Pavlodar, KZ
Ясно

Ақын тағдыры күрделі болатыны заңдылық па?- деп қаласың кей-кейде. Әсіресе орақ тілден отты өлең тудыратындары соқтықпалы-соқпақты жолмен жүреді. Әдебиет тарихына үңілсең талайының тағдырын көресің…

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Өнерімді еліме арнаймын» атты шығармашылық кеш өтті. Әдеби шараның басты кейіпкері – ақын, журналист Ғабит Сапаров. Шығармашыл жан биыл 65 жасқа толып отыр.

Ақындық өнер – сөз өнерінің аса қастерлі саласы, ақын бойындағы шығармашылық қуат пен шынайы таланттың биік өлшемі. Осы ретте өмір саясатын көркем суреттеп, шынайы жеткізе білетін, сөз өнерінің табиғатын терең білген, ақиқатын айтқан ақын осы Ғабаң десек жаңылыспаған болар едік.

Ақ Ертіс, мен өзіңе бара алмадым,
Аулымда, қайтейін, амалдадым.
Бакен болып ортаңда жана алмадым,
Ертісім – менің нәзік ақ арманым
– деп жырлаған ақынды мерейтойымен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан құттықтады. Облыс әкімі атынан арнайы сый-сыяпатын жасады.

Ғабит Сапаров Семей облысы Бесқарағай ауданында туып, балалық шағы Павлодар орблысының Май ауданында өткен. Жасынан сөз өнерінің қадір-қасиетін бойына сіңіріп өскен қаламгер Май ауданының Белогорье орта мектебін бітіріп, Семей педагогикалық институтының филология факультетіне оқуға түседі. Мұнда профессорлық-оқытушылық құрамнан, атап айтсақ Қайым Мұхамедханұлы, Қуандық Жүсіпов, Жұмағали Шәкенұлы, Арап Еспенбетов, Қинаят Шаяхметұлы сынды ұлы тұлғалардан дәріс алады. Курстастары да осал емес еді. Ғабаңның Әбубәкір Қайранов, Айбек Сапышев, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы сынды замандастарымен қатар шығармашылық шыңдалу жолы туралы ҚР Жазушылар одағы облыстық филиалының төрағасы Серік Елікбай саралап айтып берді. Өлеңдерін терең талқылады.

Ғ.Сапаров үш кітаптың авторы және де кеңестік кезеңде жазған «Ақ қан» атты поэмасы қазақ поэзиясындағы Семей ядролық сынақ полигонының зардабын әйгілеген алғашқы әдеби шығармалардың бірі болып табылады.

Ғабит Сапаров Ертіс- Баян өңіріне есімі белгілі ақын. Жүрегімен жыр қашаған ақынның өлеңдері өмірлік өнеге алатын ақиқаттан бастау алатын, жан сусынын қандыратын итас бұлақтың таза суындай.

Арқалы ақынның «Жалтырым менің, алтыным!» деген жинағында өлеңдеріе өмір толғаулары, адамгершілік хақында, ең бастысы туған жер келбеті басты арқауы болған. Ел болашағының кемел болатынына, ауыл тұрмысының жаңғыруына, ең бастысы онда қазақи тұрмыстың гүлденуіне көңілі сенеді.

Сондай-ақ, Ғабит Сапаров бірнеше жергілікті сазгердің әніне сөз жазған. «Ақсу толқыны», «Сұллық», «Астана мен Алматы», «Әкеме» сияқты әндер тыңдарман жүрегінің төрінен орын тапқан.

Кешке жиналған қауым ақынның шығармашылығына жоғары бағасын беріп, алдағы уақытта да ешкімге ұқсамас туындылары жазыларына сенім білдірді.

Жұмабек Сманов

Добавить комментарий