Мемлекеттік рәміздер – мемлекеттің тәуелсіздігі мен егемендігін, тарихын, ұлттық құндылықтары мен рухани тұтастығын бейнелейтін қасиетті нышандар. Олар елдің халықаралық беделін айқындап қана қоймай, азаматтардың мемлекетке деген құрметін, отансүйгіштік сезімін қалыптастыруда ерекше рөл атқаратыны мәлім. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәдениеті мен оларды қорғау мәселесі әрдайым мемлекет назарында болады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін: «Отаншылдық дегеніміз – әрине, Отанға деген сүйіспеншілік деген сөз. Алайда, Отан алдындағы жауапкершілігіңді сезініп, перзенттік парызыңды өтеуге талпынбасаң, «отаншылмын, патриотпын» деген сөзіңнің құны көк тиын болмақ. Қоғамда «Қазақстанның мемлекеттік Туын қайда және қашан қолданған жөн?» деген маңызды мәселе талқыланып жатыр. Бұл мәселе арнайы нормалармен және ережелермен реттеледі. Мемлекеттік рәміздерді пайдалануға жеңіл-желпі, салғырт қарауға болмайды. Заң талабы әрдайым орындалуға тиіс», – деп атап көрсетті.

Мемлекет басшысы ең алдымен, заңның түпкі мәнін терең түсіну керектігін ескертіп: «Мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, оларды жөнімен пайдаланатын отаншыл азаматтарды барынша қолдау қажет. Мен үйлерде, көліктерде, көшелерде, сондай-ақ еліміздегі, әсіресе, шетелдегі спорттық және іс-шараларда көк Туымыз желбіреп тұрғанда қуанып қаламын. Сол арқылы еліміздің азаматтары бірлігі бекем ұлт екенімізді көрсетеді. Олардың әрекеттерінен туған елін мақтан тұтатыны байқалып тұрады», – деген еді.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік туымызды пайдалану тәртібін қайта қарап, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болатынын да айтқан-тұғын.

«Қазір әлеуметтік желіде мемлекеттік туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылуда. Өкінішке қарай, қасиетті көк туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені көк туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы. 

«Туған жерге туыңды тік» деп халқымыз бекер айтпаған. Біз – туын әрқашан биік ұстаған елміз. Осы ретте Қаныш Сәтбаевтың бір ойы өзекті болып отырған сияқты: «Өз елінің қара тасын мақтан ете алмаған, өзге жердің алтынын да мақтап жарытпақ емес». 
Мемлекеттік рәміздерімізді қастерлеу – әр азаматтың перзенттік парызы. Осыны өскелең ұрпақтың санасына сіңіретін ең әуелі – сіздер, яғни зиялы қауым», – деген болатын Мемлекет басшысы.

Міне, осы мәселелер ескеріле отырып, Қазақстан Үкіметі мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін жетілдіруге бағытталған маңызды қадам жасады. Үкіметтің 2026 жылғы 26 маусымдағы қаулысымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін пайдалану (орнату, орналастыру) қағидаларына өзгерістер енгізілді. Жаңа талаптар 2026 жылғы 13 шілдеден бастап күшіне енеді.

 

Мемлекеттік Туды пайдалануға мүмкіндік кеңейді

Жаңа қағидалардағы ең маңызды жаңалықтардың бірі – азаматтардың Мемлекеттік Туды пайдалану мүмкіндігінің кеңейтілуі.

Енді патриоттық сезімді, қазақстандық бірегейлікті білдіру және еліміздің жетістіктерін қолдау мақсатында жеке және заңды тұлғалар Мемлекеттік Туды тұрғын және тұрғын емес ғимараттарға, оның ішінде балкондарға 45 градус бұрышпен орналастыра алады. Сонымен қатар Туды түрлі салтанатты іс-шаралар өтетін орындарға орнатуға да рұқсат берілді.

Бұл өзгеріс мемлекеттік рәміздерді қоғам өмірінде кеңінен қолдануға мүмкіндік беріп, азаматтардың өз елінің басты нышанына деген құрметін ашық білдіруіне жағдай жасайды.

 

Еркіндікпен бірге жауапкершілік те артады

Алайда Мемлекеттік Туды пайдалану құқығымен бірге оған қойылатын талаптар да күшейтілді.

Қағидаға сәйкес, қолданылатын Ту көлеміне қарамастан ұлттық стандарт талаптарына толық сәйкес болуы тиіс. Мемлекеттік Туды ұлттық стандартқа қайшы дайындауға немесе пайдалануға жол берілмейді.

Сондай-ақ Туды оның қадір-қасиетін төмендететін немесе қорлауға бағытталған кез келген мақсатта пайдалануға қатаң тыйым салынған.

Бұл талаптар мемлекеттік рәміздің мәртебесін сақтау мен қоғамда оған деген құрмет мәдениетін нығайтуға бағытталған.

 

Мемлекеттік Туды орналастырудың нақты талаптары  

Жаңартылған қағидада Мемлекеттік Туды пайдалану кезінде сақталуға тиіс техникалық және этикалық талаптар егжей-тегжейлі нақтыланған.

