Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңде мемлекеттік басқару жүйесі бірнеше рет жаңғыртылды. Әлбетте, әр кезеңдегі реформалар қоғамның сұранысына, елдегі экономикалық өзгерістерге және халықаралық үрдістерге сәйкес жүргізіліп келеді. Соңғы жылдардағы конституциялық реформалар да еліміздің саяси жүйесін түбегейлі жаңғыртуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болғаны анық.

Жаңа реформалардың нәтижесінде Қазақстан заң шығару жүйесінің жаңа моделіне көшіп, 2026 жылғы 23 тамызда алғаш рет бір палаталы Парламент – Құрылтай сайлауын өткізгелі отыр. Мемлекеттік билік жүйесіндегі өзгеріс құрылымдық тұрғыдан ғана емес, сонымен қатар мазмұндық, сапалық сипаты жағынан да жаңа деңгейге иек артады деп күтілуде. Мұның барлығы – елдегі саяси мәдениетті, партиялық жүйені және заң шығару қызметін арттыруға бағытталған тарихи бетбұрыс.

 

Жаңа саяси модельдің негізі

Конституциялық реформалардың басты мақсаты – мемлекеттік басқаруды қазіргі заман талаптарына бейімдеу, билік тармақтарының тиімді жұмысын қамтамасыз ету және халықтың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту.

Сөз жоқ, кейінгі жылдары елімізде қоғам өмірінің барлық саласы қарқынды өзгерісті бастан кешіп отыр. Әлемдік кеңістікте салтанат құрып отырған цифрлық экономика бағыты біздің елімізде де барынша дамуда, жасанды интеллект жүйесі өндіріс пен мемлекеттік басқаруға жаппай енгізілуде, кәсіпкерліктің ауқымы да жаңа деңгейге көтерілуде, әлеуметтік саясаттың түбегейлі мазмұны өзгеруде. Міне, осындай жағдайда еліміздегі заң шығару жүйесі де жаңа заман талаптарына сай болуы қажет. Бір палаталы Құрылтайдың құрылуы – осы қажеттіліктен туған тарихи шешім, жіті ойластырылған ізгі қадам.

Құрылтай неліктен қажет болды?

Біздің елімізге Парламент құрылымының қандай нұсқасы тиімді болады, деген маңызды сауал соңғы кезеңдері жан-жақты пысықталып, кеңінен талқыланды. Жалпы, әлемдік тәжірибеде заң шығару органдарының түрлі үлгілері қолданылатынын білеміз. Қайсыбір мемлекеттер қос палаталы парламентті тиімді деп есептесе, кейбір елдер бір палаталы жүйені таңдаған.

Қазақстанда осы уақытқа дейін қолданылып келген парламенттік жүйені жіті талдау және сараптау нәтижесі жаңа қадамдарға жол ашу қажеттігін көрсетті. Қолданыста болған қос палаталы құрылымның қызметін үйлестіру барысында заң қабылдау рәсімдерін оңтайландыру, қайталанатын процестерді азайту және шешім қабылдау тиімділігін арттыру қажеттілігі жиі байқалған еді. Бұл туралы сарапшылар да талай пікірлерін ортаға салды.

Бір палаталы Құрылтайдың негізгі артықшылықтары неде?

Ең алдымен, заң жобаларын қарау мерзімінің қысқарып, бюрократиялық рәсімдердің азаюы.

Екіншіден, Құрылтай жүйесінде депутаттардың жеке жауапкершілігі барынша күшейіп, қоғам сұранысына жедел жауап беру мүмкіндігі артады.

Үшіншіден әрі ең бастысы – заңдардың сапасына қойылатын талап күшейеді.

Міне, осынау өзгерістердің негізгі өзегі – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру, үйлесімді әрі ұтқыр жұмыс арқылы сапалы нәтижелерге жету.

Саяси партиялар һәм жауапкершілік

Сөз жоқ, жаңа Конституция еліміздегі саяси партиялардың да рөлін арттырды.

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы алдағы Құрылтай сайлауына жеті саяси партияның қатысатынын жариялады. Олар:

– «Respublica»;

– «Ақ жол»;

– «Ауыл»;

– Қазақстанның Халық партиясы;

– «Байтақ»;

– ЖСДП;

– «Әділет».

Аталған саяси құрылымдар алдағы Құрылтай сайлауына байланысты өз кандидаттарының тізімдерін ұсынуда.

Дәл қазіргі сәтте «Қазақстанның Халық партиясы» 72 кандидаттың тізімін алға тартты. Ұсынылған статистикаға сүйенсек, партия тізіміндегі кандидаттардың орташа жасы – 45 жас. Үміткерлердің төрттен үш бөлігін ер азаматтар құрайды.

«Respublica» партиясы 76 кандидаттың тізімін бекітті. Мұнда орташа жас – 41. Тізімге әйелдер, жастар және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың енгізілуі қоғамның түрлі әлеуметтік топтарын қамтуға ұмтылысты көрсетеді.

«Ауыл» партиясы 69 кандидатты ұсынып, өңірлерді дамыту, ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және экология бағытындағы бағдарламасын жариялап үлгерді.

«Ақ жол» партиясы 63 кандидаттан тұратын тізімді ұсынды.

Ал «Байтақ», ЖСДП және «Әділет» партиялары өз кандидаттарын Орталық сайлау комиссиясы бекіткен талапқа сәйкес 13 шілдеге дейін жариялауы тиіс.

