Ұстаз

Мұз жамылып жатпасын деп қыста мен –

жылы жел боп маңдайымнан сүйіп ең.

Бір ғажайып құзар-шыңды нұсқап ең,

Өзіміздің Алатаудай биік ол…

 

Сен бір үлкен өзен едің мол сулы,

толқыныңның жалы жатыр Ай қағып,

Мен – жас бұлақ, үйретіп ең толқуды,

келем әлі белгісіздеу сайда ағып.

 

Жұмекен НӘЖМЕДЕНОВ

Ұстаз

Заводта болсаң, күнбе-күн

көрінер еді табысың.

Дәрігер болсаң, түрлі емің –

сырқаулы жанның бағы шын.

 

Ал сенің еңбек жемісің

өзгеше тіпті басқадан:

ол – өзін арнап ел үшін

осынау жүрген жақсы адам.

 

Жақсы адам – елдің тірегі,

байлығы туған халықтың,

шапағын шашар үнемі

көгінде тұрған жарық күн.

 

Сан жастың қамын шертесің,

тағдырын ойлап толғанып.

Әр үйдің бір-бір еркесін

үйреттің өзің қолға алып.

 

Ұстазсыз жанда сөнбек күн,

шәкіртсіз өмір – сусыз жер.

Көрінбес ғажап еңбектің

бейнетін кешіп жүрсіздер.

 

Жүректе тұрар жалқы үнің,

жанымнан жалын жігер күт.

Ұстазым, сенің әр күнің,

әр сәтің тұрған бір ерлік!

 

Фариза ОҢҒАРСЫНОВА

 

Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім!

Академик, министр бол тіпті сен,

Кім болсаң да, мектеп көрдің кеше сен.

Кім болсаң да қарайлап жүр ұстазға,

Алааяқтар алдын орап кетпесін.

 

Қашан көрсең күнге ұқсаған жанары,

Ұстаздардан көнбіс адам жоқ әлі.

Мектеп көрген әдептілер айтпақшы,

«Мұғалімнен шықпаңыздар жоғары».

 

 

Орындалып айталық бір ойдағы іс,

Отырармыз қуаныш та, тойда біз.

Сондай кезде есте болар бір нәрсе,

Мұғалімнен бұрын сөйлеп қоймаңыз.

 

Ақыл. Сана. Сабыр. Талас-тартысу,

Мұғалімнің табиғаты жалпы осы.

Бос уақыты ойдан басқа ойы жоқ,

Бос уақыты – әрбір түннің жартысы.

 

Қай баласың? Кім боласың, шырағым?

Кешірерсің ерсі естілсе сұрағым.

Кім болсаң да кідіре тұр кішкене,

Кідіре тұр, өтіп кетсін мұғалім.

 

Ал мұғалім барса алдыңа дұрысы

Жүрегіңмен сездір-дағы ұлы ісін,

Ұшып тұрып, қалбалақтап қол беріп,

Тастай қылып тындырып бер жұмысын.

 

…Кім боласың?

Ұмтылмаңыз жоғары,

Мұғалімнен үлкен адам жоқ әлі!

Кім болмаңыз, прокурор ма, сотсыз ба,

Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім!

 

Үмбетбай УАЙДИН

 

Ұстазым

Ұстазым, арманымның белесі едің,

Мен бүгін өзіңменен кеңесемін.

Әдеппен «Әліппені» үйретпесең,

Әдепті адам болдым демес едім.

 

Ұстазым, арманымның белесі едің,

Көк сүйген тауларымның төбесі едің.

Алдыңда ақыл кені ақтарылып,

Дария даналармен теңесемін.

 

Ұстазым, арманымның белесі едің,

Қызықты күндерімнің елесі едің.

Алуын алдым сенен алуымша,

Еліме ұшан-теңіз берешегім.

 

Ұстазым, арманымның белесі едің,

Самғайтын қиялымның кемесі едің.

Өмірлік өзің берген өнегеңмен

Күлімдеп қарсы алады келешегім.

 

Абрахман АСЫЛБЕК

Соңғы қоңырау

Көктемгі аспанның жаңғырып дауысы бір күні,

Көз жауын алып құлпырар сосын қыр гүлі.

Хабарын алып жеттің бе жаңа маусымның,

Соңғы қоңырау – он жеті жастың күркірі.

 

Балалық шақтың оятып күллі өлкесін,

Балауса ойдың қасытып кенет желкесін.

Қимастық шақтың қып-қызыл жібін үзгендей,

Қимастық үні, не деген ғана еркесің?!

 

Ертең-ақ, ертең толқындарымен тербеп кеп,

Теңіздей өмір төріне қарай төрлетпек.

Құлақтың бірақ құрышында қалар мәңгілік

Сол қоңырау үні, сол бір топ бала, сол мектеп.

 

Сол қоңырау үні үмітпен бастап жол басын,

Арманға қосып алысқа тартар арнасын.

Сан қоңырауларды күмбірлетерсің, дауысы тек

Он жеті жастың тазалығынан танбасын!

 

Кеңшілік МЫРЗАБЕКОВ

Добавить комментарий