Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында ОСК жанындағы Сараптамалық кеңестің VI отырысы өтіп, онда Қазақстан Республикасының Құрылтайы депутаттарының алғашқы сайлауын дайындау және өткізу барысында сайлау заңнамасындағы жаңа нормаларды қолдану мәселелері талқыланды.
Отырысқа қатысушылар Жаңа Конституция аясында сайлау құқығын дамыту, Құрылтай депутаттарын сайлауды өткізудің ерекшеліктері, сайлау алдындағы үгітті құқықтық реттеу, азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру кепілдіктерін кеңейту және сайлауды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру мәселелерін қарастырды.
Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы өзінің кіріспе сөзінде жаңартылған «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңының ережелерін іске асыру және қазіргі сайлау науқанында алғаш рет қолданылып отырған жаңа заңнамалық тетіктерді енгізу мәселелері басты назарда екендігіне тоқталды.
«Конституциялық реформа аясында 1 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен тағайындалған Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны бастау алды. Сол күні біз Орталық сайлау комиссиясының алғашқы отырысын өткізіп, негізгі электоралдық іс-шаралардың Күнтізбелік жоспарын бекіттік. Орталық сайлау комиссиясы үшін басты міндет – ұйымдастырушылық іс-шаралардың ауқымды кешенін тиімді әрі уақытылы іске асыру, өйткені олардың орындалуы жалпы сайлау үдерісінің сапасына тікелей әсер етеді, – деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.
Сондай-ақ, ОСК Төрағасы Сараптамалық кеңестің жаңартылған құрамын таныстырып, Кеңес мүшелері 2022 жылы құрылған кезден бастап негізгі құжаттарды әзірлеуге және конституциялық әрі сайлау заңнамасын дамыту мәселелерін ғылыми-сараптамалық тұрғыдан сүйемелдеуге белсенді қатысып келе жатқанын атап өтті. Ол Кеңес мүшелерінің жаңа Конституция жобасын әзірлеу жөніндегі Конституциялық комиссияның жұмысына, жаңа Конституцияға арналған ғылыми түсіндірмені әзірлеуге, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының түсіндірмесінің жаңа басылымын дайындауға қатысқанын атап өтті.
Жаңа Конституция аясында сайлау құқығын дамыту мәселесіне қатысты өз пікірін Кеңес мүшесі, заң ғылымдарының докторы, Заң ғылымдары академиясының академигі Ермек Әбдірасулов білдірді. Ол конституциялық реформаның сайлау құқығын дамытудың жаңа бағытын айқындағанын, ал жаңа Конституцияның ережелері жаңартылған сайлау заңнамасында және оларды іске асыруды қамтамасыз ететін өзге де заңнамалық актілерде дәйекті түрде көрініс тапқанын атап өтті.
«Жаһандық жаңғырудың негізінде «Заң және Тәртіп» қағидатына негізделген Әділетті Қазақстан философиясы жатыр. Осы парадигмада сайлау жүйесі билікті қалыптастырудың жай ғана техникалық құралы емес, мемлекеттің легитимділігін қамтамасыз ететін негізгі өзек ретінде көрінеді. Конституциялық реформа жария биліктің үш негізгі деңгейін – Президенттік институтты, жоғары заң шығарушы органды, сондай-ақ жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін қамтыды. Бұл үлгіде сайлау жүйесі жария биліктің заңдылығын қамтамасыз ететін институт ретінде ерекше маңызға ие болады. Жүргізілген реформа мемлекеттің электоралдық егемендігін қорғайды және ең бастысы – Әділетті Қазақстанда әрбір әлеуметтік топтың дауысы ескеріліп қана қоймай, жоғары мемлекеттік деңгейде институционалдық тұрғыдан естілуіне кепілдік береді», – деп атап өтті Ермек Әбдірасулов.
Кеңес мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Исидор Борчашвили де жаңа Конституция аясындағы сайлау жүйесінің эволюциясы туралы өз пікірін білдірді. Ол елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның маңыздылығына тоқталып, оның елдің одан әрі дамуына елеулі серпін бергенін атап өтті.
