Конституциялық комиссия жариялаған жаңа Ата Заң жобасы – еліміздің саяси және экономикалық келбетін түбегейлі өзгертетін тарихи құжат. Конституциялық реформа – бұл тек саяси өзгеріс емес, бұл еліміздің экономикалық дамуына соны серпін беретін іргелі қадам. «Ақ жол» демократиялық партиясы әу бастан еркін нарық пен кәсіпкерлік еркіндікті қолдап келеді. Осы ретте, жаңа Конституция жобасындағы бірнеше маңызды тұс біздің партияның бағдарламалық мақсаттарымен үндеседі. Мәселен, «Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, өзге де табиғи ресурстар халыққа тиесілі» деген норма – біздің партияның ұзақ жылдар бойы көтеріп келген бастамасы. Бұл өзгеріс кәсіпкерлер үшін де маңызды. Ресурстардың нақты иесі халық болғанда, оны игеруде ашықтық пен әділ бәсекелестік орнайды. Бұл монополияны жоюға және шағын және орта бизнестің стратегиялық салаларға қолжетімділігін арттыруға жол ашады.
Жобада адам құқықтарын қорғау тетіктерінің күшеюі, соның ішінде Конституциялық Соттың қайта құрылуы – бизнес қауымдастығы үшін үлкен жеңіс. Енді кәсіпкерлер өз құқықтарын шектейтін заңнамалық актілердің конституцияға сәйкестігін тікелей даулай алады. Бұл «бизнеске жасалған кез келген заңсыз қысым – мемлекеттің негізгі заңына қарсы шығу» дегенді білдіреді.
«Ақ жол» партиясы әрқашан Парламенттің бюджетті бақылау өкілеттігін кеңейтуді талап етіп келеді. Есеп комитетінің орнына Жоғары аудиторлық палатаның құрылуы және оның Мәжіліс алдында есеп беруі – мемлекеттік қаржының, демек салық төлеушілердің (кәсіпкерлердің) ақшасының тиімді жұмсалуын қатаң қадағалауға мүмкіндік береді.
Пропорционалды-мажоритарлық жүйенің енгізілуі жергілікті жерлердегі кәсіпкерлердің, іскер азаматтардың саяси үдерістерге белсене араласуына жол ашады. Бұл – Павлодар облысы сияқты өндірістік аймақтар үшін өте маңызды. Бизнес өкілдері өз өңірінің мүддесін тікелей қорғайтын депутаттарды сайлауға мүмкіндік алады.
Жарияланған жобада біздің партияның ұстанымдарына сай келетін мынадай маңызды баптарға жеке тоқталғым келеді:
- Жеке меншік пен кәсіпкерлік еркіндігінің кепілдігі (8, 29-баптар)
Жобаның 8-бабында мемлекеттік меншік пен жеке меншіктің тең қорғалатыны нақты бекітілген. Кәсіпкерлер үшін ең маңыздысы – 29-бап. Мұнда «Кәсіпкерлік қызмет бостандығына, өз мүлкін кез келген заңды кәсіпкерлік қызмет үшін еркін пайдалану құқығына» мемлекет кепілдік береді. Сондай-ақ, монополистік қызметтің шектелуі және жосықсыз бәсекеге тыйым салынуы – шағын және орта бизнестің ірі алпауыттармен тең жағдайда жұмыс істеуіне жол ашады.
- Жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі болуы (8-бап, 3-тармақ)
«Жер және оның қойнауы, су көздері… халыққа тиесілі» деген норманың бекітілуі – әділеттілік символы. Бұл бизнес үшін ресурстарды пайдалануда ашық ережелер мен халық алдындағы әлеуметтік жауапкершіліктің артатынын білдіреді.
- Кәсіпкерлердің құқығын қорғаудың жаңа тетіктері (5, 21-баптар)
Жобадағы маңызды жаңалық – 5-баптың 5-тармағы: «Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың кері күші болмайды». Бұл бизнеске салынатын салықтық немесе әкімшілік жүктемелердің кенеттен өзгермеуіне құқықтық кепілдік. Сондай-ақ, 21-бапта цифрлық технологиялар дәуірінде дербес деректер мен банк операцияларының құпиялылығын қорғау күшейтілген, бұл заманауи бизнес үшін өте өзекті.
- Парламенттік бақылау және «Құрылтай» (43-бап)
Бір палаталы Парламент – Құрылтайдың құрылуы және оның пропорционалды жүйемен сайлануы саяси бәсекелестікті арттырады. Партиялардың институционалдық рөлінің артуы – Парламентте кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын заңдардың сапалы қабылдануына тікелей әсер етеді.
- Зияткерлік меншікті қорғау (23-бап)
Инновациялық бизнес пен креативті индустрия үшін 23-баптың 2-тармағындағы «Зияткерлік меншік заңмен қорғалады» деген норма – білім экономикасына өтудің басты шарты. Бұл – «Ақ жол» партиясы қолдайтын «адами капитал» идеясының конституциялық көрінісі.
Жаңа Конституция жобасы – бұл «Әділетті Қазақстанның» құқықтық негізі. Біз, «Ақ жол» партиясы, кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын, монополияны шектейтін және заң үстемдігін қамтамасыз ететін бұл реформаларды толық қолдаймыз. Әсіресе, бизнеске арналған арнаулы құқықтық режимдер мен «қарқынды дамитын қала» мәртебесін енгізу мүмкіндігі (5-бап, 6-тармақ) Павлодар сияқты индустриялық өңірлердің инвестициялық тартымдылығын арттыратыны сөзсіз.
«Біз үшін ең бастысы – заңның үстемдігі мен әділ бәсекелестік. Жаңа Конституция жобасы «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын бекіте отырып, отандық бизнестің сенімді дамуына құқықтық іргетас қалайды. Бұл реформалар еліміздегі «бюрократиялық кедергілерді» азайтып, адал еңбекпен табыс тауып жүрген кәсіпкерлердің құқығын биік деңгейге көтереді деп сенеміз.
Гүлмира Мусинова,
«Ақ жол» ҚДП ПОФ төрағасының орынбасары
