Pavlodar, KZ
27°
Ясно

“Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы” Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен Тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы сабақтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, рәміздер – халқымыздың мұқалмас рухын, қаһармандылығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін құнды белгілер.

Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында назарларыңызға Мемлекеттік рәміздер туралы қызықты деректерді ұсынамыз.

  1. Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез келген құжатында болады. Туу туралы куәліктен бастап зейнетақы кітапшасына дейін Елтаңбаның белгісі қолданылады.
  2. Мемлекеттік елтаңба таңдалған сәттен бастап еш өзгеріске түспеген.
  3. Елтаңбаға жұлдыз Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен енгізілген.
  4. 1992 жылы қабылданған Әнұран 750 жоба ішінен таңдалып алынған.
  5. Мемлекеттік мекеме маңдайшаларында Ту міндетті түрде болуы керек.
  6. Қазақстан Республикасының заңнамалар жинағында рәміздерге арнайы 3 бап берілген.
  7. Ту үнемі оң жаққа қарай желбіреуі керек.
  8. Қазіргі Әнұранымыз заңды түрде 2006 жылы 7 қаңтарда қабылданды. Жаңа Әнұран бірінші рет сол жылы 11 қаңтарда Тұңғыш Президент Н.Назарбаевты салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.
  9. Қазақстандағы ең үлкен ту елордадағы «Атамекен» этномемориалдық кешеніндегі Мемлекеттік рәміздер алаңында орналасқан. Биіктігі – 111 метр. Кешен 2009 жылы салынған.
  10. 1994 жылы 1 шілдеде Талғат Мұсабаев тұңғыш рет қазақтың Туын ғарышқа апарды.
  11. Монблан шыңында (4 810 м), Памир тауының Ленин шыңында (7 134 м) және Эверест шыңында (8 800 м) еліміздің Туы желбіреп, Әнұранымыз шырқалды.
  12. 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетовтің ғарышқа сапары кезінде Қазақстанның Туы Жерді 150 рет айналып ұшты.
  13. Жаңа бекітілген Әнұран 59 сөзден тұрады. Оның ішінде 25 сөз жаңадан енгізілген. Ал әуені толықтай сақталған. Музыкасының авторы – Шәмші Қалдаяқов.

Дайындаған – Әйгерім СОЛТАН

Добавить комментарий