Жанаргүл ҚАДЫРОВА

(Кунсткамерадағы Ақкелін атырабы және Шорман әулетінің фотосуреттері хақында)

Кунсткамера – сирек заттар кабинеті – Ресейдегі алғашқы музей, оны 1714 жылы Санкт-Петербургте І Петр патша ашқан. Мұнда көптеген халықтардың тарихы мен тұрмысын сипаттайтын көне бұйымдардың бірегей коллекциясы жинақталған. ХVІІІ ғасырдың басынан бастап Кунсткамера ғимараты Ресей ғылым академиясының символы болып саналады. РФ Президентінің 1991 жылғы 18 желтоқсандағы жарлығымен Ресейдің ұлттық мұрасының ерекше нысандары қатарына енгізілді. Толық атауы – «Ресей ғылым академиясының Ұлы Петр атындағы антропология және этнография музейі» Федералдық мемлекеттік бюджеттік ғылыми мекемесі (Кунсткамера).

1899 жылдан бастап осы музейде фотограф, суретші, коллекционер Самуил Мартынович Дудиннің 500-ден астам фотосуреті сақталып келеді. 2018 жылы аталмыш музейдегі Орталық Азия этнография бөлімінің аға ғылыми қызметкері Валерия Александровна Прищепова Ақкелінде өткен Мұса Шормановтың 200 жылдық тойына қатысқан еді.

– Мен фотосуретшінің мұраларын 1980 жылдан бастап зерттей бастадым. Қазақ халқының өміріне, тұрмыс-салтына арналған кәсіби суреттерді көрген кезімде оларды зерттеуге бірден кірісіп кете алмадым. Өйткені отандық этнография ғылымында музей коллекцияларына көңіл бөлінбейтін. Иллюстративтік және фотоколлекциялар заттай жәдігерлерге қосымша ретінде ғана қарастырылғаны аян. Алайда жылдар өте келе иллюстративтік фотоколлекцияларда өткен шақтың маңызды ақпараттары сақталатынына көзіміз жетті. Мәселен, кимешектің шылауышын алайық. Олар біздің музейде ақ матаның бөліктері түрінде сақталған. Бірақ қалай қолданылғанын ешкім білмейді. Шылауыш байлаудың алуан түрі бар. Ол алуандықты бізге бейнелеу құралдары ғана жеткізе алады. 1992 жылы Алматы қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына келгенге дейін мен бұл коллекцияларды зерттеуге қай жағынан кірісерімді білген жоқпын. Біздің музей мен Ресей этнографиялық музейін осы құрылтайда көрме ұйымдастыруға шақырғанда, біз қазақ мәдениетіне қатысты қомақты коллекция жасадық. Сонда маған бұрын ешкімге ешқайда көрсетілмеген тың материалды жарыққа шығару жөнінде ой келді. Сөйтіп, сөрелерден Дудиннің фотосуреттерін алып шықтым. Көрмені көпшілікке ұсынғанда, оған қызығушылардың қатары  аз болмады. Суретшілер 1920 жылдары Қазақстанға экспедициямен келген Александр Лаврентьевич Мелков туындыларының, сонымен қатар, көне қолөнер бұйымдарының көшірмелерін жасап алып жатты. Сол уақытта маған Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайының қызметкерлері Шормановтар әулетінің адамдарымен бірге көздеріне жас алғанын айтты. Шормановтар көрмеге қайта-қайта келіп, әулеттік фотоальбомдарындағы суреттерді көрмедегі суреттермен салыстырды. Менің бұл әулетпен, Мағида Шормановамен таныстығым сол кезден басталып, 26 жыл бойы достық қарым-қатынастамыз. Содан бері Дудиннің фотоколлекцияларына ден қоя бастадым, – деген еді сол сапарда Валерия Александровна.

Осылайша, көрмеге келген Шорман ұрпақтары кей фотосуреттерден өз туысқандарын таниды.

Валерия Прищепованың айтуынша, Шорман ұрпақтары музей қызметкерлеріне әулет шежіресі жазылған дәптерді көрсетіп, Дудин түсірген суреттердегі адамдарға қатысты деректерді толықтыра түседі.

