Жапонияның атақты жазушысы Харуки Муракамиді (1949 жылы 12 қаңтарда Киотода туған) оны даңққа жетелеген өмір ережелерімен танысып көрейік:
– Менің өміріме қалағаны кіріп келіп, қаламаса шығып кетіп жатады. Бірақ барлық қонақтар үшін жалпы ережелер бар. Кіргенде аяқ киіміңді сүртіп, шыққанда есікті жауып кет.
Алыстан қарағанда не нәрсе де әдемі көрінеді.
Мамандық дегеніміз – махаббат. Ол есеп айырысу талап етілетін неке емес. Барлық өмірлік істер дегеніміз – өмірдің өзі, ол жұмыс емес.
Жақсы көрмейтін әлемің терезенің сыртындағы желмен бірдей. Тыныс алуға да, қол тигізуге де болмайды.
Бұрын мен адамның ақылы біртіндеп, жылдар өткен сайын толысады деп ойлайтынмын. Олай емес екен. Адамға бір сәтте ғана ақыл кіреді екен.
Көктем – жаңа нәрсені бастау үшін тамаша мезгіл.
Әлемде қате немесе теріс ой деген болмайды. Бізге сәйкес келмейтін ойлар ғана бар.
Орманға барған кезде сен өзіңді орманның бір бөлігі сияқты сезінесің. Жаңбырға малшынсаң, жаңбырдың бір бөлігі боласың. Таң атты, таңның бір бөлігіне айналасың, ал менімен бірге отырсаң, менің бір бөлігіме айналасың.
Қалада тұратын адам тек аяғының астындағыны көруді үйренеді. Әлемде аспан деген нәрсе бар екенін ешкім есіне алмайды.
Құшақтасқанда біз қорқынышымызбен бөлісеміз.
Сабырлы болу дегеніміз – күш-қуат.
Қаншалықты тырыссаң да, ауырған кезде науқассың.
Эмоцияларыңызды ашыққа шығарыңыз. Олай етпесек, жүрекке жиналып, бізге қиын болады.
Мен жалғыздықты ұнатпаймын. Бірақ артық адамдармен таныспадым. Өйткені, тағы да, әлдебіреуге бола қиналудың қажеті жоқ деп көрдім.
Жүрек ауа өткізбейтін бітеу ыдыста жасырынып жататын секілді. Бұл қорапты бұзып кіретін адам сирек кездеседі. Сондықтан мен сүйе алмауым мүмкін.
Ең бастысы – адал болу және бір-біріне көмектесу.
Кез келген бос орын күндердің бір күні толтырылады.
Адамға үміт сыйласаң, ол оны әрі қарай өмір сүру үшін дәл отын тәрізді пайдаланады. Сенім жоқ жерде арықарай деген сөз де жоқ.
Басқа адамның қол жеткізген жетістігі маңызды емес, өзің қол жеткізген сол ұсақ-түйек қана маңызды.
Мүлдем болмашы нәрседен көбінесе әлемдегі ең үлкен оқиғалар басталып жатады.
Есте сақтау адамды іштен жылытады. Сонымен тағы іштен ірітеді деп айтады.
Теріс бағытта жарық жылдамдығымен жүгіру мүлдем қозғалмағаннан да зияны көп.
Сенімен сенің өмірің туралы сөйлесетін адамдар көп пе еді?
Теңізге ұзақ қараудан жалығып, адамдармен сөйлескің келеді. Бірақ адамдармен ұзақ болған кезде, теңіз еске түсе бастайды.
Адам қартайған сайын оның өмірінде түзетуге болмайтын нәрселер көп болады.
Біздің өмірімізден жоғалып кететін барлық нәрсе, тіпті ол толығымен жоғалып кетсе де, артына шұңқыр қалдырады. Бұл шұңқыр ешқашан бітелмейді.
Егер әрбір адам бәрі жақсы аяқталады деп сенетін болса, әлемде қорқыныш, үрей деген болмас еді.
Жүректен сыртқа шықпайтын құпия деген жоқ.
Жалғыздық дегеніміз не? Бұл – жаңбырлы кеште үлкен өзеннің жағасында тұрып, судың ағып, теңізге құйылып жатқанын ұзақ уақыт бақылағанда пайда болатын сезіммен бірдей нәрсе.
Жалғызсыраған кезде ойларыңды бөлісетін адам болмаса, ойлар сені өзара бөлісе бастайды.
Қателік дегеніміз өмірдің қайта қайталануының белгісі. Бұл белгі болмаса, өмірде мағына да жоқ.
Ұлы дариялар үнсіз ағады.
Жастық шағың өтпей тұрғанда оны қуанышқа айналдыр. 100 пайыз қызық-қуаныш болдыр. Содан кейін, қартайған сайын, өзіңді осы естелікпен жылытатын боласың.
Көркем қиялға қаражаттың қажеті жоқ.
Егер қараңғылыққа кірсең, көзің үйренгенше үнсіз тыныш отыр.
Барлық адамдар үшін бақыт бірдей, бірақ азап әртүрлі. Толстой дұрыс айтады. Бақыт дегеніміз – тәлімді әңгіме, ал қиыншылық – тарих.
Ең қиыны – уақыттың өте беруі. Уақытың ағып кетіп жатыр, ал болашақ қысқаруда. Бірдеңе жасайтын уақытың азайып, жасап үлгермеген, өкінетін нәрселерің көбеюде.
Ақымақ күн болды. Ақымақ жылдың ақымақ айындағы ақымақ күн.
Өмір дәл айналмалы ойыншықта отырғаның секілді. Біз белгілі бір жерде, белгілі бір жылдамдықпен айналамыз. Біздің шеңбер ешқайда бағытталмаған. Шығып кетуге де, отыра беруге де болмайды.
Өмір бойы ұмытылмайтын сөздер бар.
Әлдебіреуді жақсы көретін болсаң, сенің өміріңде аз да болса үміт бар деген сөз. Ол адам сені сүймесе де.
Өзіңді аяма. Кішкентай тіршілік иелері ғана өздерін жақсы көреді.
Болуы мүмкін нәрсені айналып өте алмайсың. Егер болып қойған болса, оны өзгерту мүмкін емес.
Барлығы өтеді. Оған сен. Қандай қиыншылық, ауыртпалық болса да өтеді, аяқталады. Әлемде мәңгілік ештеңе жоқ.
Аударған: Амантай ТОЙШЫБАЙҰЛЫ.