Бүгінгі сөз еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, белгілі кәсіпкер, белді мемлекеттік қызметкер, білікті басшыға айналған Павлодар облыстық Қоғамдық Кеңесінің мүшесі Серік Тельманұлы Садвақасов туралы болмақ.

Серік Тельманұлы Садвакасов 1974 жылы Павлодар облысы, Екібастұз ауданының Өлеңті ауылында дүниеге келген. 1994 жылы Целиноград қаласындағы қаржы-экономикалық техникумын, 2003 жылы Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын тәмамдаған. Еңбек жолын 1991 жылы жұмысшы болып бастап, әр жылдары «Рахат» ЖШС директорының орынбасары, уақытша сақтау қоймасының директоры, «Қазтранссервис» АҚ өндірістік учаскесінің бастығы қызметтерін атқарған. 2016-2021 жылдары «Екібастұзкоммунсервис» ЖШС директоры, 2021-2023 жылдары Павлодар облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры болды. Қазіргі таңда «Анара» фермерлік шаруашылығының басшысы. Мемлекет басшысының өкімімен «Құрмет» орденімен марапатталған.

Бозбала Серік 1991 жылы, небәрі 17 жасында, туған ауылы Өлеңтіде қарапайым құрылысшы болып еңбек жолын бастады. Бұл – Кеңес үкіметі ыдырап, Қазақстан Тәуелсіздігін алған, ел тұрмысы күрт қиындаған кезең еді. Ауылдағы жағдай ауыр, күнкөріс оңай болмады. Ата-анасынан ерте айырылған Серік бауырларына қамқор болуды мақсат етіп, мектепті бітіре сала ауыр жұмыстан тайсалмай, білек сыбана еңбекке араласты.

Серіктің әкесі Тельман Садвақасов соғыс басталған жылы дүниеге келген. Балалық шағы қиындықпен өтіп, ерте еңбекке араласады. Кейін ауылда жүргізуші-жабдықтаушы болып жұмыс істеп, Мәскеу, Алматы және басқа да қалаларға барып, елге қажетті тауарлар мен құрылыс материалдарын тасымалдаған. Жеті баласын асырап, туған жеріне адал еңбек еткен ол 49 жасында өмірден өтеді. Ауыр еңбек пен ұзақ сапарлар денсаулығына әсер еткен еді.

Әкесінің қазасынан кейін көп ұзамай аналары Майра Қабыкенқызы Мұқашева да дүние салады. Жетім қалған жеті баланы туыстары бөліп алмақ болады, бірақ балалар бөлінбеуге шешім қабылдайды. Үлкендері, 1967 жылы туған Гүлжиян апалары, Қарағанды сауда техникумындағы оқуын сырттайға ауыстырып, бауырларына қамқор болу үшін елге оралады. Осылайша, бауырлар бір-біріне сүйеніп, ата-аналары үйреткен мейірім мен қамқорлықты өмірлік ұстанымға айналдырады. Серік Тельманұлы адамгершілік, бауырмалдық қасиеттердің мәнін дәл осы кезеңде терең түсінген.

Мектепті бітірген жылы жоғары оқу орнына түсу үшін қаражат табу және үйдегілерге көмектесу мақсатында Серік трактор айдауды ойлайды. Себебі он жылдықты тәмамдағанда тракторист мамандығының куәлігін де алған еді. Бала кезінен әкесі Тельман Серікті еңбекке баулып, ерте шыңдаған. Он бес жасында ауыл директоры Молдабаевтың баласымен бірге шөп дайындау жұмысына қатысады. Алайда сол жолы К-700 тракторы аударылып, директордың баласы қаза табады. Бұл ауыр оқиға Серіктің жадында ұзақ сақталып, ақырында «тракторшы болу қолымнан келмейді» деп, бұл жұмыстан өз еркімен бас тартады.