Атап айтқанда, жеке тұрғын үйлерге Ту жерден кемінде үш метр биіктікте орналастырылуы тиіс. Ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктеріне байланысты оны үйге іргелес орналасқан жеке ту тұғырына орнатуға болады.

Сонымен бірге:

Ту жерге, еденге, суға немесе басқа да беттерге тимеуі қажет;

тік орналастырылған жағдайда ұлттық ою матаның жоғарғы бөлігінде орналасуы тиіс;

мәдени, спорттық немесе қоғамдық іс-шараларда Ту коммерциялық мақсатта пайдаланылмауы керек;

жыртылған, өңі кеткен, мыжылған, ластанған немесе бүлінген Туды қолдануға болмайды;

жеке және заңды тұлғалардың көлік құралдарының салонында Мемлекеттік Туды заң талаптарын сақтай отырып пайдалануға рұқсат етіледі.

Бұл талаптардың барлығы мемлекеттік рәміздің көркемдік және рәміздік мәнін сақтауға бағытталған.

 

Қандай әрекеттерге тыйым салынады?

Жаңа қағида Мемлекеттік Туға қатысты тыйым салынатын әрекеттерді де нақтылайды.

Енді Мемлекеттік Туды:

қасақана бүлдіруге;

жоюға;

өртеуге;

жыртуға;

жерге тастауға;

мақсатсыз пайдалануға;

оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиетін төмендететін кез келген әрекет жасауға жол берілмейді.

Сонымен бірге Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта пайдалануға, сондай-ақ оны киім-кешекке, төсек-орын жабдықтарына, перделерге, дастарқанға, кілемшелерге және басқа да тұрмыстық бұйымдарға орналастыруға тыйым салынды.

Ал халықаралық спорт жарыстарының тәжірибесі ескеріліп, спортшылардың спорттық киімдері мен арнайы жабдықтарында Мемлекеттік Тудың бейнесін пайдалануға рұқсат берілді.

 

Мемлекеттік рәміздерді орналастырудың бірыңғай тәртібі

Жаңа қағида мемлекеттік органдардың ресми интернет-ресурстарында және ақпараттық стендтерде мемлекеттік рәміздерді орналастырудың бірыңғай стандартын да бекітті.

Енді Президенттің, Парламенттің, Үкіметтің, мемлекеттік органдардың, соттардың, мәслихаттар мен әкімдіктердің ресми интернет-ресурстарында мемлекеттік рәміздер мынадай тәртіппен орналасуы тиіс:

Мемлекеттік Ту – Мемлекеттік Елтаңба – Мемлекеттік Әнұран.

Бұл ретте олардың барлығы бір деңгейде орналастырылуы міндетті.

Осындай талап мемлекеттік рәміздер бейнеленген стендтерге, плакаттарға және басқа да көрнекі материалдарға да қолданылады.

 

Безендірудің де өз стандарты бар

Жаңартылған қағида мемлекеттік рәміздер орналасқан орындардың эстетикалық талаптарына да ерекше көңіл бөледі.

Егер бөлмеде Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран мәтіні орналастырылса, ол орын таза, көркем безендірілген болуы және шаруашылық-тұрмыстық бөлмелерден, дәліздерден немесе киім ілетін орындардан алыс орналасуы тиіс.

Сондай-ақ мемлекеттік рәміздер бейнеленген стендтер мен плакаттарды рәсімдеу кезінде көк түсті фон қолданылып, барлық жазулар алтын түспен жазылуы қажет.

Бұл талаптар мемлекеттік рәміздердің көркемдік тұтастығын сақтап, олардың мәртебесін айқындай түседі.

 

Патриоттық мәдениетті қалыптастыру қадамы

Соңғы жылдары Қазақстанда мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аударылып келеді. Еліміздің көптеген тұрғындары ұлттық мерекелерде, халықаралық жарыстар кезінде немесе маңызды қоғамдық оқиғаларда Мемлекеттік Туды өз үйлеріне, балкондарына және қоғамдық орындарға орналастыруға қызығушылық таныта бастады.

Жаңа қағида осы қоғамдық сұранысты құқықтық тұрғыдан реттеп, бір жағынан азаматтардың патриоттық бастамаларын қолдаса, екінші жағынан мемлекеттік рәміздерді пайдалану мәдениетіне ортақ талаптар енгізеді.

 

Мемлекеттік рәміз – елге деген құрметтің өлшемі

Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран – Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігінің, халқымыздың бірлігі мен ортақ құндылықтарының белгісі.

Сондықтан мемлекеттік рәміздерді пайдалану кезінде белгіленген талаптарды сақтау – заң талабын орындау ғана емес, әрбір азаматтың елге деген құрметінің, азаматтық жауапкершілігінің және ұлттық мәдениетінің көрінісі.

13 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа қағидалар мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібін заман талабына сай жетілдіріп қана қоймай, қоғамда патриоттық сананы нығайтуға, ұлттық бірегейлікті дәріптеуге және мемлекеттік рәміздердің мәртебесін одан әрі арттыруға қызмет ететін маңызды құқықтық құжат болмақ.

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий