Күнделікті әдетпен телефонымдағы саиттарға шолу жасап отырсам; «Едіге бидің билік тасы», «Қазыбек бидің сөре тасы», петроглифтер, төрт абыз, Мәшһүр Жүсіптің  анасы Ұлбаланың зираты, медресе мен мешіт орны, Жаяу Мұса кесенесі, Бұхар жырау кесенесіне ұйымдастырылған сапар бар, барам деушілер маған хабарлассын»,– деген «Ардагер-ветеран» газетінің редакторы Ләззат Теміртасқызының хабарламасын көзім шалды. Әулие, абыздар әлемін жақсы көріп оқитындықтан бірден хабарласып, сапарға баруға бел будым. Белгіленген күні  таңғы жетіде, жиналар орынға жетсем, Әмірханов Совет ағам да сонда тұр. Сексеннің сеңгірінен  асқан, тарих десе ішкен асын жерге қоятын ақсақал, маусымның аптап ыстығына қарамай,  «көппен көрген ұлы той», – деп баруға келген екен. Жиналған адамдарға жол көрсетуші және жетекші ретінде әдейі шақыртумен, Баянауыл өңірінің тарихын, шежіресін және ұлы тұлғаларының еңбектерін зерттеп, халыққа жеткізуге зор үлес қосып жүрген , туған өлкесі туралы  жазған төрт кітаптың авторы, Баянауыл ауданының құрметті азаматы, өңірге белгілі өлкетанушы  Мұхамед-Қайыр Шарипов қосылды. «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Апсаттарова Айжан, сол қоғамның кеңесшісі, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Жүнісбекова Ләззат, жеке зейнеткерлер – барлығы 18 адам жиналдық. Көлік тауып, осы сапарды ұйымдастырып жүрген Халық емшісі, қолы дуа Ержан ініміз. Сапарымыз оң болсын, Қыдыр ата қолдасын! – деп жолға шықтық.

Баянауыл кентіне жеткенше жолдың әлі жөнделіп, асфальт төселмегеніне көңіліміз толмаса да, әңгімелесіп отырып тез жеттік. Сабындыкөл жиегіндегі  жанармай құю орнынан, шағын автобусымызға газ бен бензин құйып алып, «Жаңатілек» ауылдық округіне қарасты «Мұрынтал» ауылына бет алдық.

Әлқиса,  сапар жоспарымыз абыздармен танысу болғандықтан, «Абыз» сөзінің мағынасымен таныссақ.  Абыз деген сөз арабша «хапыз» деп шығады, яғни ізгі, әулие деген сөз, парсы тілінде – «сақтаушы, еске жаттау қабілеті жоғары жан, өлең мен Құранды жатқа айтушы» – деген мағынада. Абыз – діни жоралғыларды басқарып, болжам жасап, жорамал айтатын беделді тұлға. Негізгі міндеттері – хан, қолбасшы төңірегінде болып, сәуегейлік, болжаушылық жасау.  Қазақ қоғамында абыздар атқаратын міндеттерді – бақсы, жырау, жауырыншы, жадышы да атқара білген.  Олар ескі заманның хаттарын, жазылған сөздерін тани білген. Тасқа, ағашқа, теріге жазылған жазбаларды оқи білген. Негізі, қожаның оқытатын оқуы, абыздардың бар үйренген сабағы бес Құран, намаз сабағы. Абыз атанғанының мәнісі бес Құранды жатқа біліп, бес намазды артынан әдеп қылып оқығандығы.

Абыздардың жерленген жерлеріне келіп, олардың өмір жолымен танысу, дұға оқып, зиярат ету мақсатымен, алғашқы ат басын тіреген жеріміз: Ботан абыз  қорымы.  Кезінде қалам-қағаз алып жазып отырмағандықтан, мездеген жерлеріміздің реті ауысуы мүмкін, сондықтан кешірім өтінем.

