Pavlodar, KZ
16°
Fair
Еламан ҚАБДІЛӘШІМ

ҚР Үкіметі 9 ақпандағы ел Президентінің Қазақстан Қарулы Күштеріне кезекті мерзімді әскери қызметке шақыру туралы Жарлығын іске асыру туралы Қаулы қабылдады. Қаулы негізінде өңірлердегі әкімдіктерге шақыру комиссияларының жұмысын ұйымдастыру және 2023 жылдың наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында 18 бен 27 жас аралығындағы кейінге қалдыруға немесе босатуға құқығы жоқ 37 056 ер азаматты шақыруды қамтамасыз ету тапсырылды.

Ал, 2023 жылдың 28 наурызында ҚР Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 33-бабының 1) тармақшасына сәйкес 2023 жылы әскери міндеттілерді әскери жиындарға шақыру туралы бұйрығы беріліп, елімізде әскерге шақыру науқаны басталды.

Қазіргі уақытта Павлодар облысының жергілікті әскери басқару органдарында азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру жұмысы жан-жақты жүргізілуде. Жоспар бойынша 2023 жылы көктемде, Павлодар облысының 761 азаматы мерзімді әскери қызметке шақырылуы тиіс. Оның ішінде, шекара қызметіне – 151, Мемлекеттік күзет қызметіне – 3, Қарулы Күштер қатарына – 292, Ұлттық Ұланға – 285, Төтенше жағдайлар министрлігіне – 30 азамат аттанады деп жоспарлануда  (Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 58 адамға көп. Былтыр көктемде 703, ал күзде 627 азамат сарбаз атанған болатын). Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне мерзімді әскери қызметін өтеуге толық команда жіберілді.

Павлодар облысы Қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары, подполковник Алмазбек Бұхарбаевтың айтуынша, жастарды әскерге ынталандыруда – үгіт-насихат жұмыстарының ашық жасалуы маңызды. Қазіргі науқан барысында Білім беру басқармасымен бірлесе, мектептерде, колледждерде үгіт-насихат шаралары қолға алынған. «Ерлік сабақтары», «Ашық есік күндері» ұйымдастырылуда. Бұндай акция аясында оқушылар облыс аумағында орналасқан әскери бөлімдерге барады, әскери өмірмен, сарбаз тұрмысымен танысады, мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген әскери қызметшілермен әңгімелеседі. Жастарға әскери тыныс-тіршілікті мейлінше шынайы көрсеткенде ғана олар психологиялық тұрғыдан дайын болады.

Жоспардың орындалуы біріншіден, атқарушы тарапқа, екіншіден, жастардың жауапкершілігіне байланысты. Әскерге шақыру қағазын алғанымен сарбаз қатарына қосылудан қашқақтайтын азаматтар аз емес. Ондай жандарға қолданылар шара да қатаң.

Подполковник Алмазбек Асылбекұлының айтуынша, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқықбұзушылық Кодексіне сәйкес өз уақытында шақыру қағазы бойынша әскери есепке тіркелген жергілікті әскери басқару органына келмегені үшін азаматқа 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. 2022 жылы әскери қызметін өтеуден жалтарған 242 азаматқа әкімшілік құқықбұзушылық бойынша іс қозғалып, айыппұл салынған.

– Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 647-бабы бойынша азаматтардың әскери есепке алу жөнiндегi мiндеттерді орындамағаны үшін 127 азаматқа 5 АЕК көлемінде, 648-бап негізінде Медициналық тексерілуден немесе жиындардан жалтарғаны үшін 14 азаматқа 3 АЕК көлемінде, 649-бапқа сәйкес Әскери есепке алу құжаттарын қасақана бүлдiріп немесе жоғалтқаны үшін 103 азаматқа 5 АЕК көлемінде айыппұл салынған. Ал, бір азамат әскери қызметтен жалтарғандықтан сотқа тартылып, 387-баптың 1-бөлігі бойынша 200 сағат қоғамдық жұмысқа жұмылдырылған, – дейді Алмазбек Асылбекұлы.

