Қазақстандықтардың басым бөлігі өз өміріне оң баға береді. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) тапсырысымен DATAmetrics компаниясы 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізген әлеуметтік зерттеу нәтижелері көрсетті.

Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 мың тұрғын бетпе-бет сұхбат (face-to-face) әдісі арқылы қатысты.

Зерттеу нәтижелері халықтың әлеуметтік көңіл күйін үш негізгі көрсеткіш бойынша бағалады: өмірге қанағаттану деңгейі, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістер және болашаққа деген сенім.

Сауалнамаға қатысушылардың 63,3%-ы өз өміріне толық қанағаттанатынын айтса, 31,9%-ы жалпы алғанда өміріне риза екенін жеткізген. Осылайша, респонденттердің 95,2%-ы өз өмірін оң бағалайды. Ал 3,4%-ыөміріне толық емес деңгейде қанағаттанатынын айтса, 1,1%-ы мүлде қанағаттанбайтынын көрсеткен.

Зерттеу отбасының материалдық жағдайына қатысты да оң үрдісті көрсетті. Қатысушылардың 67,6%-ы соңғы бір жылда отбасының қаржылық ахуалы жақсарғанын мәлімдеген. Оның ішінде 29,8%-ы материалдық жағдайы айтарлықтай жақсарғанын, ал 37,8%-ы белгілі бір деңгейде оң өзгеріс болғанын айтқан.

Респонденттердің 25,5%-ы отбасының материалдық жағдайы өзгермегенін көрсетсе, 6,6%-ы керісінше нашарлағанын айтқан.

Болашаққа қатысты болжамдар да негізінен оң сипатта. Сауалнамаға қатысқандардың 78,6%-ы бір жылдан кейін қазіргімен салыстырғанда жақсы өмір сүретіндеріне сенімді. Оның ішінде 45%-ы өмір сүру деңгейі едәуір жақсарады деп күтсе, 33,6%-ы белгілі бір оң өзгерістер болады деп есептейді.

Ал 15,9%-ы отбасының тұрмыс деңгейі өзгеріссіз қалады деп санайды. Болашақта жағдайының нашарлауын күтетіндер үлесі 3,4% ғана болды.

Жалпы зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың басым бөлігінің өз өміріне қанағаттанатынын, отбасының материалдық жағдайын оң бағалайтынын және алдағы уақытқа сеніммен қарайтынын көрсетті.

Зерттеу іріктемесі Қазақстан халқының негізгі әлеуметтік-демографиялық көрсеткіштері бойынша репрезентативті болды. Атап айтқанда, қала және ауыл тұрғындарының үлесі, жынысы мен жасы ескерілген. 95% сенімділік деңгейіндегі статистикалық қателік ±1,1%-дан аспайды.

Зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2026 жылғы 3 шілдедегі №ОСК-11-07/ЗТ-К-29 жазбаша хабарламасы негізінде жарияланды.

Добавить комментарий