Ботан абыз құлпытасында:  Ботан абыз – руы Айдабол, 1730-1827 ж. «Көріп келділігі, болжауы, дұғасы күшті, заманында туа дарыған адамдардың бірі екен» – М.Жүсіп 1915 жыл. IV-VII-ұрпақтарынан Шаммұхаммед  2006ж.» – деп жазылған.    Ботан абыз – қазақтың шежіресі мен М.Жүсіптің жазбаларында есімі ерекше құрметпен аталатын, бойына Алланың қасиеті дарыған, ел бірлігі мен көші-қон мәселерінде шешім шығарып, бата берген тарихи тұлға. Бұл өлкеде Ботан, Құдайберген (Мәстек абыз), Құрманбай, Қараман абыздар өмір сүрген, еліне беделді абыздар болып танылған киелі тұлғалар.  Абыз зиратының жанында Ботан бұлағы әлі күнге дейін, зиярат етіп келген жандардың шөлін қандыруда, бұлақ суынан ішіп, құтыларымызды толтырып алып, әрі жүрдік.

Қожан қажы – 1839-1912ж., Руы Айдабол, Жанқозы.  Ботан ауылынан 1908 жылы қажылыққа барған.

Қараман абыз – Қара суды кері ағызған дұғамен, / Айтқан сөзі жанға шипа болған ем, // Айдаболдан шыққан асыл әулие, / Абыз баба аруағыңа бас ием!

19-ғасырда осы өңірде өмір сүріп, дүниеден өткен Қараман абызға ескерткіш ұрпақтарынан –Саят-Азат.

Құдайберген абыз Шүрекұлы – Арғын тайпасының, Айдабол (Қосқұлақ) руынан шыққан. Зираты аталған «Жаңатілек» ауылына жақын «Қараман» деп аталатын қоныста орналасқан.

Құдайберген абыз (Мәстек абыз) Ботанұлы – «Алла – деп ашып құпия дүние есігін, / Халық қойған – «Мәстек абыз» есімің, // Тасқа қашап жазып кеткен «Көріпкел», / Шын есімі Құдайберген несібің.// Әулие Ата ескерткіші ұлы өмір көшінің, / Ардақты атың табылғандай, /Шықсадағы кеш үнің, / Бір күмбезі тұра берші, / Баянауыл төсінің! / Әруағың көтеріліп, / Қолдай берсін ұрпағың, / Аянменен басыңа, / Келді міне бек ұлың! Тасты орнатқан: Ермек Әлім тегі.

Халық арасында оны «Мәстек абыз» атап кетуінің екі түрлі болжауы бар. Бірінші – Құранды жатқа білетін ірі ғұлама әрі хасида ілімін игерген, бойына қасиет қонған киелі адам болуы. Зерттеуші М.Алпысбектің келтірген халық ауызындағы деректерінде: «Шын аты – Құдайберген шырылдап жерге түсісімен, «Аллаһ, Аллаһ» деп жылай беріпті. Ер жете келе бойы ұзын, құлағы үлкен болса керек, орыстың мәстегі (ат тұқымы) сияқты, содан әлгі Мәстек абыз атанып кетіпті”, – делінген.

Құрманбай абыз зиратына да келіп жеттік. Айта кету керек, айтулы абыздардың басында шағын қонақ үйлері бар. Соның бірі осы Құрманбай абыз қорымы. Шағын үйдің ішінде, келушілерге қажетті нәрсенің бәрі бар. Кілем төселген еденде үлкен дөңгелек стол, ыдыс-аяқ , бәрі-бәрі қамтылған. Келешекте жомарт жандар табылып, басына жарық, құдық, тұрақты шырақшы қарастырып жатқан жайлары бар екен. Жоғарғы аталған абыздар секілді, есімі аңызға айналған көріпкел, әулие, шешен, көне дәстүрді ұстанған абыз.