– 1899 жылы С.М.Дудин Мұса Шормановтың інісі Исаны суретке түсіреді. Өз коллекциясын Дудин өзі тізімдеп, қысқаша сипаттама беріп отырған. Алайда көптеген фотосуреттер тарихын тарқатуға ол сипаттамалар жеткіліксіз болып шықты. Мысал келтірсек, Дудиннің суреттерінде мынадай анықтамалар болды: «Тұрмыстағы бай әйелдің үй киімі», «Бай әйел балаларымен бірге», «Тойдан көрініс», «Ауқатты қазақ отбасы» т.б. Ал Шормановтардың қолындағы фотоларды Дудин коллекциясымен салыстырғанда, музейдегі суреттерден біз Мағида Шорманованы көреміз. Енді бір фото Шормановтар қыстауынікі екен. Техникалық тұрғыда тамаша орындалған және сақталған тағы бір фотода сән-салтанаты келіскен үлкен киіз үйде сол жақта Мұсаның інісі Иса Шорманов отыр, ортада – әйелі Жақай және ұлы Зында. 1992 жылы Алматыда өткен көрмеде Шормановтар көрсеткен отбасылық фотода бала күнінде орыс саяхатшысының фотоаппаратына іліккен ақсақал отыр. Шормановтардың альбомындағы бертінгі фотода отырғандар тура осы кісілер болып шықты: Зында Шорманов әйелі Мағидамен, анасы Жақаймен және балаларымен. Жақай апа туралы шөберелерінің сөзіне сүйенсек, ол кісіде С.М.Дудин фотоларындағыдай, сол қолын жасыратын әдет болыпты. Өйткені сол қолында саусақтары алтау болған екен. Шормановтардың қолында ақ сақалды Иса отырған, жанында баласы Зында мен немересі Рақымтай түрегеп тұрған фото бар. Бұл, меніңше, ХХ ғасырдың басында, оның Меккеге сапары алдында түсірілген, – деді ол.

Шорман ұрпақтары Кунсткамера қызметкерлерін отбасылық альбомнан тағы бірқатар фотосуретпен таныстырады. Соның бірі – Мұса Шормановтың үлкен ұлы Сәдуақастың киіз үйінде түсірілген: Сәдуақас Шормановтың жанында қызы, екі әйелі, немере бауыры Зында және оның ұлы Рапық бар.

Бір қызығы, Кунсткамераның ресми сайтында Мұса Шормановтың Ақкелінде өткен 200 жылдық мерейтойы жайлы шағын ақпарат жарияланыпты. Онда тойға В.Прищепованың шақырылғаны жайлы айтыла келіп, «Салтанатты шарада Шорман ұрпағы – Мағида Шорманова Валерия Александровнаға қазақша шапан жауып, университет ректоры Алтынбек Нұхұлы М.Шорманов мерейтойына арналған естелік медальмен марапаттады» деп түйіндейді.

Жалпы, қазақ даласынан түсірілген түрлі фотолар Ресейдің талай ғалымының зерттеуіне арқау болса, солардың бірі – еңбектерінен қазақ өміріне ерекше ықылас байқалатын жоғарыда аталған Валерия Прищепова.

Ол өзінің ғылыми зерттеуінде «К.В.Щенниковтің 1992 жылы Алматыдағы көрмеге қойылған 1908-1909 жылдары түсірілген суреттері де біз атаған әулет адамдарының тұлғасын анықтауға және коллекцияларды тіркеу кезінде жіберілген қателіктерді түзеуге көмектесті. Суреттерді қарап отырып Қазақстанға сапарға шығып бара жатып С.М.Дудин де, К.В.Щенников те Баянауылда Шоқан Уәлихановтың туыстары – Шормановтар әулетімен жолығатынын алдын ала білгенін түсіну қиын емес», – деп жазады.

Тағы бір қызықты мәлімет, 1899 жылы С.М.Дудин Қазақстаннан тұрмыстық бұйым, ыдыс-аяқтар, саз аспаптарын ала кетеді. Қоянды жәрмеңкесінен зергерлік бұйымдар сатып алса, Павлодар өңірінен кісе, құрсау сияқты бұйым жинайды. Сәдуақас Шормановтың шаңырағынан – ұршық, қымыз құятын ағаш ожау, ағаш қасық, Шорман әулетінен тымақ пен шақша алады.

Бірнеше жыл бұрын Санкт-Петербургке Павлодардағы «Марғұлан орталығының» жетекшісі, археолог Тимур Смағұлов барып, музей мамандарымен Дудин коллекциясы туралы сөз қозғайды. Ресейліктерді Дудин қатысқан экспедиция қандай жолдармен жүрді, кімдермен кездесті деген сұрақтар қызықтырады. Ресейлік фотографтардан жеткен суреттер беттерінде сақталған ақпараттар Баянауылда жүргізілген археологиялық жұмыстар кезінде көп септігін тигізген көрінеді. Той қарсаңында айналасы қоршалып ескерткіш тастардың қойылуы, Ақкелін музейіндегі Шормановтардың ағаш үйінің макеті – осы фотосуреттер арқасында қол жеткен нәтиже.

«Біз «Марғұлан орталығымен» бірге Дудин экспедициясының ықтимал маршрутын жасадық. Заманауи ғимараттар орналасып, мүлдем өзгеріп кеткен жерлерді анықтағанда, музейіміздің электронды парақтарында орналасқан Дудиннің фотосуреттеріне жүгіндік. Алдағы уақытта шығармашылық қарым-қатынасымыз жалғаса бермек», – деді Валерия Прищепова.

Добавить комментарий