Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесінде Президент институты елдің ішкі саяси тұрақтылығын, билік тармақтарының үйлесімді жұмысын және конституциялық құрылыстың мызғымастығын қамтамасыз ететін басты саяси-құқықтық тетік болып табылады. Мемлекет өміріндегі кез келген түбегейлі өзгеріс, стратегиялық бағыттар мен сыртқы саяси векторлар тікелей осы институттың конституциялық мәртебесімен және өкілеттіктерімен тығыз байланысты. Конституциялық нормалар мен саяси практиканың сабақтастығын сараптау тек мемлекеттік аппараттың жұмысын емес, сонымен бірге билік институтының ұлттық мүддені қорғаудағы рөлін айқындайды.
Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының Президенті – мемлекет басшысы, оның ең жоғары лауазымды тұлғасы, ішкі және сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын айқындайтын және елдің халықаралық аренадағы мүдделерін қорғайтын тұлға. Президент институты жеке тұлғаның шеңберінен әлдеқайда шығып жататын, мемлекеттік тұрақтылық пен сабақтастықты сақтайтын жоғары институционалдық жүйені білдіреді.
Қазіргі геосаяси жағдайда Президенттің сыртқы саяси өкілеттіктері мен стратегиялық бастамалары ерекше маңызға ие. Мемлекет басшысының ТМД және Орталық Азия мемлекеттері басшыларының саммиттерінде (атап айтқанда, Түрікменстандағы кездесулерде) көтерген бастамалары бұл үрдістің айқын дәлелі. Президенттің өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етіп қана қоймай, көлік-транзит дәліздерін (соның ішінде Арал – Каспий магистралін) ұштастыру, жасанды интеллект экожүйесін құру, цифрлық дәліздер қалыптастыру және мәдени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету жөніндегі нақты ұсыныстары мемлекеттің ұзақмерзімді стратегиялық мүдделерін қорғайды. Бұл ретте сыртқы экономикалық сауда айналымын арттыру, өңірлік кооперация мен индустриялық-технологиялық жобаларды жүзеге асыру мемлекет басшысының прагматикалық саяси ұстанымын көрсетеді.
Президент институтының қызметі тек жоғары деңгейдегі саяси шешімдермен немесе халықаралық саммиттермен шектелмейді. Мемлекет басшысының конституциялық өкілеттіктерін жүзеге асыру барысындағы бастамалары азаматтардың күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарының сақталуына тікелей ықпал етеді. Мысалы, жаңа Конституцияда волонтерлік қызмет пен ізгі істер саясатының конституциялық мәртебеге ие болуы немесе ел көлеміндегі «Ұлт оқитын 100 кітап» пен ұлттық деңгейдегі рухани-мәдени жобалар мемлекеттік саясаттың адам капиталын дамытуға бағытталғанын аңғартады.
Мемлекеттік органдардың жұмысын жүйелеу, сыртқы және ішкі қатерлерге (терроризм, киберқауіпсіздік, су ресурстарын басқару мәселелері) қарсы тұрарлық тиімді тетіктерді әзірлеу Президент институтының ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі негізгі функциясы болып табылады. Бұл ретте азаматтардың мемлекеттік институттардың жұмыс істеу тетіктерін түсінуі қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттырып, билік пен қоғам арасындағы сенімді нығайтады.
Президент институты – Қазақстанның конституциялық құрылысының, егемендігі мен тұрақтылығының берік тірегі. Мемлекет басшысының қызметі Конституция мен заңдардың талаптарына қатаң негізделіп, ішкі тұрақтылықты сақтау мен сыртқы стратегиялық бағыттарды тиімді үйлестіруді қамтамасыз етеді. Президенттің конституциялық мәртебесі мен атқарып отырған ауқымды жұмыстары елдің орнықты дамуы мен халықаралық аренадағы беделін айқындайтын шешуші фактор болып қала береді.
Айбек Оралхан

Добавить комментарий