Pavlodar, KZ
Ясно

Қаламгер досым Асылан Тілеген үлкен бір әдеби жиында: «Балалар әдебиеті «қартайып» барады. Жас қаламгерлер балаларға арнап шығарма жазбайды. Осы проблеманы ескере жүріңдерші!», – деген өтінішін білдерген болатын. Бұл өтініш – балалар әдебиетінің келешегіне алаң көңілден туған жанашырлық еді. Бұл өтініштің астарында, Мұхтар атамыздың «Ел боламын десең, бесігіңді түзе», – деген нақылы жатқандай. Бірақ, бұл өтінішті орындау оңай шаруа емес екен. Мектеп оқушыларына арнап «Таныстыру» ғана жазып дағдыланған біз баланың тіліне жатық, бірақ сөйлеуін шыңдайтын, санасына жеңіл, бірақ, ойын дамытатын шығарма жаза алмадық. Жаза алмағандықтан, «қартайған» балалар әдебиетіне қайтадан жүгіндік.

Мен жақында Ыбырай Алтынсариннің «Таза бұлақ» кітабын және Мұзафар Әлімбаев пен Жарасқан Әбдіраштың балаларға арналған өлеңдерін оқып шықтым.

«Таза бұлақтағы» үш жолаушының пікірталасы – әркімнің өз қөзқарасы мен ойы барын және әркім сол пікірмен өмір сүретінін әйгілейді. Бұлақ басындағы «Әй, жолаушы, болсаң осы бұлақтай бол!», – деген жазудың астарында қандай мағына жатқанын саудагер, мүсәпір молда және жас жігіт өздерінше зерделейді. Саудагер: «Тынбай қызмет қыл, ешуақытта жалқауланып тоқтап қалма, сөйтсең, ақырында, сен де осы бұлақтай зорайып мұратыңа жетесің», – дейді. Молда: «Біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығыңды ешкімге міндет етпе дегені болса керек», – деп ұғады. Ал, жас жігіт:  «Көңіліңді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта, нешік бұлаққа қарасақ күн түссе күннің, шөп түссе шөптің сәулесін көреміз, көңілің сол реуішті сыртқа ашық көрініп тұрсын дегені», – деп ой түйеді.

Шағын ғана әңгіме сыңғырлап аққан таза бұлақтан шөл қандырып су ішу керектігін ғана емес, сол бұлақтай таза болуға шақырады. Бұл әңгімені әр адам әр туған күнінда оқып отырса, жаңа жасында жаңа жақсылықтарға ұмтыла түсер еді. Бойына жаңа қасиеттір мен жақсы қылықтарды дарыта түсер еді. Балаларға арналған шағын әңгімеде ересектердің өзін тәрбиелейтін үлкен ғибрат жатыр.

Әбдіраштың Жарасқанының:

«Алфавиттің «А» тұрады басында,

Әрқашан да «Ә» тұрады қасында,

Байқадың ба? «Б» тұрады үшінші,

Осылардың сыры неде, түсінші?...

«А» деген ол – аналар ғой, ардақты

«Ә» деген ол – әкелер ғой, салмақты

«Б» деген ол – балалар ғой әдемі,

Біздің елде үшеуі де кәделі.

Сондықтан да, алшақ кетпей, расында,

Тұрады олар алфавиттің басында», – деген өлеңін жаттамаған оқушы жоқ шығар?! Мен де бұл өлеңді 1-сыныпта жаттағанмын. Санамда әлі сайрап тұр. Балаларға арналған тақпақ демесеңіз, өмір пәлсапасын арқалап тұрған ғажап туынды – бұл. Адамзат баласы қазір «Отбасы институтына» оралғысы келеді. Бірақ ол мүмкін болмай тұр. «Өз ата-анасын сотқа бере алатын құқығы бар» балалар оған мүмкіндік бермеуде.

Отбасы – жанның жылы ұясы. Сондықтан біз оны – «Жанұя» дейміз. Жарасқан ақынның өлеңін бірнеше үйлену тойында жас жұбайларға арнап оқып бергенім бар. «Әке-Ана-Бала» үштігінің байланысынан отбасы бақыты баянды бола түсетінін түсінген әр азамат жанұядан жылы жер жоғын ұғады.

Ал, сол сезімді бала санасына бірінші сыныптан-ақ сіңіре алатын, басқа қандай тақпақ бар? Мен әлі оқымадым. Бұл тақпақта да кейбір ересектерге жаттатып қою керек. Тақылдап тұрсын. Отбасы қадірін білсін!

Абай Құнанбайұлының «Бес нәрсеге асық болуға, бес нәрседен қашық болуға» шақыратын өлеңі ше? Біз оны да балалар әдебиетінің жауһар туындыларының бірі ретінде оқыдық. Бірақ, «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым» секілді асыл қасиеттерді бойымызға жинай алдық па? Керісінше, «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» секілді бес дұшпанға жуық секілдіміз.

Өз-өзімізді тәрбиелеу үшін мына әлемге балалардың көзімен қарауды үйренуіміз керек. Бала кезіміздегі таза көңілді, ақ ниетті, пәк сезімді қайта табу үшін, балалар әдебиетіне көңіл бөлгеніміз жөн.

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

(Сурет ашық ғаламтор беттерінен алынды)

Добавить комментарий