Pavlodar, KZ
21°
Partly Cloudy
Нұржайна ШОДЫР

Кенжекөлдік балғындар балабақшаға зәру

Павлодар қаласының іргесіндегі Кенжекөл ауылында халық саны күрт көбеюде. Соның салдарынан бүгінде елдімекендегі 1-6 жас шамасындағы балғындардың 90 пайызға жуығы мектепке дейінгі мекемеге бара алмай отыр. Себебі, бала көп, ал балабақшада орын жоқ.

Кенжекөл ауылы облыс орталығына тиіп тұрғандықтан өзге ауыл-аудандардан қоныс аударушылар қатары жылдан-жылға артуда. Алыс-жақыннан көшіп барған ағайынның көбі алақандай жер алып, аядай болса да «өз шаңырағын» салып, ел қатарлы тірлік кешуде. Тіпті, жылдар бойы тірнектеп жиып-терген қаражатын пәтер сатып алуға жеткізе алмай, үйсіз-күйсіз жүрген кейбір қалалық тұрғындардың да Кенжекөлге ағылып жатқан жайы бар. Сөйтіп, олар да осында өз баспаналарын тұрғызып, күнін көруде. «Ауыл» деген аты болмаса, қала екі ортаға арнайы автобустар жарты сағат сайын үздіксіз қатынап тұр. Яғни, көліксіз тұрғындардың да шаһардағы шаруасын тындырып, жұмысына келіп-кетуі үшін еш кедергі жоқ. Сондықтан да кенжекөлдіктердің басым бөлігі облыс орталығында еңбек етіп, нәпақасын тауып жүр.

«Бәрін айт та, бірін айт» демекші, бүгінгі күні ауыл кеңейіп, өсіп-өркендеп келе жатқанымен балғындарды балабақшамен қамту мәселесі күн тақырыбында өткір тұр. Бұл жағдай ауылдықтарды, әсіресе, декреттік демалыста отырған аналарды қатты толғандыруда.    

– Азық-түліктің де, дүние-мүліктің де бағасы күн сайын шарықтап барады. Қымбатшылық қос бүйірден қысқан қазіргі сәтте ерлі-зайыпты екі адам қатар еңбек етпесе, өмір сүру қиын. Өкінішке қарай, біздің ауылдағы көптеген әйел баласын бағып, жұмысқа шыға алмай отыр. Себебі, балабақшада орын жоқ. Мәселен, менің ұлым келер жазда 3 жасқа толады. Осы балама қарайлап, жұмыссыз байланып отырмын. Ауылда оны қалдырып кететіндей сенімді адам жоқ. Үлкен қыздарым мектепте оқиды. Елдімекенімізде балабақша болғанымен, орын жетіспейді. Еңбек заңы бойынша баласы 3 жасқа толған әйел жұмысқа шығуға міндетті. Енді жазға дейін менің мәселем шешілмесе, не істерімді білмеймін, – дейді Сая Күркімбаева есімді кенжекөлдік тұрғын.

Бұл – оның ғана емес, ауылдағы көптеген әйелдің басындағы ортақ мәселе. Амалы таусылған кейбір тұрғындар баласын қыстың қақаған аязына, жаздың аптап ыстығына қарамай, қаладағы балабақшаларға таситынын айтады. Павлодар қалалық білім беру бөлімінің мәліметі бойынша, дәл қазір 99 кенжекөлдік балғын қаладағы балабақшаларға барып жүр. Ал ресми түрде есепке енбей қалған қанша баланың бар екені белгісіз… Бұл ретте, жекеменшік көлігі жоқ тұрғындар үшін кішкентай баланы қалаға сүйреп жүру де оңай емес екенін айта кеткен жөн. Онсыз да таңертеңгі уақытта жұмысқа асыққан адамдар мен оқуына баратын студенттер қалаға қатынайтын №24-ші ең ұзын автобусқа сыймай, қысылып-жаншылып лық толатынын ескерсек, баламен жүру қиямет қайым екені айтпаса да түсінікті.

Сонымен, негізгі мәселеге көшсек, Павлодар қалалық білім беру бөлімі ұсынған мәлімет бойынша, бүгінде Кенжекөлде ресми түрде тіркелген мектеп жасына дейінгі 944 бала бар. Ауылдағы №20 балабақшада 160 балғын тәрбиеленуде, ал 64 бала мектептегі даярлық тобында білім алуда. Демек, қалған 700-ден астам кенжекөлдік баланы мектепке дейінгі мекемелермен қамту қажет. Бұл аталғандар тізімге алынғаны ғана. Ал әлі тіркелмеген отбасылары мен балаларды қоссақ, статистика еселеп артып кетуі бек мүмкін. Олай дейтініміз, ауылда жаңадан салынып жатқан үй өте көп. Мәселен, осыдан бірнеше жыл бұрын қалаға кіреберіс жақтағы жол жиегінде бірен-саран ғана түтін көрінетін болса, қазір қаз-қатар тізілген жаңа үйлерден көз сүрінеді. Ауылда адам қарасы да қалың. Алайда балабақша мәселесіне мән берілмей тұр. Елді мекендегі №20 сәбилер бақшасының директоры Бақыт Әбішева:

– Балабақша осыдан 60 жылдай уақыт бұрын 140 орынға лайықталып салынған. Қазір 6 қазақ тобы бар. Онда 160 бала тәрбиеленуде. Ауылдағы ата-аналар бос орын сұрап жиі келеді. Осы мәселені жиналыстарда үнемі көтереміз. Болашақта жаңа балабақша саламыз деп айтады. Бірақ әлі еш өзгеріс те, нәтиже де болмай тұр. Мектепте де шағын орталық жоқ, – дейді.

Кенжекөл ауылының әкімі Медет Сансызбаевтің айтуынша, ауылда тұрақты тіркеуге алынған  9233 адам бар. Тіркелмегендер саны беймәлім. Соңғы уақытта көшіп келушілер есебінен халық саны өсуде.

– Балабақша мәселесі назарымызда. Биыл ауылды дамыту жоспарына түзетулер енгіздік. Сол бойынша үшінші кіреберіс аумағында жаңа балабақша құрылысы бой көтеретін болады. Оның орнын дайындап, белгілеп қойдық. Бірақ балабақша салу ісі білім беру бөлімінің құзырында, – дейді ауыл әкімі. Ал Павлодар қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанат Асайынова жоспар бойынша Кенжекөл ауылында 240 орындық мектепке дейінгі мекеме ғимараты 2026 жылы салынатынын айтады. Бұл қағаз жүзіндегі жоспар ғана. Әзірге жаңа балабақша ғимаратына байланысты ешқандай жобалық-сметалық құжаттама жасалынбаған, қаражат қарастырылмаған екен.

Демек, бұл жоспар нақтыланып, жаңа нысанның қабырғасы қаланып, тұсауы кесілгенше талай өзгеріс орын алары сөзсіз. Сондықтан қуануға әлі ерте. Қазіргі уақытта 700-дей балаға орын керек болса, енді бірнеше жылдан кейін балабақшаға деген сұраныс екі есе болып кетуі ғажап емес.

Түйін:

Осылайша, облыс орталығына он-ақ шақырым жерде орналасқан Кенжекөл ауылындағы балғындардың басым бөлігін балабақшамен қамтуға жауапты мекемелер де, жергілікті атқарушы билік те қауқарсыздық танытып отыр. Бір анығы, бұл мәселе бүгін ғана пайда болған жоқ, бұрыннан көтеріліп келеді екен. Тұрғындар соңғы 5-6 жыл бойы ауыл, қала әкімдерінің есептік кездесулерінде осы тақырып үнемі қозғалатынын айтады. Алайда қарапайым халықтың талап-тілегіне құлақ асып жатқандар жоқ сияқты. Сонымен, алдағы уақытта ауылдықтарды алаңдатқан мәселе оң шешімін таба ма? Ол жағы ел Президенті сенім артқан халық үнін «еститін мемлекеттің» атқамінерлеріне сын!

Пікір үстеу