Қараман абыз «Қара суды кері ағызған» болса, Құрманбай абыз «Қара суды қақ жарған» қасиетімен белгілі екен. Құрманбай абыз мекені –«Тайжеген» қыстауы. Атақты 19 ғасыр ғұлама діни басшы Исабек ишан Хазрет Мұратқожаұлы 1792-1871 ж. (79 жасында дүние салған) жолдас болған. Соңғы зерттеулерде Исабек ишан 1883 жылы 30-шілдеде жетпіс тоғыз жасында дүние салса, онда туған жылы 1804 жыл болып шығады. Құрманбай абыздың есімі қазақтың ұлы ғалымы, академик Қаныш Сәтбаевтың өмірімен тығыз байланысты. Құрманбай абыз Сәтбаевтар әулетінде үлкен ғұлама келетінін алдын ала болжаған. Абыз өзі дүниеден өтерден бір жыл бұрын, 50 жасқа келген Имантай болыс пен 37 жастағы оның жұбайы Сәлимадан туған нәрестеге «Ғабдол-Ғайни» (Алланың мәңгілік құлы) деп өз батасын беріп, есім қойған. Бұл есім кейін халық арасында өзгеріп, Қаныш атанған. Құрманбай абыз, Исабек ишаннан көп жас болса да, әзілдері жарасқан, мықты жолдас болыпты. Бірін-бірі тәртіппен, әдептен озбай, қалжыңдасуды, сынауды ұнатқан екен. Бірде Құрманбай абыз намаз оқып отырғанда, есік жақтан: «Ырррр» деген дыбысты естиді. Намаз үстінде білінер-білінбес қимылмен қолын сілтегендей болады. Құрманбай абыз намазын бұзбай аяқтап, артына қараса, табалдырықта жолбарыс өліп жатыр, жолбарысты Исабек ишан жіберген екен. Абыз діни оқуын Шам (Сирия) қаласында оқып, білім бағыты, дұғамен  ақыл-естен ауытқыған адамдарды емдеген. Құлпытасынан мынаны оқыдым: «Байқонақұлы Құрманбай абыз 1812 ж. туып 1901 ж. қайтты. Орнатқан шөбересі Қабдрақим».

Қаз дауысты Қазыбек бабамыңдың жолында «Тотия» тауының басында өзбек қызы Тотия анамыздың зиратын көрдік, уақыт тапшылығы бар, шаршағандық бар тау басына шыға алмадық. Тотия ана – қазақ тарихында есімі аңызға айналған, ақыл-парасатымен және шешендік өнерімен елін апаттан, дау-жанжалдан аман сақтап қалған қасиетті ана. Тотия ананың зираты Далба тауының ең биік шоқысында орналасқан. Сол себепті, Далба тауының ең биік шыңдарының бірі халық арасында «Тотия» тауы деп аталады. Ұлы Бабыр анасы дүниеден өткенде бір күндік сүтін ақтаймын деп, мәйітті арқалап осы таудың басына көтеріп апарып жерлеген екен. Тотия анамыз 17-18 ғасырларда дүние сүрген. Шежіре деректері бойынша, Арғын – Айдабол руының ұрпақтары – Бабыр мен Құнияздың анасы. Ел ауызындағы әңгімелерде Тотия ананың «қарасынан жаудың қаймыққаны», бір ауыз сөзімен қан төгіссіз дауды тоқтатқаны айтылады.

            

Далба тауларының араларындағы сүрлем жолдар айшық-айшық тарап жатыр. Жол, жер танымайтын жолаушыға көздеген жеріне жету қиынның қиыны екені анық. Мұхамед-Қайыр ағамыз кешкі астың қамын жеп, өзі басқарып отырған Жаңатілек ауылының ардагерлер кеңесінің  орынбасары, жеке кәсіпкер Алдан Алтынбековтен көмек сұрауы сол екен, сөзге келместен құрмалдыққа семіз қой тауып берді. Қас қарайғанша алдымызда жүріп жол көрсетті. Ақкөңіл, адамгершіліге мол азаматқа Алла разы болсын дестік.

Едіге бидің билік тасына келіп жеттік. Едіге би Төлебайұлы 17 ғасырдың ортасы, 18 ғасырдың басында – Тәуке хан ордасындағы билер кеңесінің беделді мүшесі болған. Арғын – Сүйіндіктің Қаржас руынан. Едіге Шоң бидің туған әкесі, Баянауыл маңындағы төрт рудың басын қосқан Айдабол бидің шөбересі. Төртуыл – Сүйіндік елінің панасы мен данасы атанған адам. Әулиелік қасиеті болған. Мұрынтал қонысында орнатылған адам бойынан бір жарым есе биік тасты халық «Едіге бидің тасы» деп атап кеткен. Аңызға сүйенсек, Едіге би осы тасқа отырып, өзінің сот қызметін жүргізген, халықты жоңғар шапқыншылығына қарсы күресуге шақырған. Халық арасында Едіге би жайында «Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешеді» деп айтқан. Едіге би нағыз «тектілік» қасиет қонған ұрпақтар басы, өйткені Едігенің шешендігі, көріпкелділігі, әулиелігі т.б. қасиеттері ұрпақтарына дарыған. Мысалы, өз кіндігінен шыққан Шоң мен Торайғыр билер өздері бір-бір төбе. Одан кейінге Сұлтанмахмұт Торайғыров, Шәйбай Айманов, Шаймарден Торайғыров, Қамар Қасымов, Шәкен Айманов, Кәукен Кенжетаевтар баба қасиеттерімен толыққан атақты, текті жандар.

Қаз дауысты Қазыбектің сөре тасына жеттік. Мұрынтал маңында екен. Қазыбек би өмірінің соңғы жылдары Сеңкібар батырдың қыстағында 96 жасында дүние салған. Дүниеден өтер алдында Тайкелтір биге өсиет айтып, өзін Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апарып жерлеуді тапсырған. Қыста жол жоқ, апаруға жағдай болмағасын, қыс бойы сөре тастың үстінде сақтап, көктем шыға бидің мүрдесін ақ жауып арулап, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне апарып жерлеген. Құлпытасында: «17-18 ғғ. Қазақ хандығының аса ірі мемлекеттік қайраткері, Қаздауысты Қазыбек би осы жерде 1764 жылы қайтыс болды. Мүрдесі Қожа Ахмет Яссауи мавзолейінде жерленген. Ұрпақтарынан – 2000 жыл 24-шілде» деп жазылған. Зираты әдемі қоршалған, бас жағында «Қазыбектің төрт тасы» атанған тастың екеуі әлі сақталған. Айналасы бидің нақыл сөздері жазылған  тақтайшалар орнатылған.

Нияз қожа қорымы

Нияз қожа – қазақ даласында ислам дінін уағыздап, халыққа рухани білім таратқан Қаратау өңіріндегі әулие әрі діндар тұлға. Шын аты – Ерсаушы. Ел айтатын аңыз бойынша қожа дүниеден өтерінде «мен дүниеден көшкенде құбыладан өгізге жегілген шана келеді, денемді ақ жауып арулап, сол шанаға салыңдар, шананың соңынан еріп отырып, өгіз екі жерге тоқтап, үшінші жерге келіп тоқтаған жерден қабір қазыңдар. Сол жерден түйелі кісінің бойындай арғын таңбасы бар тас шығады. Сол тасты бас жағыма қойыңдар», – дейді. Айтқаны қалт кетпей сол арғын таңбасы бар (екі дөңгелек) биік тасты, арғын руының таңбасын көріп таң қалдық. Енді бір аңызды, сол биік тас құм-таспен жабылған күні ақырзаман болады, – деп айтқан сөзі бар екен. Таудың биіктігі 810-815 метр екен, етегі кең, шүйгін шөпті адыр. Соны ертеде Аралтөбе деп атаған екен. Бұдан кейін Аралтөбені Қожа тауы, Қожа қорығы деп атайтын болған. Сол біз барып, Нияз қожаның зиратына тағзым еткен қорымды Қожа қорымы деп айтады. Жаны, айналасы қалың молалар. Таудың күншығыс етегінде алыстан көрінетін, Қозы мен Баянның зираты сияқты күмбез тұр.

Бұл күмбез зират «Қыз зираты» (немесе «Қыз тамы) кесенесі деп аталады. Ел ауызындағы аңыз бойынша, бұл зират ерте заманда жылқының қылы, жал-құйрығы қосылып, бие сүтімен иленіп тұрғызылғандықтан, халық арасында «Қыз зираты» деген атпен сақталған. Қазіргі биіктігі 7-8 метрдей, жел-судан шөгіп, төмендегені көрініп тұр. Қабырғадағы 3-4 әйнекте ұсақ құстар ұя салған. Опырылып түскен зират қабырғасынан  әріректе көне бір метрдей қызғылт тас тұр, тегі алғашқы құлпытасы болар. Ұрпақтары қойған ақ мәрмәр таста: «Періште ару Анамызға. Руы Қожа. 1835-1852. Ескерткіш Ата жолы» – деген жазулар бар. Аңыз бойынша, ертеде көшіп бара жатқан бір байдың бойжетіп қалған сүйікты қызы, кенеттен сырқастанып қайтыс болады. Қыздың әкесі «бейітіне шаң тимесін, биік жерде тұрсын», – деген ниетпен оны таудың басына (Нияз қожа қорымы маңына) жерлеп, басына ерекше тәсілмен осы тамды тұрғызған. Халық арасында қорым мен күмбезге қатысты түрлі әңгімелер сақталған. Нияз есімді тұлғалар көп болғандықтан, (мысалы, Абылай ханның бас биі Нияз Тілеуұлының кесенесі Ақмола өңірінде орналасқан), Баянауылдағы бұл күмбез сол өңірді билеген немесе елге қадірлі болған Нияз есімді тарихи тұлғаның құрметіне тұрғызылған деп есептеледі.

                                                                 

Ғаламтордан алынған мынандай да болжамдар бар: Нияз қожаның басындағы аңыз бойынша, оның жанында жерленген қыз – оның қарындасы (немесе қызы) немесе ескі әпсаналарда айтылатын, оған серт берген пәк бойжеткен.

Ел ауызындағы деректер бойынша, қожаның қасиетін құрметтеп, оның қасынан топырақ бұйырған қыз бейіті пәктік пен тазалықтың, сондай-ақ қожа әулетіне деген үлкен сенім мен рухани жақындықтың белгісі ретінде қабылданған. Ол кесен маңындағы ерекше белгілердің бірі болып саналады.

Тарихта «Нияз қожа» есімімен белгілі, қазақ жерінде дін уағыздап, ислам ілімін таратқан бірнеше тарихи тұлға бар. Олардың ішіндегі ең көп тараған–Қаратау өңірінің діндер әрі әулие тұлғасы және Ұлытаудағы атақты ақын Нияз Ожанов.

Біздің көріп тәу еткен Нияз бабамыздың басындағы биік таста, ондағы Арғын таңбасы  анық көрініп тұр. Бауырындағы Күмбез тамның кімге тиесілі, кім жерленгені туралы жоғарыда айтылды.

Нияз қожа туралы ел аузынан естіген, мынандай аңызды білем: «Бірде аңшылар аңға шыққанда киікті атып алып, етін бөліске салып жатқанда, Нияз қожа келіп қалған екен, сол кезде біреу қомағайланып қолына түскен киіктің тобығын жұтып жіберген екен. Нияз қожа өліп жатқан киелі киікті көріп, дұға оқып жібергенде, сол киік тіріліп кеткен екен, бірақ бір жақ сирағын сылтып басып жөніне кетіпті, – деген аңыз.

Екі күндік зиярат ету сапарымыздың соңғы нысаны Бұхар жырау кесенесі болды. Кесене салу жоспары 1989 жылы Қарағанды облысы, Ульянов ауданының ақсақалдар алқасының төрағасы Шоқанай Әмірхановтың есімімен тығыз байланысты. Бұхар жырау кесенесі, Қарағанды облысындағы  қазіргі Бұхар жырау (орталығы Ботақара) ауданы кеңес дәуірінде Ульянов ауданы деп аталған. 1938-1961жылдар: Ворошилов ауданы; 1961-1997 жылдары – Ульянов ауданы болған. 1997 жылдын бастап Бұхар жырау ауданы болып өзгертілген. Аудан орталығы – Ботақара кенті 2001 жылға дейін Ульяновка (немесе Ульянов) деп аталған.

Бұхар жырау Қалқаманұлы (1668-1781) – Қазақ хандығының ірі мемлекет қайраткері қазақтың ұлы жырауы, 18-ғасыр жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ жоңғар соғысының бастаушысы, әрі ұйымдастырушысы, атақты Абылай ханның ақылшысы.

