Гүлбаршын Сейітова 1963 жылы 14 сәуірде дүниеге келген. 1985 жылы Екібастұз қаласындағы №2 қазақ орта мектебінде мұғалімдік қызметтен бастап, 1992 жылы жаңадан ашылған №22 қазақ орта мектебінде жалғастырды. Бүгінгі таңда Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы №22 гимназия мектебінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Талай шәкірттің шығармашылығын шыңдап, биік белестерді бағындырған еңбегі еленіп, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алғыс хатымен, Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым Министрлігінің Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен марапатталған. «Қазақстанның Құрметті маманы», «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін», «Қала алдында сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерінің иегері.
Әріптер ақыл береді
А
Адамдықтың белгісі,
Амандақтан басталған.
Адам болар баланы,
Аялайды жақсы арман.
Ә
Әдептіліктің әдемі,
Әркімге бар керегі.
Әдепті бала баршаға,
Әрқашан көмек береді.
Б
Білімді болсаң, балақай,
Биікке шырқап барасың.
Баянды бақыт табасың,
Білгір ғалым боларсың.
Г
Гүл әдемі көз тартады,
Гүлдерге күтім жасайық.
Гүл жайнасын құлпырып
Гүлзарға су шашайық.
Ғ
Ғылымға көңіл қойсаңдар,
Ғалым болып шығасың.
Ғарышқа да барасың,
Ғаламшардан хабар аласың.
Д
Денсаулық – байлық бірінші,
Денсаулықты сақтайық.
Дарынды шәкірт атанып,
Даналар сөзін жаттайық.
Е
Елеулі бол еліңе,
Еңбек етуге ерінбе,
Елгезек бол әрдайым.
Еріншектікке берілме.
Ж
Жақсы менен жамандық,
Жолығады жолыңнан.
Жолдас қылып қайсысын,
Жетелейсің қолынан
З
Зейін қойып тыңдасаң,
Зерек болып өсесің.
Зырылдап еңбек атқарсаң,
Зейнетіне жетесің.
К
Кішіпейіл бол, кіші бол,
Кешірімді кісі бол.
Көпті көрген көсем бол,
Көркем сөйлер шешен бол.
Қ
Қайырымды бол, қарағым,
Қанағат қыл ісіңе.
Құрмет көрсет үлкенге,
Қамқор боп жүр кішіге.
М
Мектеп – үйің екінші,
Мұның үлкен сыры бар.
Мұғалімнің айтқанын,
Мұқият тыңдап, ұғып ал.
Н
Надандықпен күресіп,
Нартәуекел қылайық.
Намыс жиып бойымызға
Нағыз жігітке ылайық.
О
Отан деген ойласаң,
Отбасының ағасы.
Отанға қосқан үлесі –
Оқушының жақсы бағасы.
Ө
Өзімшіл болсаң тәкәппар,
Өмірде көпшіл болмайсың,
Өнегелі ісіңмен,
Өзгеге үлгі толғайсың.
П
Парасаттың пайымын,
Партадан бастап білейік.
Періштедей пәк болайық,
Пәлеқор боп жүрмейік.
Р
Ренжімей күліп жүр,
Риза болсын ағайын,
Рақымшылық жасай біл,
«Рахмет» десін маңайың.
С
Сәлемдесу – сөз басы,
Сөйлер сөзден сүрінбе.
Сұлулық – сезім қазынасы,
Сүзеген сөзге ілінбе.
Т
Тексіздер көп өз тілін,
Түсінбейтін бүгінде.
Таза сөйле тақылдап,
Туған ана тіліңде.
Ұ
Ұстаздан білім алады,
Ұлы ғалым, дана да.
Ұстаз-Ана үйреткен,
Ұстамдылықты бағала.
Ү
Үлкеннің ақылын тыңдасаң,
Үлгілісің әр істе.
Үміттеніп талпынсаң,
Үйренесің бар істі.
Х
Халықпен бәрі санасқан,
Халықпен басшы жарасқан.
Халықты әркез қолдайық,
Халықтан биік болмайық.
Ш
Шыншыл болсаң, шырағым,
Шыңға биік жетесің.
Шімірікпей айтсаң өтірікті,
Шыңырауға кетесің.
Ы
Ықыласпен іс қылсаң,
Ырысың мол болады.
Ырыс алды – ынтымақ,
Ынтымақпен орта толады.
І
Ілтипатпен іс қылсаң,
Ізгілікті боп толасың.
Ізденімпаз болсаң әрқашан
Іскер адам боласың.