2025 жыл «Aiqara.kz» ақпараттық агенттігінің әдеби порталы үшін мазмұны мен маңызы терең, рухани олжалы жыл болды. Қоғамның рухани сұранысына жауап беруді басты мұрат еткен портал биыл әдебиет пен сөз өнеріне қатысты поэтикалық, прозалық, драмалық шығармалар мен ғылыми-зерттеу мақалаларын жүйелі түрде жариялап, оқырман тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Портал бетінде жарық көрген туындылар тек әдеби ортада ғана емес, кең оқырман қауым арасында да қызу талқыланып, рухани ойдың, ұлттық танымның, көркем сөз мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосты. Әдебиетке адал аға буын қаламгерлермен қатар, жас толқынның да танылуына жол ашылып, жаңа есімдердің шығармашылық әлеуеті көпшілікке ұсынылды. Бұл – «Aiqara.kz» порталының басты ұстанымдарының бірі әрі нәтижелі бағыты.
Өңіріміз үшін биылғы жылғы айтулы оқиғаның бірі – қазақтың көрнекті жазушысы, майдангер қаламгер Қалмұқан Исабаевтың туғанына 100 жыл толуы. Осы мерейтой Ертістің Павлодар өңірінде, жазушының туған жері – Баянауыл төрінде кең көлемде, тағылымы терең іс-шаралармен аталып өтті. Бұл бастамалардың басы-қасында «Aiqara.kz» әдеби порталы да болды.
Атап айтқанда, Баянауыл ауданы әкімдігінің қолдауымен және «Aiqara.kz» әдеби порталының ұйымдастыруымен жазушы Қалмұқан Исабаевтың 100 жылдығына арналған облыстық прозалық шығармалар байқауы ерекше форматта өтті. Байқауға облыстың түкпір-түкпірінен отыздан астам прозалық шығарма келіп түсіп, кәсіби сарапшылар мен қазылар алқасының жан-жақты талқысынан өтті. Бұл байқау өңірлік әдеби процестің жандануына, прозаның дамуына, жас авторлардың шығармашылық ізденістеріне тың серпін бергені даусыз.
Мерейтой аясында жарияланған тұлғатану бағытындағы туындылар, тарихи-танымдық очерктер мен әдеби-сараптамалық жазбалар жазушының шығармашылық мұрасын жаңа қырынан танытып, жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруға қызмет етті. Бұл жарияланымдар әдеби мұраны ұлықтаумен қатар, отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік мәселелерін де көтерді.
Жалпы, «Aiqara.kz» әдеби порталының басты ерекшелігі – тарихи тұлғалар мен ұлттық жад тақырыбын тек деректік сипатта емес, көркем-публицистикалық, әдеби-танымдық тұрғыда терең ашуы. Мұны жарияланымдарымызды қалт жібермей, бақылап, оқып, бағалап отыратын зерделі оқырман бірден аңғарса керек. Осы бағытта жарыққа шыққан мақалалар мен эсселер оқырманды өткен мен бүгінді сабақтастыра отырып ойлануға жетеледі.
«Aiqara.kz» әдеби сайтында жарияланған прозалық шығармалар да қоғамдық маңызы тұрғысынан назар аударарлықтай өрілгенін атап өткім келеді.
Кез келген прозалық шығарманың болмыс-сипатында ең алдымен адам тағдыры және заман шындығы қылтияды. Сайттағы қысқа әңгімелер мен шағын прозаларда ауыл өмірі, қала мен дала арасындағы рухани алшақтық, адам тағдыры, әлеуметтік өзгерістердің жеке адамға әсері көркем тілмен бейнеленді. Біз мұны жазушы Қалмұқан Исабаевтың мерейтойына орай ұйымдастырылған көркем прозалық шығармалар байқауына келіп түскен туындылардан айқын аңғардық. Осы байқауға жолданған барлық шығарманы порталымыздың көзі қарықты оқырманы толықтай оқуға мүмкіндік алды. Барлығын да жария еттік. Жария етіп қана қоймай, сарапшылардың ой-пікір, өзіндік бағасын да ортаға салдық. Әр шығарманың артық-кемін қал-қадірінше таразылауға тырыстық.
Жалпы, порталға жолданған әр туынды арқылы авторлар қоғамдағы үнсіз қалып жатқан өзекті де өткір мәселелерді әдеби образ арқылы жеткізіп, оқырманмен ішкі диалог орнатты. Әдеби проза – қоғамның айнасы десек, «Aiqara» порталы осы айна арқылы бүгінгі өмірдің түрлі қырын шынайы көрсете білді.
«Жанамын дегенге от, шабамын дегенге ат беруді» мұрат еткен портал ұжымы жас қаламгерлерге де өз алаңын ұсынудан тартынып көрген емес. Жас буын әрдайым біздің жіті назарымызда. Жас толқын өкілдерінің өлеңдері, әңгімелері мен эсселері әдеби процестің жаңаруына, ой мен тілдің жасаруына жол ашты десем жарасады.
Жастардың туындылары бүгінгі қоғам үшін аса маңызды, себебі жаңа буынның дүниетанымы, алаңдаушылығы мен үміті, қоғамның қазіргі қалыбының бейнесі, осы күннің реализмі дәл осы шығармалар арқылы көрініс табады. Турасын айтсам, жас қаламгерлердің батыл ойы мен таза тілі оқырманға да серпін беріп, әдебиетке деген қызығушылықты арттыра алды. Әсіресе, тақырып таңдаудағы батылдықтары мен оны ашудағы алуан түрлі ізденістеріне ерекше тәнті болдым. Мұның бір дәлелі, жоғарыда айтып өткенімдей, Қ.Исабаевтың 100 жылдығына орай өткен прозалық шығармалар байқауына келіп түскен отыздан астам шығарманың 80 проценті жастардың қаламынан туған. Атап көрсетіп, бөле-жаратыны жоқ, олардың әрбірінің негізі мығым, қалыбы жақсы, беталысы тәуір.
Портал редакциясы жұмысының келесі бір бағыты – қазіргі қоғам және рухани құндылықтар тақырыбындағы ойлы публицистика. «Aiqara»-да жыл басынан жарық көрген бірқатар публицистикалық мақала қазіргі қоғамдағы рухани құндылықтардың жай-күйіне, тіл, тәрбие, мәдениет мәселелеріне арналды.
Бұл материалдарда авторлар бүгінгі ақпарат тасқыны заманында ұлттық болмысты сақтаудың маңызы, сөз қадірінің әлсіреуі, рухани жауапкершілік секілді өзекті мәселелерді батыл көтерді. Негізінен, мұндай мақалалардың құндылығы сол – тек сын айту немесе нала білдірумен шектелмей, оқырманды ойға шақырып, рухани жаңғырудың жолдарын іздеуге үндейді. Қоғамдық пікір қалыптастыру тұрғысынан бұл жарияланымдардың орны дәл қазіргі уақытта айрықша маңызды деп ойлаймын.
Кітап оқудан ажырап бара жатыр деген жаңа толқын – жасөспірімдерді әдебиетке тарту, көркемдікке жетелеу – «Aiqara.kz» порталының маңызды миссиясы. Осы миссия аясында балаларға арналған прозалық шығармалар мен әдеби жобалар туралы материалдардың сайтымызда жиі жариялануы – қоғамның болашағына салынған инвестиция десем болады.
Осы жылы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Павлодар облыстық филиалының және «LEP» әдеби бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен «Балауса әлем» атты балаларға арналған прозалық шығармалар байқауына да «Aiqara.kz» әдеби порталы ақпараттық және ұйымдастырушылық тұрғыда белсенді атсалысты. Бұл жоба – балалар әдебиетіне деген жауапкершілікті арттырып, жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін қолдауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
«Балауса әлем» аясындағы жарияланымдар балалар әдебиетінің маңызын, жас оқырманға сапалы мәтін ұсынудың жауапкершілігін айқын көрсетті. Бұл бағыттағы материалдар ата-аналар мен ұстаздар үшін де, қаламгерлер үшін де ой салатын, тәрбиелік мәні жоғары дүниелер болды.