Бүгінде ата-ана үшін балаларының әскери борышын қай жақта өтейтіні өте маңызды. Баласының ант қабылдау рәсіміне немесе демалыс күндерінде қал-жағдайын білу үшін барып-келуге қиындық тудырмауын ойлайды. Алыс аймаққа қатынауға кететін жол шығынын уайым қылатын ата-ана да аз емес. Осы мәселеге байланысты мынандай ақпарат бар. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінің бастығы Бағдат Амангелдінің мәліметіне сүйенсек, көктемгі әскерге шақыру науқаны барысында ҚР Ұлттық Ұланының экстерриториалдық принциптері өз облысының құзіретінде болады. Мысалы, Павлодар қаласынан шақырылатын болашақ сарбаз Семей және Өскемен қалаларында әскери борышын өтейді.

***

Жастарды әскерге қалай ынталандыруға болады? Әскерге барудан қашатындар неге көп? Әскердің беделін қайтсек көтереміз? Осындай сауалдар төкірегінде айналаға ой жүгіртіп көрген едік.

Әскерге құштарлық отбасынан басталады. Егер ата-анасы өзі үлгі болып, әскерге бару міндет екенін баланың есіне үнемі салып отырса, 18 жасқа толған азамат әскери қызметке құлшына түседі. Әскерге бару үшін физикалық дайындықтан бөлек, психологиялық әзірлік те аса маңызды. Осы ретте балаға ата-ананың ақыл-кеңесінен өзге ештеңе күшті әсер етпейді.

Мысалы, Павлодар қаласындағы Мәшһүр Жүсіп атындағы жалпы орта білім беретін мектептің 7-сынып оқушы Нұрдәулет Нариман әскерге қазірден дайындалып жүр. Ол әкесімен бірге жаттығады, жүгіреді, футбол ойнайды. Інісі Нұрлыбек екеуі дзюдо секциясына қатысады. «Әскерге бару – нағыз жігіттіктің белгісі», – дейді оқушы.

Нұрдәулеттің әкесі Медет мырза үйінің бір бұрышына белтемір орнатып қойған. Қазір Нұрдәулет белтемірге қиналмай-ақ 10-15 рет тартылады.

Нұрдәулет жаттығу жасауда

Психологиялық тұрғыдан келетін болсақ, бала үшін әкенің айтқаны – бұлжымас заң. Әке «Әскер – жақсы» десе, бала үшін әскер жақсы, «Әскер – жаман» десе, жаман болады. Медет мырза мерзімді әскери қызметті 2007-2008 жылдары Ақтау қаласында шекара шегінде өтеген. Ер азамат өткеруге тиісті қиындықтар мен қызықты өз көзімен көрді. Демек, ол ұлына үлгі. Сол шақтардан сыр шертетін фотосуреттерді көрсетіп, тағы қызықтырады. Кез келген ер бала әскери қару-жараққа, жабдықтарға техникаға қызығады. Сол қызықтың бәрін әкесі ұстап көрді, меңгерді. Содан кейін балада «Мен де әкем секілді боламын» деген ой қалыптасады.

«Кез келген ата-ана баласына ақыл айтып, әскерге дайын болуына жағдай жасауы керек. Сонда ғана ол қандай да болсын қиындыққа төзеді. Әскердегі физикалық ауыртпашылық, ұйқының қанбауы, қарынның ашуы түк те емес. Ең бастысы, баланың ішкі дайындығы күшті және өзіне деген сенімділігі мықты болуы керек», – дейді Медет мырза.

Үйде берілген тәрбие мектепте қаншалықты қолдау табады? Сыныптас достардың ықпалы, ұстаздардың әсері де болмай қоймайды. Сыныптастар әскерге баруды құптамаса, мұғалім өз ісінің шебері болмаса, ата-ана еңбегінің еш кеткені. Осы орайда «Бастапқы әскери дайындық пәні мектептерде қалай оқытылады?» деген сауал бас көтереді. Сабақтың қалай оқытылатындығы, мұғалімнің біліктілігі, оның оқушылардың қызығушылығын арттыра білуі сарбаз даярлауда ерекше маңызға ие.

«Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» сабағы мектептерде 10-11-сыныптарда оқытылады. Пән бойынша 10-сынып оқушылары «ҚР Қарулы Күштері – Мемлекеттік қауіпсіздіктің кепілі», «Саптық дайындық», «ҚР Қарулы Күштерінің Жарғылары», «Атыс  дайындығы», «Тактикалық дайындық», «Әскери топография», «Әскери робот техникасының негіздері», «Өмір қауіпсіздігі негіздері және ақпараттық технологиялар» тарауларын, ал, 11-сынып оқушылары «Әскери  қызметтің  құқықтық  негіздерін», «Атыс дайындығын», «Саптық дайындықты», «Технологиялық дайындықты», «Өмір   қауіпсіздігінің  негіздерін» меңгереді. Демек, мектеп табалдырығында оқушы – болашақ сарбаз әскери өмірге дайын болуы қажет.

Павлодар қаласындағы №30 жалпы орта білім беру мектебінің АӘД пәнінің мұғалімі Абзал Ыдырысов осы бағдарламаны жан-жақты үйретуге күш салып жүр. «Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыру үшін сабақты әртүрлі технологиялар, квест ойындар, слайд көрсету арқылы өткіземін. Басқа пәндермен салыстырғанда АӘТД сабағы қатал әскери тәртіппен өтеді. Оқушылардың қызығушылығы жоғары. Сабақтан тыс уақытта мектепте «Сардар» әскери-патриоттық клубы жұмыс істейді. Клубта 5-9-сынып оқушыларына әскери істің негізін үйретемін», – дейді Абзал мұғалім.

Абзал Ыдырысов сабақ өткізуде

Абзал Жаңбырбайұлы оқушылардың әскерге барғысы келмеуінің басты себебі – ғаламтор кеңістігін шарлаған негативті пікірлер мен бейнежазбалардың теріс әсері деп есептейді. «Жастарымыздың өте көп уақыты интернетте отырумен өтеді. Онда әскери қызмет туралы теріс пікірлер өте көп. Сондайды көрген жастарда әскерге қарсы рефлекс пайда болады.

Бұның алдын алу үшін интернет желісінде, теледидардан әскери борышын өтеп жүрген жауынгерлер туралы және жоғары әскери институттарда оқитын курсанттар туралы жақсы патриоттық фильмдер көрсету керек. Мектепте, колледжде оқитын ер балалардың ата-аналары мен әскери институт өкілдері және әскери қызметшілер арасында кездесулерді жиі өткізу қажет», – дейді.

Абзал Ыдырысов сабақ өткізуде

Әрине, әр сыныпта, аптасына тек 1 сағатты ғана қамтитын сабақ барысында көздеген мақсатқа толық жету мүмкін емес. Кейде бұл пәнге немқұрайлылықпен қараушылық та көрініп қалады. Бұл ретте «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» сабағының маңызын арттырып, пән мұғалімінің ықпалын күшейту аса маңызды. Себебі ер мұғалімдер басым мектепте ұлдар ұлықты, қыздар қылықты болады. Оқушылар өздерінің әр қимылын бағып-қағып отырған қатал қабақ, сұсты жанар бар екенін сезінсе, босбелбеу ұлдар, селтеңбай қыздар болмас еді.

Әскердің адам өміріндегі, қоғам өміріндегі маңызын анықтауда кәсіби мамандардың пікіріне ден қою керек. Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтының дене дайындығы кафедрасының оқытушысы капитан Нұртас Смағұловтың айтуынша, әскери өмір ер азаматты кез келген жағдайда төзімділік танытуға үйретеді. Оның ойынша 1 жылдық мерзімді әскери қызметке немесе 4-5 жыл әскери оқуға қадам басу үлкен жүректілікті талап етеді.