Кандидаттар құрамындағы жаңа үрдістер

Жаңа тұрпаттағы Парламент, яғни Құрылтай сайлауының бір ерекшелігі сол – әр партия кандидаттарды таңдауда кәсібилікке басымдық беріп отырғанын аңғартады. Кандидаттар қатарында кәсіпкерлер, экономистер, заңгерлер, фермерлер, ғалымдар, қоғам қайраткерлері, белсенді жастар, әйелдер қауымы, мүмкіндігі шектеулі, яғни ерекше қажеттілікке ие азаматтар бар.

Мұның өзі алда жасақталатын Құрылтай құрамының аса сапалы болатынына сенімді арттырады. Қоғамның түрлі әлеуметтік топтары қамтылатын жаңа құрам ел дамуының алуан түрлі бағыттары бойынша табысты жұмыс жүргізері сөзсіз.

Заң шығару қызметінің жаңа басымдықтары

Жаңадан жасақталатын Құрылтай бірінші кезекте басымдық беруі тиіс бағыттар қайсысы деген сауал мені ғана емес, жалпы көпшілікті ойландырса керек. Әрине, парламенттік құрылымның қарауына ұсынылатын заңдардың сипаты да өзгеретіні даусыз ғой. Десек те…

Қазір әлем жаңа технологиялық кезеңге өтті. Қазақстан да бұл өзгерістерден шет қалып отырған жоқ.

Президент бастамасымен жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық мемлекет құру, өндірісті жаңғырту, ғылымды дамыту және адами капиталды күшейту бағытында тың әрі аса маңызды жоба-жоспарлар, мақсат-міндеттер түзіліп, ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Сәйкесінше жаңа заң шығарушы орган осы жоба-жоспар, мақсат-міндетті жүзеге асыруға серпін беретін заң нормаларын кезек күттірмей әрі сапалы қабылдауға тиісті. Олардың қатарында – жасанды интеллектіні құқықтық реттеу, цифрлық қауіпсіздік, дербес мәліметтерді қорғау, электронды мемлекеттік қызметтердің аясын кеңейту әрі үйлестіру, инновациялық экономиканы қолдау, ғылыми зерттеулерді ынталандыру, кәсіпкерлікті дамыту, ауыл шаруашылығын жаңғырту, экологиялық қауіпсіздік, су ресурстарын тиімді пайдалану, әлеуметтік әділеттілік мәселелері бойынша жаңа заңдар актілері бар.

Бұл бағыттар дәл қазір елдің қарқынды дамуына серпіліс беру үшін аса жоғары маңызға ие болып тұр. Құрылтай мұны сапалы жүзеге асырады деп үміт артамыз.

Өңірлердің рөлі күшейеді

Құрылтайдың маңызды міндеттерінің бірі – өңірлердің мәселесін ұлттық деңгейде тиімді көтеру. Сөз жоқ, Қазақстан – аумағы аса кең мемлекет. Сәйкесінше, еліміздегі әр облыстың әлеуметтік-экономикалық ерекшелігі де әртүрлі.

Жаңадан жасақталатын Құрылтай жаңа заңдар әзірлеу барысында өңірлердің ұсыныстарын да кеңінен ескеруі тиіс. Ауылдарды дамыту, инфрақұрылым, ауыз су, жол, медицина, білім, жастар саясаты, мәдениет, туризм мәселелерінде ерекше маңызға ие тұстар жеткілікті.

Саяси мәдениеттің жаңа кезеңі

Ата Заң аясындағы реформалар қоғамдық тұрғыда саяси мәдениеттің өзгеруіне жол ашқанын мойындауымыз керек. Бұған дейін қайсыбір партиялар көбіне сайлау кезінде ғана белсенділік танытса, енді олардың қоғам алдындағы жауапкершілігі әлдеқайда жоғары болмақ.

Сайлаушылар да әбден таптаурын болған бұрынғы жаттанды үрдістен гөрі тың бағдарламаларға, нақты нәтижеге, кәсіби тәжірибеге және кандидаттардың беделіне көбірек мән беретін секілді. Ал бұл өз кезегінде партияаралық бәсекелестіктің сапасын арттырады деп ойлаймын.

Азаматтық қоғам үшін жаңа мүмкіндік

Елімізде азаматтық қоғам құрылымдарының қызметі де жаңа арналарға бетбұрыс жасап отыр. Құрылтайдың құрылуы азаматтық қоғам институттарының ықпалын да күшейтері сөзсіз.

Қоғамдық кеңестердің, сарапшылардың, ғылыми ортаның, үкіметтік емес ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының заң жобаларын талқылауға қатысу мүмкіндігі бұрынғыдан да арта түседі деп күтілуде.

Мұның өзі қабылданатын заңдардың сапасын жақсартып қана қоймай, олардың қоғам сұранысына сай болуына ықпал етері анық.

Маңызды сынақ

2026 жылдың 23 тамызына белгіленген Құрылтай сайлауы – Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа тарихи кезеңнің бастауы. Алдағы сайлау  – тек депутаттарды таңдайтын науқан емес, Конституциялық реформалардың өміршеңдігін көрсететін маңызды сынақ.

Жаңа Құрылтай елдің ұзақ мерзімді даму стратегиясын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ететін, заманауи сын-қатерлерге дер кезінде жауап беретін және халықтың сеніміне сүйенетін заң шығару институтына айналуы тиіс.

Алдағы сайлау нәтижесінде қалыптасатын Құрылтайдың қызметі Қазақстанның саяси жүйесінің тиімділігіне, экономикалық дамуына, әлеуметтік тұрақтылығына және құқықтық мемлекет қағидаттарының нығаюына тікелей ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан бұл науқан әрбір азамат үшін де, әрбір саяси партия үшін де үлкен жауапкершілік жүктейтін тарихи таңдау болмақ.

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий