Астанада оқушылар арасында өткен «Қола домбыра – 2025» республикалық жас ақындар айтысы өтті. Оқушылар арасындағы айтысты Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі, «El Umiti» корпоративтік қоры және «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы» бірлесіп, екінші жыл қатарынан ұйымдастырды.

Биылғы айтыс «Жасанды интеллект дәуіріндегі жасампаз жастар» тақырыбына арналды. «Еңбек адамы – елдің тірегі» мен «Цифрландыру мен білім: жаңа дәуірдің талабы» секілді өзекті бағыттар да қамтылды.

Сөз сайысында Ы.Алтынсарин атындағы гимназия мектеп-интернатының оқушысы, «Желдірме» ақындар мектебінің шәкірті Мейіржан Баршынбай 2-орынға ие болды.

Айтыс үш кезеңді қамтыды. Алдымен, өңірлік іріктеу кезеңдері 1-17 қазан аралығында өтті. Оны «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» филиалдары ұйымдастырды. 20 өңірден іріктеліп келген үздік 20 оқушы бас жүлдеге таласты. Финалдық кезең 2 турдан тұрды. Мейіржан іріктеуде де, негізгі кезеңде де сәтті өнер көрсетті.

Жоба жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті филология факультетінің деканы Серікзат Дүйсенғазы айтыстың ерекшелігін атап өтті:

– «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының» құрылтай жиынында айтысты үш деңгейде өткізуді ұйғарғанбыз: жоғары деңгей – Алтын домбыра, орта деңгей – Күміс домбыра, төменгі деңгей – Қола домбыра, яғни мектеп оқушылары арасындағы дода. Бұл бастаманы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырып отырмыз. Биылғы айтыстың тақырыбы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың соңғы Жолдауында көтерілген өзекті мәселелермен үндес. Біздің мақсатымыз да осы идеяларды жастар мен оқушылар арасында насихаттап, айтыс арқылы заманауи ойлау мен көркем сөзге сүйіспеншілікті қалыптастыру, – деді ол.

Оқушылар айтысына айтыскер ақын, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ринат Зайыт; танымал айтыскер ақындар: Өміржан Көпбосын, Еркебұлан Қайназаров, Иран-Ғайып Күзембаев баға берді.

Нәтижесінде Бас жүлде – «Қола домбыраны» – Інжу Жаңабай (Жамбыл облысы) иеленді. 1-орын – Нұрислам Рағатовқа (Қостанай) бұйырды. Екі 2-орынның біреуін Ақнұр Зинуулла (Алматы облысы) алса, екіншісін Мейіржан Баршынбай (Павлодар) еншіледі. 3-орындар Айғаным Мақсұтханова (Астана), Белес Өтепберген (Ақтөбе) және Бақтияр Айшаға (Шымкент) берілді.

Добавить комментарий