Содан ол құрылыс саласына бет бұрады. Ауылда Социалистік Еңбек Ері Бөкен Қызғаринге үй салынатын болып, Серік Павлодардан келген, қазіргі Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университеттің құрылыс отряды студенттерімен бірге осы жұмысқа қатысады. Құрылысты басынан аяғына дейін атқарып, Бөкен Қызғарин атаның батасын алады. Жұмыс барысында қиындықтар да кездеседі: түнде қалдырылған кірпіштерді біреулер ұрлап әкетіп отырған. Соның салдарынан студенттер таң атқаннан түн ортасына дейін жұмыс істеуге мәжбүр болады. «Алғашқы еңбек жолым құрылыстан басталып, сол кезде қомақты жалақы алғаным әлі күнге есімде», – дейді Серік Тельманұлы.

1992 жылы ол сол кездегі Целиноград қаласындағы Қаржы-экономика техникумына оқуға түсіп, Екібастұздағы «Шахтастрой» комбинатымен оқу шығынын өтеу жөнінде келісімшарт жасайды. 1994 жылы техникумды бітірген соң, Екібастұз қаласындағы «Айсұлу» кәсіпорнына бухгалтер болып орналасады. Бұл мекеме сауда-саттықпен айналысып, кейін наубайхана мен күнбағыс майын өндіретін цех ашады. Кәсіпорынды Досмұрат Аубайұлы Ақанов басқарған, Болат Сұңғатұлы Оспанов та осында қызмет еткен. Серік осы азаматтардан тәлім-тәрбие алып, бухгалтер, қойма меңгерушісі, жабдықтаушы қызметтерін атқарып, 1994-1999 жылдары мол тәжірибе жинайды.

«Досмұрат ақсақалға алғысым шексіз. Ол тапсырманы көп беретін, бірақ шешімді өзің табуыңды талап ететін», – дейді Серік Тельманұлы. Адамдармен тіл табыса білудің маңызын да осы жерде үйренеді. Кейін уақытша сақтау қоймасында директор болып, түрлі қалаларға іссапармен шығады. Осындай үлкен кәсіпкерлік мектептен өткеннен кейін, 1999 жылы Серік Тельманұлы жеке кәсібін ашады. Ол «Қазақтрансэкспедиция» кәсіпорнын құрып, теміржол вокзалындағы сауда алаңында бірнеше контейнер ұстады. Ол кезеңде бұл аса қажетті қызмет еді: Ресейге жаппай көшіп жатқан тұрғындардың дүние-мүлкі осы контейнерлер арқылы тасымалданды.

2000 жылы «Қазақстан темір жолына» қарасты «Қазтранссервис» мекемесіне бөлім бастығы болып орналасады. 2002 жылы реструктуризация кезінде аталған кәсіпорынды жеке меншікке сатып алып, құрылыс және теміржол жөндеу жұмыстарымен айналысады. «Қазақстан темір жолы» өткізген тендерлерге қатысып, мердігер атана жүріп көптеген нысандарды жөндейді. 2002-2012 жылдары арнайы лицензиямен теміржолшылармен бірлесе жұмыс атқарып, Ағадыр вокзалы мен Семей теміржол бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізеді. Павлодар, Қарағанды және Екібастұз қалаларында да бірқатар нысандарды қалпына келтіреді.

Серік Тельманұлы жұмыс сапасына әрдайым ерекше мән бергенін атап өтеді: «Қарамағымдағы адамдарға адал еңбек етіп, сапаға жауап берейік деп үнемі айтып отырамын. Адал болсаң, адамдардың жүзіне тіке қарай аласың. Кейін сол жандармен сыйласып, туыстай араласып кетесің», – дейді ол.

Адалдық пен жауапкершіліктің бастауы ата-анасының тәрбиесінде жатқанын да айтады. «Біреудің ала жібін аттама, ақысын жеме, аманатқа қиянат жасама» деген сөздер оның өмірлік ұстанымына айналған.

Екібастұз қалалық мәслихатының VI шақырылымының депутаты, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы болған қоғам қайраткері қызметпен қатар білімін жетілдіруді мақсат етіп, 2023 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде экономика және кәсіпорындарды басқару мамандығын тәмамдады. Сонымен бірге ол ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты.

