
Торайғыров университетінде Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастыруымен «Түркі жазбалары – мәңгілік мұра» атты облыстық конкурс өтті. Аталған шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын насихаттау, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтатықты нығайту, ана тіліне деген құрметті арттыру.
Конкурсқа Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалаларының және Павлодар облысына қарасты аудандардың 18 жастан асқан азаматтары қатысты. Конкурс – үш кезең бойынша ұйымдастырылды. Қатысушылар бірінші кезеңде – түркі тілдес халықтарға ортақ тарихи жәдігерлерді таныстыру; екінші кезеңде – ұсынылған тақырып бойынша эссе жазу; үшінші кезең – түркі халықтарына ортақ көне наным-сенімдер мен салт-дәстүрлердің мән-мағынасын түсіндіру бойынша сынға түсті. Қатысушылардың жұмыстарын жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамынан құралған қазылар алқасы бағалады.
Конкурс қорытындысы бойынша I орын Павлодар ауданының үміткері Аян Шербаға бұйырды. II орынды Екібастұз қаласының қатысушысы Ментай Кобешова иеленді, ал III орынға Тереңкөл ауданының үміткері Нұрберді Базархан лайықты деп танылды. Барлық жеңімпаздар мен қатысушылар дипломдармен, алғысхаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