Ал Кеңес мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Индира Әубәкірова өз сөзінде азаматтардың сайлау жүйесіне деген сенімін одан әрі нығайтудың маңыздылығына ерекше назар аударды.
«Менің ойымша, біз өкілді демократияның жаңа моделінің қалыптасуына куә болып отырмыз. Парламенттің құрылымы ғана емес, оның шын мәнінде ықпалды болуын қамтамасыз ететін түсініктің өзі өзгерді. Конституционализм тарихы Парламенттің шынайы ықпалы Конституциялық негіздермен қатар, қоғамның оған деген сеніміне де тікелей байланысты екенін дәлелдейді. Сайлаудың басты нәтижесі – қоғамның сенімі. Өйткені ең кемел заңның өзі, егер қоғам парламентті қалыптастыру рәсіміне сенбесе, оның легитимділігін қамтамасыз ете алмайды. Осы тұрғыда Орталық сайлау комиссиясы сайлауды ұйымдастырушы орган ғана емес, сайлауға деген қоғамдық сенімнің конституциялық кепіліне айналады», – деп атап өтті Индира Әубәкірова.
Заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамов өз сөзінде сайлау алдындағы үгітті құқықтық реттеуге қатысты заңнамадағы жаңашылдықтарға тоқталды. Ол енгізілген өзгерістердің, сонымен қатар барлық сайлаушыларды осы жаңа нормалар туралы кеңінен ақпараттандыру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды.
Сараптамалық кеңес мүшелері азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру кепілдіктерін кеңейту мәселелерін де талқылады. Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілова дауыс беру орындарын айқындаудың жаңа тәсілдері мен азаматтарды сайлаушылар тізімімен таныстыру тәртібін жетілдіруге қатысты заңнамадағы жаңа нормаларды таныстырды.
«Заңнамадағы ең маңызды жаңашылдықтардың бірі – вахталық әдіспен жұмыс істейтін қызметкерлерге, сондай-ақ үздіксіз жұмыс істейтін өндірістері бар ұйымдардың жұмыскерлеріне арналған сайлау учаскелерін құру мүмкіндігінің енгізілуі. Бұл түзетудің практикалық маңызы зор. Бүгінде дауыс беру күні мыңдаған азамат кен орындарында, өндірістік кәсіпорындарда және басқа да шалғай орналасқан нысандарда еңбек етеді. Мұндай жағдайларда өндірістік процеске зиян келтірмей жұмыс орнын тастап кету мүмкін емес. Соның салдарынан олардың сайлауға қатысуға қатысты конституциялық құқығын іске асыру объективті түрде қиынға соғатын. Заңның жаңа ережелері осындай азаматтардың жұмыс орындарында тікелей сайлау учаскелерін құруға мүмкіндік береді. Осылайша, сайлауға қатысудағы ұйымдастырушылық кедергілерді жойылып, еңбек жағдайына қарамастан әрбір азаматтың сайлау құқықтарын тең дәрежеде жүзеге асыруына жағдай жасалады», – деп түсіндірді Әсел Жанабилова.
Кеңес мүшесі Снежанна Имашева кездесуге қатысушылармен мемлекеттік емес көздерден сайлауды қаржыландыруға қатысты сайлау заңнамасындағы жаңашылдықтар жөніндегі пікірімен бөлісті. Ол сайлау науқандарын жасырын қаржыландырудың алдын алуға, сайлау қорлары қаражатының қалыптастырылуы мен жұмсалуының ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіруге бағытталған жаңа тетіктерге жан-жақты тоқталды.
Отырысты қорытындылай келе, қатысушылар сайлау заңнамасын жаңғырту ғылыми тұрғыдан үздіксіз зерделеуді және құқық қолдану практикасын тұрақты талдауды қажет ететінін атап өтті. Осыған байланысты ғылыми және сарапшылық қауымдастықтың жетекші өкілдерін біріктіретін Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сараптамалық кеңес сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіру және Қазақстан Республикасының сайлау жүйесін дамыту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуге арналған маңызды алаң болып қала беретіні ерекше атап өтілді.
https://www.election.gov.kz/