Нұртас Смағұлов спортшы сарбаздармен

«Қарапайым дене шынықтыру мұғалімдерінен артықшылығымыз – біз курсанттарды әскери өмірге дайындаймыз. Мысалы, маусым айында Өзбекстанда ТМД елдерінің ІІ әскери спартакиадасы өтеді. Онда біздің курсанттар ел құрамасының сапында әскерилендірілген кросс, табелдік қарудан ату, әскери көпсайыс, шағын футбол, әскери жекпе-жек сайыстарынан сынға түседі. Осылайша олар өздерінің дене дайындығын ғана емес, нағыз әскерге тән төзімділік, табандылық, қайсарлық секілді қасиеттерін шыңдайды. Ең бастысы еліміздің абыройын асырып, қарулы күштердің қуатын халықаралық аренада дәлелдей алады», – дейді капитан Смағұлов.

Ал, жастардың әскерге барудан қашқақтауының басты себебі – патриоттық тәрбиенің осалдығында деп есептейді. «Жастардың басым көпшілігі уақытын жоғалтқысы келмейді. Түрлі сылтауларды айтып құтылып кетуге дайын тұрады. Сондай жастармен сөйлескенде олар бір жыл қиналғанша, кәсіп жасап, ақша тапқысы келетіндерін айтады», – дейді ол.

Кейінгі жылдары «Қырық күндік әскерді» таңдаушылардың қарасы қалың. Нұртас Қаратайұлы бұндай шешімді де құптамайды. «Жауынгерлік қарумен оқ атпаған сарбазға әскери билет берілмейді. Ал, 40 күнде сарбаз тек 1 рет қана қару ұстап, оқ атады. Сол бір реттік мүмкіндікте ол қаруды ұстау техникасын толық меңгеріп кетеді дегенге мүлдем сенбеймін. Қарумен оқ ату бір бөлек те, оның күтіп-баптау, ұрыс қалпына келтіре білу тіптен басқа шаруа… Қырық күнде азамат саптық дайындық, атыс дайындығы, дене дайындығы секілді негізгі талаптарды да меңгермейді» деген ойда ол.

Бектас Кәкімжанов

Жастарды әскерге шақырып, азаматтық борышына адал болуға үгіттеушілердің бірі – Павлодар қаласының тұрғыны Бектас Кәкімжанов. Ол 2015-2016 жылдары Астана қаласындағы «Айбын» Президенттік полкінің Құрметті қарауыл ротасында мерзімді әскери қызметін атқарды.

– Біздің «Айбын» қатарына қосылу үшін ер азаматқа қойылатын талаптар өте жоғары. Алдымен денсаулық жағдайына аса мән беріледі. Бұл құрамға үміткер азаматтың бойы 181 см-ден жоғары болуы қажет. Отбасында қылмыстық жауапкершілікке тартылған азаматтар болмауы керек, – дейді Бектас Құсайынұлы.

Осындай талаптарға сай келген ол бір жыл бойы еліміздегі элиталық әскер қатарында қызмет етті. Құрметті қарауыл ротасының құрамында шет ел Президенттерін және шет елдердің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшілерін қарсы алу рәсімдеріне қатысты. Ақ Ордада, әуежайда қарауылдық қызмет атқарды.

– «Айбын» Президенттік полкінің сарбаздары дипломатиялық кездесулердің көркі болғандықтан біздің бет әлпетіміз, дене тұрқымыз, өне бойымыз үнемі таза, жинақы болуы керек. Бізге қарап, шет елдердің жоғары дәрежелі тұлғалары еліміздің айбынды әскерін таниды. Сол себепті дұрыс тамақтану, салауатты өмір салтын ұстану және спортпен шұғылдану үшін «Айбын» сарбаздарына барлық жағдай жасалған, – дейді ол.

