«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Баянауыл аудандық филиалының ұйымдастыруымен Қалмұқан Исабаев атындағы аудандық орталық кітапханада «Жүрегі жырмен өрілген» атты көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы ұйымдастырылды. Тіл мен әдебиетті ту еткен жиын көрнекті ақын Төлеген Мұқаевтың шығармашылығын насихаттауға арналды.

Ақын Төлеген Тұрсынбайұлы Мұқаев 1949 жылы Баянауыл ауданына дүниеге келген. 1967 жылы С.Торайғыров мектебін «Алтын медальмен» бітірген. 1972 жылы Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 1973-1975 жылдары аудандық «Жеңіс» (қазіргі «Баянтау») газетінде журналист болған. 1975 жылы ақын Қабдікәрім Ыдырысовтың шақыруымен Алматыға қоныс аударған. «Жалын» баспасында редактор болып жұмыс істеген. «Тұңғыш кітап» (1977), «Жер жылуы» (1980), «Ардақ» (1989) жыр жинақтары жарық көрген. «Айдын шалқар» ұжымдық жинағына (1986) «Тулайды жүрек» атты өлеңдер топтамасы енген. Ақын туған-туыстарымен соңғы рет 1992-93 жылдары хабар алмасқан. Сол уақыттан бері Төлеген Мұқаевтан еш хабар жоқ.
«Есімі марқұмдар қатарына қосылып аталып жүрген» тағдырлы ақынның шығармаларын насихаттауды мақсат тұтқан алғашқы аудандық байқауға жалпы білім беретін мектептердің 7-10 сынып оқушылары қатысты. 7 үміткер бақ сынаған байқауда көбінесе ақынның «Нан», «Ән ғұмыры», «Ініммен диалог», «Жастық үні», «Сағат», «Теңізбен тілдесу» өлеңдері оқылды.

Көркемсөз шеберлерінің өнеріне «Aiqara.kz» порталының бас редакторы Асыл Әбіш және порталдың шеф-редакторы, ақын Айбек Оралхан баға берді.
Қазылар алқасының шешімімен байқаудың I дәрежелі дипломын және 40 000 теңгелік ақшалай сыйлығын Ш. Шөкин атындағы №2 мектебінің оқушысы Мәдина Балғабай иеленді.

II орын мен 30 000 теңгелік жүлде Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы мектептің шәкірті Айзада Тұранәліге бұйырса, III орынды және 20 000 теңгелік сыйлықты Жайма мектебінің оқушысы Ақбота Хален алды.
Б. Хайдаров атындағы мектептің оқушысы Еркежан Кәукен өзіндік ерекшелігімен көзге түсіп, «Aiqara.kz» порталының арнайы жүлдесіне (10 000 теңге) ие болды.

Сонымен қатар, белсенділік танытқан оқушылар: Рамазан Өмірбек (Ш. Айманов атындағы мектеп), Аделя Берік (З. Ақышев атындағы мектеп) және Қарақат Абильдина (Ж. Аймауытов атындағы мектеп) Алғыс хаттармен және 5 000 теңгелік ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Марапаттау рәсімінен соң З. Ақышев атындағы мектептің басшысы, руханият жанашыры Абылайхан Олжатай сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығы мен ақын өлеңдерінің мазмұндылығына тоқталды.
– Мен оқушылардың талантына тәнті болдым. Қазіргідей телефонға телмірген заманда, біз үшін балаларға өлең жаттату түгілі, кітап оқыту қиынға соғып отыр. Осы бағытта аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаздарға қажыр-қайрат тілеймін. Ал, ақын өлеңдері өте әсерлі екен. Өлеңдерде жігерлілік, ізгілік, адамдық қасиеттерді үлгі ете жырлайтын шумақтар мол екен. Мен өзіме ұнаған тармақтарды түртіп алдым. «…Бізге қара сүйсінгің келсе егер де, Жиырмасыншы ғасырдың дидарына…», «…Бұл тіршілік болсадағы тым қысқа, Таланттарға тыныстауға жетеді…», «…Қарап отырсам тіршілік мына, Жүйріктері көп жарыстай екен…», «…Болмайды дейді шын жүйріктерде, Мәреге жетпей алқыну деген» деп жырлаған ақынның өлеңдері мәңгі жасайды деп сенемін.
Сөзінің соңында Абылайхан Серікбайұлы қазылар алқасына, биыл туғанына 115 жыл толған жазушы З.Ақышевтың «Иманжүсіп» кітабын сыйға тартты.
Осы ретте айта кетсек орынды болар, Зейтін Ақышев «Иманжүсіп» романын 1982 жылы баспаға ұсынған. Алайда цензура романға бұл атты жөн көрмей, ұлттық сананы оятуға күш салатын туындының мазмұнына да шүйлігіп, жарыққа шығармай 5 жыл тұсап ұстаған екен. Тек, 1987 жылы барынша қысқартып «Шынардың шыбығы» деген атпен шығарған. 2000 жылдары жазушы үрпақтары романның толық нұсқасын «Иманжүсіп» атауымен қайтадан оқырманға ұсынған. Романда қазақ даласының дәстүр-жоралғысы, бекзат мәдениеті, батыр әрі сазгер, сері даңқты Иманжүсіп Құтпанұлының өскен ортасы, Балуан Шолақ, Қажымұқан, Паң Нұрмағамбет сынды түлғалармен қатынасы, орыстың озбыр саясатына қарсы күресі, т.б. тарихи деректер шебер сомдалған.