«Бұл кісінің сөзін түгел жазамын деушілерге Нұхтың ғұмыры, Аюптың сабыры…, Аплотонның ақылы керек», – деп ғұлама Мәшһүр Жүсіп атамыз айтқан екен. Шыққан тегі Арғын арысының Сүйіндік тайпасының Қаржас руынан шыққан. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмекейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең сөз төгіледі екен. Бұхарадағы, Қарнақтағы медреселерде оқыған. Жиделі Байсын деген жерде туған.

Мәшһүр бабамыздың айтқан сөзінен асатын мен кіммін? Сондықтан ата сөзіне бағынып, жыраудың еңбектеріне тоқтамай, кесене туралы біраз мәліметтерге тоқталайын. Мұражай 1993 жылы ақынның туғанына 325 жылдығына орай Далба тауының баурайында ашылған.

2003 жылы 21 тамызда Далба тауы етегінде ұлы абыз кесенесі салтанатты түрде ашылды. Авторы – архитектор А. Сәуменов. Бұхар жырау ауданы, Шалқар ауылынан солтүстікке қарай 25 км. жерде орналасқан. Кесене биіктігі 12 метр, қазақтың ұлттық бас киіміне ұқсайды, табаны үш таған, үш жүздің бірлігін білдіреді. Кесене аумағында зиярат етушілерге арналған қонақ үй, музей бар. Барлық қажеттілік қарастырылған.

Келесі таңымыз, таңғы астан кейін өлкетанушы Мұхамед-Қайыр ағамыздың ұзын-сонар тарихы әңгімелерімен жалғасты. Жүйелеп айтылған әңгімелерін тыңдай бергің келеді, өйткені мен өзім туған өлкем туралы, оның тарихы туралы көп нәрседен бейхабар екенмін, әңгімеден көңілге қонарлық рухани азық таптым. Айтылмай қалған, біз көрмеген тарихы орындар әлі қаншама: Жасыбай, Біржан көл, Сабындыкөл, Мырзашоқы, киелі емдік қасиеттері бар үңгірлер, тағы басқа тарихы ескерткіштерді көріп, тану үшін көп уақыт керек екен. Отырғандар өздерінің ұсыныстарымен, естеліктерімен бөлісті.

Осы сапарға шығар алдында, 18 маусым күні «Сарыарқа самалы» газетінде, өңіріміздің туристік әуелетін арттыруға бағытталған ірі жобаларды, өңір басшысы Асайын Қуандықұлы Баянауылға іс-сапармен келгені жайлы жазылған «Жаңа келбет, жаңа мүмкіндік» атты мақаланы оқыған едім. Бірақ, сапар барысында әлі де атқарылар жұмыстар көп екенін байқадым. Бірінші – әрине тас жол сапасы, жөндеу жұмыстарының мәселесі. Тарихи ескерткіштерге баратын жолдарды жақсарту қажет. Мысалы қанша ат терлетіп, Жаяу Мұса Байжанұлының кесенесіне бір кішкентай ғана өткелдің жоғынан өте алмай кері қайттық; жолдағы бұлақ ағыны, шұңқырлы жолдан көлігіміз өте алмайтын болғасын, кері қайтуға тура келді. Мұрынтал ауылындағы көпір мәселесі де, ұзаққа созылған әңгіме екен. Аудан әкімшілігі осындай ірілі-ұсақ мәселелерге тиянақты қараса, туристік жобалар көпшілік көңілінен шығар еді.

Сапар жоспарымыз уақыт тапшылығына байланысты толықтай қамтылмады. Жоспарымызда Мәшһүр атамыздың анасы Ұлбалаға дұға етіп, Мәшһүр салған медресе мен мешіт орнын көруге, қаздырған құдығынан киелі суынан дәм тату бұйырмады. Бұл олқылықтарды келесі күннің еншісіне қалдырып, Баянауыл табиғатынан ерекше қуат алып, ат басын үйге –Павлодарға бұрдық.

 

 Қайырлы Ерғалиев,

«Ақсақалдар тағылымы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары,

Атамекен кенті «Ардагерлер кеңесінің» хатшысы, .

20-21 маусым2026 жыл.

Павлодар қ.,

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий