиясының басты ерекшелігі – шынайылық. Ол оқырманын жасанды бейнелермен немесе күрделі сөз өрнегімен таңғалдыруға емес, жүрекке жететін қарапайым да әсерлі ой айтуға ұмтылады. Сондықтан оның өлеңдерін оқығанда өмірдің өзімен сырласып отырғандай әсер аласың.
«Көңілдің кейбір кездері» атты өлеңінде ақын бүгінгі қоғамдағы екіжүзділік, жағымпаздық, мансапқорлық, ар мен намыстың құнсыздануы сияқты мәселелерді өткір көтереді. Бұл шығарма жеке адамның көңіл күйінен басталғанымен, бірте-бірте қоғамдық ойға ұласады. Ақын өзін емес, қоғамның жан жарасын сөйлетеді. Өлеңдегі әрбір шумақ адамды ойлануға, өз-өзіне есеп беруге жетелейді.
Бұл өлеңнің құндылығы – құр сын айтуда емес. Ақын адам бойындағы кемшіліктерді көрсете отырып, соңында ізгілікке шақырады. «Ақ-қараны өлшемге салыңыз да!» деген үндеу – бүкіл шығарманың түйіні. Бұл – ақындық азаматтық ұстанымның көрінісі.
Ал «Баянауыл» өлеңі – туған жерге деген сағыныштың, перзенттік махаббаттың көркем көрінісі. Ақын үшін Баянауыл – жай ғана туған өлке емес, жан дүниесінің бір бөлшегі. Тауы мен тасы, көлі мен саф ауасы, туған Теңдік ауылы – бәрі де жүрегіндегі мәңгілік мекенге айналған. Өлеңде туған жердің табиғаты ғана емес, оның рухы, қасиеті, адамның жанын тазартатын құдіреті суреттеледі.
Бұл туындыда ақын туған жерді сырттай тамашаламайды, оны жүрегімен сезінеді. Сондықтан оқырман да өлеңді оқи отырып, Баянауылдың самалын сезгендей, табиғатына сүйсінгендей күй кешеді. Мұндай шығармалардың тәрбиелік мәні де зор. Өйткені туған жерді қадірлеу – ұлттық рухтың бастауы.
Келесі бір өлеңінде Нұргүл Шегетаева мансаптың буына мастанған, билікке жеткен соң өткенін ұмытатын адамдардың мінезін әжуалайды. Бұл жерде ақынның батылдығы байқалады. Ол қоғамдағы кемшілікті айналып өтпейді, өткір сөзбен жеткізеді. Бірақ оның мақсаты – біреуді қаралау емес, адамды тәкаппарлықтан сақтандыру.
Жалпы, Нұргүл Шегетаеваның өлеңдерінде үш үлкен арна айқын көрінеді. Біріншісі – адамгершілік пен ар мәселесі. Екіншісі – туған жерге деген перзенттік сүйіспеншілік. Үшіншісі – қоғамдағы әділетсіздікке бейжай қарамайтын азаматтық көзқарас. Осы үш арна оның шығармашылығын бір-бірімен сабақтастырып, тұтас бір дүниетаным қалыптастырады.
Бүгінгі қазақ әдебиетінде ауылдан алыста жүрсе де туған топырағын жүрегінен шығармайтын, ұстаздық қызметін шығармашылықпен ұштастырып жүрген қаламгерлердің орны ерекше. Нұргүл Шегетаева – сондай ақындардың бірі. Оның өлеңдері адамды жақсылыққа үндейді, туған жердің қадірін ұқтырады, ар мен ұяттың, адалдықтың бағасын сезіндіреді.
Өлең – жүректің тілі. Ал Нұргүл Шегетаеваның жүрегінен туған жырлар оқырманын да ойландырып, рухани тазалыққа, адамдық биікке жетелей бермек.
Асыл ӘБІШЕВ.

Нұргүл ШЕГЕТАЕВА
Көңілдің кейбір кездері
Мен бүгін күндегіден қапалымын,
Жанымды жабырқатып жатады мұң.
Мен досым, екі жүзді залым емен,
Жақынды жат біреуге сататұғын.
Бүгін мен жақын жанмен дүрдаразбын,
Бетперде таққандармен күнде аразбын.
Жағымпаз жанды көрсем, сырт айналып,
Көңілдің кірбіңін тек жырға жаздым.
Ақ қағаз, көк сиямен серік маған,
Көңілге сол қағаздан көрік табам.
Жүзі екеу, қу құлқынның құлдарынан
Күннен күнге жиреніп, жеріп барам.
Қу дүние-қолдың кірі, аққан судай,
Бұл фәни өтер, кетер бір күн тұрмай.
Жалғанды жалпағынан басқысы кеп,
Біреулер жүр жақсыға мойнын бұрмай.
Біреулер нәпсі қуып өтем дейді,
Түбіне дүниенің жетем дейді.
Ар-намыстан безініп, атақ қуып,
«Мансап, байлық мәңгілік екен» дейді.
Біреудің сыпсың сөзге жаны құмар,
Демейді-ау өсекшінің сағы сынар.
Күлкі етіп, құлап жатып сүрінгенді,
Жел сөзді гулетпектің қамын қылар.
Ал біреу әділ өмір сүрсем дейді,
Ала жіпті аттамай жүрсем дейді.
«Жылтырақтың барлығы алтын емес»,
Қадірін қолда бардың білсем дейді.
Шүкірлік етейікші барымызға,
Түспесін дақ намыс пен арымызға.
Адаспай ақ жолменен жүрші, адамзат,
Ақ-қараны өлшемге салыңыз да!
Баянауыл
Жаһанда жер жоқ шіркін, Баяндайын!
Қарап бір тау-тасыңа, аялдайын.
Көркіңе көзі тоймас көрген жанның,
Құшағын бір көргеннен жаярдайын.
Тау-тасың, орман-көлің, бақ пен бауың,
Жасаған шебер Алла жоқтың бәрін.
Жұпары бар кеңейтер сарайыңды,
Жұтсаң рақат табатын шіркін, жаның!
Баяным-баянды өлке, баян-бағым,
Тамсанып келбетіңе ән арнадым.
Нәр алған топырағыңнан талай жақсы,
Сенің тау-тасыңа сай әр арманым.
Баяным-келбеттісің, тамсанамын,
Алыста болып жүрсің, аңсағаным.
Сабын көлге бетімді жусам, шіркін,
Теңдігімнің жұтсам ғой таң самалын!
Теңдігім – туып-өскен тұмар-өлкем,
Жырақта жаным саған құмар, өлкем.
Саф ауаң жанға жайлы, жұтсаң – жұпар,
Мәңгілік жүрегімде тұрар өлкем!
***
Танауыңды шүйіріп, шіренесің сен неге?
Шолақ бастық болам деп, «нан піскен-ау» кеудеңе.
Тағдыр билік берген соң жұмыр басты пендеге,
Өткен күнін ұмытып, қалады екен өзгере.
Аяқ асты тап болып жылы орынға, жарығым,
Алғансың-ау сен осы, «көкелерден» тағылым.
Сендейлерді көтерер жер болса да, жел өкпем,
Кеуде керіп көсемсіп, даңғойланба, «дарыным»
Жүруші едің кісімсіп, жан-жағыңа күлімдеп,
Қазір адам шошиды түнерген тұл түріңнен.
Жаман аттың кебі ғой жанға торсық байлатпас,
Пенделікті қайтерсің «би болам» деп бүлінген.