Ғылыми-зерттеу және әдеби-сараптамалық мақалалар жыл бойына үзілген емес. Порталда жарық көрген әдебиеттану, тіл, мәдениеттану тақырыбын арқау еткен зерттеу мақалалары жалпы оқырманның таным көкжиегін кеңейтуге бағытталды. Мұндай материалдар әдеби процесті кәсіби тұрғыда түсінуге, көркем мәтінді талдап оқуға үйретері сөзсіз. Сондай-ақ танымдық жарияланымның әрбірі қоғамдағы интеллектуалдық деңгейдің өсуіне, әдеби талғамның қалыптасуына ықпал ететін маңызды контент саналады.
Биыл портал ұжымы Павлодар өңірінде өткен көптеген әдеби-мәдени іс-шара мен шығармашылық кездесудің ұйымдастырылуына ұйытқы болып, олардың мазмұнды әрі сапалы өтуіне қомақты үлес қосты. Әдеби кештер, кітап тұсаукесерлері, қаламгерлермен кездесулер, рухани сұхбаттар арқылы өңірдің әдеби бағытының дамуы мен танылуына жүйелі түрде қызмет етті.
«Aiqara.kz» әдеби портал-сайтына жарияланған материалдар жиынтығы – қоғамның рухани өмірін байытқан, ұлттық ой мен сөз мәдениетін нығайтқан маңызды құндылық. Осы бағыттағы жүйелі жұмыс «Aiqara.kz» порталын руханият кеңістігіндегі беделді алаңдардың біріне айналдырды.
Біз әдебиетті тек эстетикалық құндылық ретінде ғана емес, қоғамдық ойды қалыптастыратын күш ретінде танып, соған сәйкес контент ұсынуға күш салдық. Оның нәтижесін таразылайтын, Сіздер, құрметті оқырман!
«Aiqara.kz» әдеби порталы үшін бұл жыл тек атқарылған жұмыстардың есебі ғана емес, руханият жолындағы жауапкершілікті терең сезінген кезең болды. Алдағы уақытта да портал ұлттық әдебиеттің дамуына, сөз өнерінің қадір-қасиетін арттыруға, қаламгер мен оқырман арасындағы алтын көпір болуға қызмет ете бермек.
Осы жолда қолдау білдіріп, шығармаларын сеніп тапсырған барша авторларға, серіктес ұйымдарға, әдебиетке жанашыр оқырмандарға шынайы алғысымды білдіремін.

«Aiqara.kz» әдеби порталында ұлт әдебиеті үшін терін төгуден жалықпайтын, терең тағылым теріп, үлкен мектептен өткен, әбден ысылып, нық қалыптасқан қабырғалы қаламгерлер – Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, қоғам белсенділері, өңірдің әдеби-мәдени әлеміндегі әр істің қозғаушысы, жүзеге асырушысы ретінде кеңінен танылған Айбек Оралхандай, Еламан Қабдыләшімдей ерен де берен азаматтар еңбек етеді. Олар – өңірдің ғана емес, елдің мақтаныштары. Порталдың жұмысын үйлестіріп, жұртшылыққа сапалы контент ұсынып қана қоймай, әрқайсысы өз шығармашылығын да сапалы дамытып келеді. Биылғы жыл олар үшін де ерекше табысты болды. Айбек өз шығармашылығында биыл әдеби танымдық-зерттеу мақалаларымен ерекше көзге түсті. Еламан Халықаралық шығармашыл жастардың «Шабыт» фестивалінде топ жарды, сондай-ақ, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан Жазушылар одағы «Қазақстанның жаңа әдеби-танымдық панорамасы» жобасы бойынша әдеби сапарға қосылып, жаңа кітабын жарыққа шығарды. Олардың бұдан да бөлек жетістіктері мен табыстары аса мол. Ең бастысы – ұлт пен қоғам үшін тынымсыз еңбек етіп жүрген бұл жігіттердің идеологиялық тұрғыдағы қызметі қырық атанға жүк боларлықтай аса биік өреде тұр!
Руханиятқа қызмет – басты мұрат.
Баршамыздың бұл бағыттағы ізденісіміз бен еңбегіміз алдағы жылдары да жалғасын табады деп сенемін.
Асыл ӘБІШЕВ,
«Aiqara.kz» ақпараттық агенттік-порталының бас редакторы.
