Pavlodar, KZ
12°
Fair

Кейде ағаларымнан қатты сын, қатқыл пікір естісем, осы бір оқиға есіме түседі:

2016 жыл. Қаракемер кенті. Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланының 6654 Әскери бөлімі.

Сағат – таңғы 04:00. Дабыл! Тәтті ұйқымызды бұзған бұл дабыл кезекті оқу-жаттығу жиынының хабаршысы болатын.

Бұндай кезде әр әскери қызметші, әр сарбаз сақтықпен қимылдап, жинақылық танытуы керек. Себебі жеке құрамның толық жиналып, жауынгерлік дайындығын көрсетуі үшін аз ғана уақыт беріледі. Рота сол аз уақыттың ішінде керек-қажеттерін, құрал-жабдықтарын, қару-жарақтарын алып, түгендеп сапта тұруы міндет. Әр сарбаз, әр бөлімше, әр взвод, әр ротаның жауынгерлік әзірлігі тексеріліп, түгенделген соң ботальон далалық оқу-жаттығу жиынына аттанады.

Сондай қарбаласта біздің ротаның бір сарбазы өзіне бекітіліп берілген АК-74 автоматын жерге құлатып, оқтарын шашып алды. Ал, біздің ротаның командирі аға лейтенант Арыстанбеков ондай олақтықты ұнатпайтын және кешірмейтін. «Жаттығуда қандай ауыр әрі қиын болса, ұрыста сондай жеңіл болады» деген жауынгерлік тәмсілді алға тартатын ол үнемі.

Арыстанбеков ашуланды сол сәтте. Бәрімізді психологиялық қыспаққа алып, тиісті уақыттан екі есе тез қимылдауға пәрмен берді. Күйіп-пысып, сасқалақтаған біз тапсырманы командирдің көңіліндегідей орындай алмадық. Әскердегі бір сарбаздың бір ғана қателігі ұжымды ұятқа қалдырды. Бірлесіп әрекет етудің аса маңызды екеніне, «Барлығы – біреуі үшін, біреуі – барлығы үшін» деген де әскери тәмсілдің шындық екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік.

«Аласапыранда» жүргенде таңғы астың уақыты болды. 07:00-де асхананың алдында сап түзедік. Әскери тәртіп бойынша сарбаздар асханаға взвод-взводпен кезектесіп кіреді. 20 сарбаз дастарханға түгел жайғаспайынша, командирдің пәрменінсіз астан алуға тіпті болмайды.

Сол күні асханадағы апайлардың шабыты шарықтады ма, білмеймін, бар өнерін салған секілді, таңғы астың дәмі былай тұрсын, иісі мұрын жарады. «Порциясы» да мол. «Шәркін-ай, бір тоятын болдық қой» деп жұтынып-жұтынып тұрған сарбаздардың ішектері шұрылдайды.

Жігіттер түгел үстел басына отырған кезде аға лейтенант Арыстанбеков: «Взво-о-о-од!», – деп дауысын созды. Бәріміз қолымызды қасыққа созғалы тыпыршып, тықыршып отырмыз. Енді «Ас болсын!» деуі керек… Арада қанша милисекунд, секунд өткенін білмеймін, бәріміз таңғы астың бұрқыраған буы мен иесіне ғана қанағат қылып, ыдыстарымызды жинадық, орынымыздан тұрдық. «Тамақтануды доғар!» пәрмені берілгенде қолда қасық, ұртта тамақ болмауы керек. Сөйтсем, біздің бағанағы қателегіміз үшін жазасы – осы екен. Осылай біз таңғы астан қағылдық. Алыс әрі «азапты» жолға аш аттандық…

Сол сәтте мен талай қаруласымның, қатарласымның әскерде ілініп-салынып зорға жүргеніне куә болдым. Біздің алдымыздағы шақырылым сарбаздары да, менімен бірге келгендер де командирімізді боқтап, сыбап жатты. Әншейінде «Аға лейтенант мырза» деп өліп-өшіп жүретіндер, «Осыдан әскерден кейін кездессінші, көкесін көзіне көрсетемін мынаның» деп, бір сәтте ғана жерініп, теріс айналды. Ал, Арыстанбеков мырзаның бізді сынап жасаған бұл әрекетінің астарында «Сарбаздар осы қателіктен сабақ алсыншы» деген жанашыр ой жатқанына ешкім мән берген де жоқ…

Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.

(Сурет ашық ғаламтор беттерінен алынды)

Пікір үстеу