Бұл рәсімнен кейін ақын, өлкетанушы, Қазақстан журналистер одағының мүшесі Төлеш Сембеков Төлеген Мұқаевқа арнаған экспромт өлеңін оқыды:
Мен даланың іздедім адалдығын,
Әділдікті бойыма қамал қылдым.
Өмірдегі талай бір тағдырларға
Күресуге тұтқа боп адамдығым.
Өсіп-өндім жасымнан өлеңменен,
Туралықтың жолында көгерген ем.
Сөзі қалды артында міне осындай,
Құрбан болып боздақтың өлгенімен.
Көркем мінез дос болған асыл ермен,
Жиіркенген көре қалса қатыгезден.
Тума дарын, нағыз ақын ағамыз,
Жас ұрпаққа айтарым артына ерген.
Бола ма ендігілер мұндай ақын,
Болса болар бәлкім-ау соған жақын.
Қайтара ала алмайды Баянаула,
Маңдайына сыймаған кеткен бағын.
Өр намысты ұланның сипаты бұл,
Қайталанбас өлеңнен жиған тұғыр.
Бүгін міне Төлеген тірілгендей,
Иә, Құдай, бір өзің иманды қыл.

Іс-шара барысында өнерпаздар – дәстүрлі әнші Самал Жакупова ән шырқаса, термеші Азамат Базарбай құлақтың құрышын қандыра терме орындады. Сондай-ақ, Ш.Шөкин атындағы №2 мектептің оқушылары Мерей Молдасарина мен Жания Бағадат күмбірлеген күй шертіп, рухани кештің ажарын аша түсті.

Жиын соңында байқау ұйымдастырушысы – «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Баянауыл аудандық филиалының төрағасы Мұсабек Сейсенбекұлы сөз алып, ақын есімін жаңғыртып, шығармашылық мұрасын насихаттауға үлес қосқан азаматтарға алғыс білдірді.
– Байқауға белсенді қатысқан мектеп оқушыларға, жетекші ұстаздарға алғыс. Осыдан кейін де Төлеген Мұқаев өлеңдерін үнемі оқып жүресіздер деп сенемін. Сонымен бірге, Баянауыл аудандық білім бөліміне ерекше рахмет. Өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беру жолында толйым табыстар тілеймін. Қ.Исабаев атындағы аудандық кітапхана ұжымына алғыс. Қолдаушы болмаса, топ жарар жүйрік қалай шыңдалмақ. Оқушылардың талабын ұштауға барынша қолдау көрсеткен – қаржылай демеушілік танытқан әдебиет жанашыры Мәжитов Мұрат Қабденұлына және «Aiqara.kz» ақпараттық-сараптамалық порталына алғыс білдіремін. Мұндай қолдау жас дарындардың қанатын қатайтып, ана тіліміздің мәртебесін асқақтатуға зор үлес қосары сөзсіз. Байқау келесі жылы да жалғасын тауып, таланттардың тынысын ашуға сеп бола түседі деп ойлаймын, – деді Мұсабек Сейсенбекұлы.