2023 жылғы 19 наурыздан бастап «AMANAT» партиясынан Павлодар облыстық мәслихатының VIII шақырылымының депутаты болып сайланды. Қазіргі таңда облыстық мәслихаттың экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының мүшесі әрі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі атанды.

Павлодар өңірінен Ұлттық құрылтай құрамына Серік Тельманұлының енуі – халыққа жақын, жауапкершілігі жоғары азаматтың таңдалғанын көрсетеді. Құрылтай жайлы ол: «Бұл – ата-бабамыздан келе жатқан маңызды кеңес алаңы. Бүгінгі міндет – сол аманатты жалғастырып, әділетті мемлекет пен ашық қоғам құру», – деп атап өтті.

Серік Садвақасов қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ол Павлодар облысы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының және «Торайғыров университеті» КЕАҚ директорлар кеңесінің мүшесі. Мәслихат депутаты ретінде әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді үнемі бақылауда ұстайды. Мәселен, Екібастұз қаласындағы №33 мектептің күрделі жөндеуіндегі олқылықтарды анықтап, мердігер ұйымға нақты тапсырмалар берген.

Депутаттық қызметінде сыбайлас жемқорлық мәселелеріне де ерекше назар аударады. Сайлаушылардың арыз-тілектерін тыңдап, әсіресе науқас балаларға, көпбалалы отбасыларға, жалғызбасты және әлеуметтік әлсіз топтарға көмек көрсетуге басымдық береді. Қайырымдылықты ол адамдықтың ең асыл қасиеті деп санайды.

Серік Тельманұлы ұзақ жылдар бойы демеушілік пен қайырымдылықпен айналысып келеді. 2009 жылы Тай ауылындағы мешітті жөндетіп, оның коммуналдық шығындарын өтеп отыр. 2016 жылы ҰОС ардагері Мария Смирнованың үйіне күрделі жөндеу жүргізді. 2020 жылғы пандемия кезінде Екібастұз орталық ауруханасына дәрі-дәрмек алып беріп, мұқтаж жандарға азық-түлік таратты. Сондай-ақ жыл сайын аз қамтылған отбасыларға көмір, мерекелерге демеушілік жасап келеді. Мектептерді заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге де қомақты қаржы бөлген.

Ол өзі жасаған жақсылығын жария етуді ұнатпайды: «Жақсылықты білдіртпей жасаған дұрыс», – дейді. Алайда оның еңбегі мен қамқорлығы ел ішінде кеңінен танылған.

2022 жылы ауыр жарақат алып, өлім аузынан қалған сәтін де тағдырдың сынағы деп қабылдайды. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмек пен жанашыр азаматтардың қолдауы арқасында аман қалып, өмірге деген көзқарасы одан сайын тереңдей түскен.

Қазіргі таңда Серік Тельманұлы кәсіпкерлігін сәтті өркендетіп келеді. Ол басқарған «Коммунасервис» мекемесін дағдарыстан шығарып, қарызын жауып, техникалық базасын жаңартып, жұмысшылардың еңбекақысын бірнеше есе арттырды. Нәтижесінде кәсіпорын озат мекемелер қатарына қосылды. Қазір осы компанияның құрылтайшысы ретінде сырттай бақылау жүргізеді.

Серік Садвақасов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал табыс. Адал еңбек. Адал адам» қағидатын өмірлік ұстанымымен үндес деп біледі. Бұл – ата-анадан алған тәрбиенің жалғасы дейді.

Әңгіме соңында ол: «Менің басты мақсатым – еліме қандай пайда келтіре аламын деген ой. Әрқайсымыз мемлекетке адал қызмет етсек, Тәуелсіздігіміз нығаяды», – деп түйіндеді.

Серік Тельманұлы Садвақасов – адал еңбек пен қайырымдылықты өмірінің мәніне айналдырған, елге қызмет етуді басты парыз санаған азамат. Осындай жандардың арқасында қоғамымыз алға басып келеді.

 

Ғалия БАЛТАБАЙ,

Павлодар облысының Құрметті азаматы,

«Құрмет» орденді журналист

Мақала «Тұлғалар – асыл жандар» кітабынан алынды.

Добавить комментарий