Павлодар облысында кітап оқу мәдениетін дамытуға бағытталған тағы бір маңызды қадам жасалды. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Кітап оқитын ұлт» жалпыұлттық жобасын өңірде жүзеге асыру жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

Құжатқа Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев қол қойды.

Меморандумның негізгі мақсаты – кітап оқу мәдениетін кеңінен дәріптеу, қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыру және осы бағыттағы мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, мәдениет мекемелерінің, кітапханалардың, үкіметтік емес ұйымдар мен азаматтық қоғам өкілдерінің күш-жігерін бір арнаға тоғыстыру.

Қазіргі таңда кітап оқу мәселесі әлемнің көптеген мемлекеттері үшін маңызды стратегиялық бағыттардың біріне айналып отыр. Өйткені кітап оқитын қоғам – ойлайтын қоғам. Ал ойлайтын қоғам ғана ғылымда, білімде, мәдениетте және экономикалық дамуда тұрақты жетістіктерге жете алады. Сондықтан Қазақстанда қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» бастамасы елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды ұлттық жоба ретінде бағалануда.

Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін қалыптастырудың маңызын бірнеше мәрте атап өтті. Президент жастардың кітапқа қызығушылығын арттыру, кітапханалардың жұмысын жаңғырту және оқырман мәдениетін дамыту – ұлттың сапалы дамуының басты шарттарының бірі екенін айтып келеді.

Павлодар облысында бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Кітапханаларда әдеби кештер, авторлармен кездесулер, кітап көрмелері, пікірталас алаңдары, оқу марафондары ұйымдастырылып келеді. Бүгін қол қойылған меморандум осы бастамалардың аясын кеңейтіп, оларды жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Ынтымақтастық аясында өңірде балалар мен жастар арасында кітап оқуды насихаттау, отбасылық оқу дәстүрін қалыптастыру, кітапханалардың қоғамдағы рөлін күшейту, заманауи оқу форматтарын енгізу, әдеби жобаларды жүзеге асыру және тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған кешенді іс-шаралар қолға алынбақ.

Әсіресе, жас ұрпақтың оқу сауаттылығын арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және ұлттық әдеби мұраны кеңінен насихаттау – жобаның негізгі басымдықтарының бірі болмақ.

Сарапшылардың пікірінше, цифрлық технологиялар қарқынды дамыған қазіргі кезеңде кітаптың құндылығы бұрынғыдан да арта түсуде. Өйткені кітап адамды терең ойлауға, талдауға, дүниетанымын кеңейтуге және рухани тұрғыдан кемелденуге жетелейді. Сондықтан оқу мәдениетін дамыту – тек мәдени саясаттың ғана емес, елдің адами капиталын қалыптастырудың маңызды құрамдас бөлігі.

Павлодар облысының «Кітап оқитын ұлт» жобасына ресми түрде қосылуы – өңірдегі оқу мәдениетін жаңа белеске көтеруге бағытталған маңызды қадам. Бұл бастама алдағы уақытта кітапқа қызығушылықты арттырып қана қоймай, білімді, парасатты әрі бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеуге өз үлесін қосады деген сенім мол.

 

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий