Жұмат Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театры «Шымнан шуақ» сапарымен Павлодар қаласына келеді. Сапар екі күнге жалғасады: 27-28 қыркүйек күндері театрсүйер қауым шымкенттік өнер иелерінің қойылымдарына куә болады.

Гастрольдік сапар шымылдығы «Есте сақта, балақай!» атты балаларға арналған танымдық-интеллектуалды драмамен түріледі. Одан кейін «Атжалман ғасыр» тарихи қасіретнамасы және «Тастамашы, ана!» драмасы көрерменге ұсынылады. Спектакльдер Ж.Аймауытов атындағы театрдың сахнасында қойылады.

«Атжалман ғасыр» тарихи қасіретнамасы қазақ театрының негізін қалаған дара тұлға Жұмат Шаниннің 130 жылдығына арналады. Спектакл авторы – Сая Қасымбек. Қоюшы режиссер – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Б.Құрманғожаев.

«…өкінетін жерім жоқ. Меңіреу басқан даламды сілкіткім келді, жаңа дәуірге қарай самғатқым келді. Халық комиссары боп жағалы жең кигенді таңдамадым – қазағымның мәдениетін өркендетсем деп  жан таластым, арпалыстым, күрестім. Қанша қиналсам да мойымадым…»

Бұл сөздер қазақ театрының негізін қалаушы, тұңғыш режиссер, драматург, актер Жұмат Шаниннің жүрегін тебірентіп, жаны алқымына жеткен сәтте шыққан еді. Себебі, елін, мәдениетін сүйген рухты қазақ ұлының бірі ретінде ХХ ғасырдың алғашқы жартысында қазақ интеллегенциясының басына төнген зұлматты алаш зиялыларымен бірге кешті, жаламен құрбан болды.

Ал, шынайы оқиға желісімен жазылған «Тастамашы, ана!» драмасы башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметовтың туындысы. Шығарманы қазақ тіліне аударған – белгілі ақын Саят Қамшыгер.

«Тағдырдың желі – жүрекке сызат, өмірдің соқпағы – жанға жүк…»

Сәби жүрек мейірім іздегенімен, оны қатал тағдырдың дауылы шарпып өтті. Көктемі гүлдемей жатып, қара бұлт торлаған Ілиястың балалық шағы суық уақыттың құрсауында қалды. Әке жылуы сөнген сәттен бастап, өмір оны сынақтың шексіз жартасына ұрды. Балалар үйінің тас қабырғалары әділетсіздік пен қатігездіктің суық демін сақтап, балғын жүректе өшпес жара қалдырды.

Бұл хикая – жүректі шымырлатар шындықтың жаңғырығы, өмірдің үнсіз айқайы.  «Анасы бар жан – шын бақыттың иесі». Ал біз… біз барымызды бағалап жүрміз бе?

Көрерменді тебірентетін, ойға жетелейтін драманың қоюшы режжиссері Әли Бидахметов, қоюшы суретшісі Ербол Қантураев.

Шымкерт қаласынан келе жатқан Жұмат Шанин атындағы театр өнерпаздары павлодарлық көрерменге осындай тарту жасамақ ниетте.

Добавить комментарий