
Республика күні мен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында Астанада «Өз Жерім: Urban Nomads» көрмесі ұйымдастырылды. Жоба елдің жетекші суретшілерінің басын қосып, еңбек, шығармашылық және қалалық болмыс тақырыптарын қамтиды. Көрме ÓzgeEpic Creative Hub кеңістігінде өтіп жатыр. Экспозицияға еліміздің түрлі өңірлерінен келген 20 танымал суретшінің 40-тан астам заманауи туындысы қойылған. «Өз Жерім: Urban Nomads» симпозиумы тәжірибе және идея алмасу, сондай-ақ заманауи бейнелеу өнерін дамыту үшін ашық алаңға айналды. Жоба шығармашылық бастамаларды қолдауға және мәдени диалогты нығайтуға бағытталған.

Симпозиумға суретші Н.Нұрмұхамедов атындағы облыстық көркемсурет музейінің директоры, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, Ақертіс Солтанбаев қатысты. Сонымен бірге, Равиль Абдулов, Алтыншаш Алпысбаева, Анар Әубәкір, Төлеуғазы Байғалиев, Армат Бектас, Бақытнұр Бүрдесбеков, Вадим Быков, Гүлнар Дайырова, Ренат Елубаев, Өмірбек Жұбаниязов, Жұмақын Қайрамбаев, Оралбек Қабоке, Дужан Мағзұмов, Ерлан Назарарқұлов, Жеңіс Нұрлыбаев, Қайыр Оразғалиев, Рахат Сапаралиева, Жанат Сейітхамит, Талғат Тәтиев сынды 20 белгілі қылқалам шеберінің жұмыстары көрермен назарына ұсынылды.
Симпозиум аясында суретшілер еңбек, ұжымдық өзара әрекеттестік және адамның қалалық ортамен байланысы тақырыптарын ашатын жаңа шығармалар жасады. Ерекше назар шығармашылық шеберлік сабағына аударылды, онда қатысушылар бірлесе отырып, бірлік, еңбек және шығармашылықты бейнелейтін ауқымды картинаны аяқтады.
«Өз Жерім: Urban Nomads» көрмесі елорда тұрғындары мен қонақтары үшін 15 қарашаға дейін ашық. Экспозиция ÓzgeEpic Creative Hub кеңістігінде орналасқан, мекенжайы: Бейбарыс Сұлтан көшесі, 12а. Көрме күн сайын 11:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді, сейсенбі – демалыс күні. Кіру – тегін.
Оқырман назарына Ақертіс Солтанбаевтың туындыларын ұсынамыз:

«Табиғат сақшылары»

«Сары изең. Жанның қамы»

