«Amanat» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында тек қана біздің облыста алдағы бес жылда 19 мың отбасының баспаналы болатынын айтқан еді. Ал есептейік, сайлауда басым дауысқа ие болған қоғамдық институттың уәдесі бойынша жылына 3 800 павлодарлық қоныс тойын тойлауы керек. «Құласаң нардан құла» деп тәуекелге бел буды.

Адам бойынан табылуы керек ең жақсы қасиеттің бірі – уәдеге берік болу. Қандай қоғам болмасын, қандай адам болмасын уәдеге беріктікті қашанда құптап, сөзінде тұратын жанды құрметтеп, сыйлап өткен.

Сайлау өтті. Қарап отырсақ, 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламаларының құмсағаты да жылжып барады. Көзді ашып-жұмғанша 2023 жылдың бірінші жартыжылдығы аяқталуға жақын. Жоғарыда келтірілген дәйектер бойынша санасақ, жартыжылдықта алғашқы 1 900 отбасы жаңа үй немесе пәтеріне қоныстануы керек. Құтты болсын айтып барғандарыңыз қайсысы?!

Енді тереңірек тарқатып көрейік. Облыстық құрылыс басқармасы мәліметіне сәйкес өңірде тұрғын үй құрылысын дамыту және баспанамен қамтамасыз етуді көздеген «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы жұмыс істеуде. Қаржыландыру республикалық қазына есебінен, жергілікті бюджет пен басқа да қаржы көздері арқылы жүргізіледі.  Бұған қоса, ипотекалық тұрғын үй құрылысы аясында бой көтеретін құрылыс нысандарын да атап өтуге болады.

Бүгінгі таңда облыс орталығында «Нұрлы жер» бойынша 7 көпқабатты үйдің құрылысы басталып кетті. Бұйыртса, жаңадан бой көтеріп келе жатқан «Достық» шағын ауданына 930 отбасы қоныстанады. Бағдарлама несібесінен кеншілер қаласы да кенде қалмайды. Екібастұздағы 21-ші шағын ауданда 252 пәтерлік үш үй салынып жатыр. Дәл осынша үйдің құрылысы Ақсу қаласында қолған алынған. Мұнда Х.Доспанова және С.Дөнентаев көшелерінде салынып жатқан үйден кілт алуға 306 отбасы үмітті.

Павлодар облысының құрылыс басқармасы басшысы Қ.Сәтиевтің айтуынша, 2023-2027 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама негізінде аймақта 2 462 80 шаршы метр тұрғын үй салынады екен. Қазірдің өзінде 461,4 млн теңге бөлінген. Қаржыландыру одан ары да жалғасын табатын болады дейді.

Жалпы, тұрғын үй мәселесі – ең өткір мәселелердің бірі екені жасырын емес. Барды бар деуіміз керек. Мемлекетіміз де қол қусырып қарап отырған жоқ. Баспананы қолжетімді ету үшін түрлі бағдарламалар жүзеге асырылуда. Қазақстандықтардың бірқатар санаттары жеңілдетілген шарттармен жалға берілетін пәтерлерді немесе сатып алу арқылы әлеуетін жақсартуға мүмкіндік алуда.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әрбір қазақстандықтың тұрғын үй алу немесе жалға алу перспективалары, оны алу шарттары туралы нақты түсінігі болуы қажет. Ол үшін тұрғын үйге қолжетімділік критерийлерін анықтау, оның құнын жүйелі түрде төмендету қажет. Құрылыс салу, көппәтерлі және жеке тұрғын үйлердің пропорциясын белгілеу, пәтерлерді жалға беру нарығын реттеу қажет», – деген еді.

Бастысы – бағдарлама бар. Қаражат құйылып жатыр. Енді отандастарымыз соның жемісін көрсе деп тілейік. Осы тұста аз-кем шегініс жасап, баяғы сол қиянат жасауға болмайтын аманатқа, жоқ, «Amanat-қа» оралайық.

Біз сөзінде тұратын, сөзге тоқтайтын халықпыз. Бабаларымыз үшін уәдеге беріктік, сөзінде тұру мәселесі қоғамда үлкен маңызға ие болған. Қазіргідей құжатқа жүгінбейтін заманда бабаларымыз айтылған сөзге сенген, берілген уәдеге сай алыс-беріс жасаған. Екі сөйлегенді, уәдесінде тұрмағанды қатты сынға алып, өлімнен бетер қорлық санаған. Қазақ халқы үшін өлімнен ұят күшті болған. Уәдеге, сөз беруге қатысты ер азаматтың намысын жігерлендіретін нақыл сөздер әлі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. «Екі сөйлеу – ерге сын», «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені», «Айтылған сөз – атылған оқпен тең». Сондай-ақ, үмітімізді үзбей, ертеңгі күннен бір жақсылық күтіп, тәубемізді қайталап, шыдамдылық танытуға үйреніп қалған аңқау жұрт болашағының баянды, кемелді болғанын қалайды. Уәде – Құдай сөзі. Артық не айтасың?! Билік партиясы құрамында сөз қадірін ұғатын жан бар шығар деп сенеміз. Әйтпесе жай-май адам «аспаннан алтын жаудыра» алмас болар. Жә…

Сөз басында жылына төрт мыңға жуық павлодарлық қоныс тойын тойлауы керек екенін айттық. Құрылыс басқармасы болса, бірінші жартыжылдықта жалпы көлемі 150,30 мың шаршы метр пәтердің кілті тапсырылады деп отыр. Шамамен алғанда 250 отбасы бұл. Қайталап айтайық, бұл «РЕАЛьный» бағдарламаның шынайы көрінісі. Жыл соңына дейін тағы осыншама, тіпті жүз отбасыға артық баспаналы болсын дейік. Сонда қалған 3500 пәтерді партия қайтіп таппақ? Әлде сайлауалды бағдарлама «ҚИЯЛьный» жасалды ма?

Таң қалмасқа болмайтын тағы бір дүние ойға оралып отыр. Мемлекеттің ертеректе жоспарланып, алдын-ала егжей-тегжей болжанған бесжылдыққа арналған бағдарламасының кезектен тыс сайлау қарсаңында жасалған партия бағдарламасына ұқсап кетуін қарашы. Не деген сәйкестік?! Өтірік уәде бермейтін, халықтың тұрмысын жақсартуды ғана мақсат етіп, тәуекелге барған партия болса, биылдың өзінде 3800 пәтердің кілтін тапсын. Тек ескертіп қояйық, қағаздан жасалған үйдің макеті жарамайды. Бұл жерде «қоянның суретін» қалдыра алмайсыздар. Уақыт зырылдауық. «Время действовать», кешіріңіздер, «Нар тәуекел» дегім келген. Абай атамыз айтпақшы, «Серт бұзғанның орны шоқ»…

Жұмабек СМАНОВ,

арнайы «Айқара.kz» сайты үшін.

уреттер ғаламтор желісінен алынды)

Пікір үстеу