Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде ҚР мәдениет қайраткері, сазгер,  ұлттық музыка аспаптарын жасаудың шебері Шәкен Рақышевтің 90 жылдығына орай «Саз әлемі» атты әдеби музыкалық кеш өтеді.

Өңірімізге танымал сазгер 1935 жылы 14 қазанда Баянауыл ауданы, Жұмат Шанин ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1960 жылы  Шөптікөл  мектеп-интернатында бастар, кейінірек Павлодар қаласындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп интернатында ұлт аспаптар оркестрін, Павлодарда «Ертіс еркесі» атты жастар домбыра оркестрін, Ақтоғай ауданындағы Әуелбек ұлт аспаптар оркестрін, Екібастұз қаласында «Екібастұз көмір» өндірістік бірлестігі жанынан «Шалқыма» атты ұлт аспаптар ансамблін ұйымдастырған. Ал  Астанадағы мектепте қазақ ұлт аспаптар оркестрін құрды.

Өнер иесі 50-ден астам ән-күйді дүниеге әкелді. Олардың ішінде «Ертісім – ерке өзенім», «Әке туралы ән», «Екібастұз алтын аймағым»,  «Баян таңы», «Жастар әні» өлеңдеріне әндер жазды. Оркестрге арнап «Екпін», «Табиғат сазы», «Жеңіс», «Шертер», Ақан серіге арнап  «Толғау»  күйлері жарық көрді. Ал ақын ретінде кейбір әндерінің сөздерін өзі де жазған. «Баян әнім», «Керекуім», «Әнші дауысы»,  «Ақиық», «Сағындырған туған ел» сынды тағы  басқа да  әндері тыңдаушысының жүрегін тербеп, рухани нәр беретін туындыларға айналды.

Қазақтың дәстүрлі көне музыкалық аспаптарын жетілдіру ісімен айналысып, кейінгілерге танытуға, үйретуге айрықша үлес қосты.

Добавить комментарий