Жоғарыда айтқанымыздай, жастар арасында әскерге барудан бас тартатын, түрлі себептерді сылтауратып жалтаратындар аз емес. Бұл ретте «Бейбіт уақытта әскери жиындарға шақырудан босатылғандар» санатындағы азаматтарға, әсіресе, асыраушысынан айырылған отбасындағы жалғыз балаға, 18 жасқа дейінгі 3 және одан да көп балалары бар азаматқа, күндiзгi нысанда оқытатын бiлiм беру ұйымдарында оқитын студенттерге кешіріммен қарауға болады.

Дегенмен, әскерде болмаған, барғысы келмейтін азаматтардың да пікіріне құлақ асқан жөн. Мысалы, Павлодар қаласының тұрғыны Әлібек Алпыс әскери комиссариат шақыру жібере бергендіктен, «Құлағым тынышталса болды» деп, ақша төлеп, 40 күндік әскерге барған. Ал, Екібастұз Политехникалық колледжінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақытбек Сексенбаев әскери билетті аса маңызды құжат деп есептемейді. Оның әскерге бармауына екі жағдай себеп болған. Сол себепті кейіпкеріміздің өз аузынан «тыңдайық»:

«Мектепті аяқтағаннан кейін досым екеуіміз Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институтына оқуға тапсырдық. Бір ай бойы сынақтан өтіп, жоғары нәтиже көрсетсек те оқуға түсе алмадық. Содан көңіліміз қалып, ауылға қайтып келдік. Мен Ақсу қаласындағы Жаяу Мұса атындағы колледжге оқуға түсіп, дене шынықтыру мұғалімі мамандығын алдым. Бұл – бірінші себеп. Екіншіден, оқуды бітірген соң жасым асып кетті және әскерден қалған көңілді жұбата алмадым. Әскерге деген қызығушылығым да, ынтам да болмады. Сөйтіп «Кейінге қалдыру» туралы қағаз алдым. Қазір жұмысымды істеп, отбасымды асырап, «Әскери билетсіз» тамаша өмір сүріп келемін. Әскери билетті еш жерде сұраған емес.

Бірақ әскерге барса да, бармаса да әр ер азамат Отан қорғауға әзір болуы керек. Мен өзім елімді-жерімді қорғауға қашанда дайынмын», – дейді Бақытбек Қайырболатұлы.

Бақытбек мырзаның сөзінің жаны бар. Әскери билет тек Қарулы күштер мен Құқық қорғау саласында ғана сұранысқа ие. Ал қалған жағдайда аса ескеріле бермейді. «Әскери билет» азаматтың негізгі құжаттарының есебінде саналмайды да. Мысалы, ҚР Электронды үкіметі – «egov.kz» сайтындағы «Цифрлық құжаттар» бөлімінде әскери билет көрсетілмеген. Ал «Жеке кабинет» бөліміндегі «Әскери қызмет» санатында «Әскери қызметке қатыстылығы туралы мәліметтер» қатарында азаматтың тек «Мәртебесі», «Әскери есепте тұрған жергілікті әскери басқару органы» және «Әскери қызметті өткеру кезеңдері» туралы ғана ақпарат берілген. «Ескертпе» ретінде «Сіздің мәліметтеріңіз табылмаған жағдайда Жергілікті әскери басқару органына жүгінуіңізді сұраймыз» деп жазылған. Тым құрығанда азаматтың «Әскери билет нөмірі, әскери шені» көрсетілмеген.

Біздіңше, «Әскери билет» те жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, неке қию куәлігі секілді аса маңызды құжаттардың қатарында болуы керек. Бұл қатардағы «Вакцинация паспорты» мен «Ковид-19-ға қарсы ПЦР тест қорытындысы» адам денсаулығының кепілі болса, «Әскери билет» Отан қорғанысының кепілі деп білеміз.

***

Біз бұл мақаламызда жастардың әскерге баруға тас-түйін дайын болуын, үнемі «Мен – елімнің қорғанымын», «Сарбаз болу менің қолымнан келеді» деген оймен жүруін және соған ықпал ете алуды көздедік.

Пікір үстеу