Бүгін, Республика күніне орай, Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінде мүсінші Данияр Сарбасовтың «Atameken» атты жеке көрмесі ашылды.
Экспозицияға 2013-2024 жылдар аралығында сомдалған туындылары қойылған.
Автор өзін анималист-мүсінші ретінде танытты. Сүйікті тақырыптарының біріне айналған жылқы оның шығармаларының негізгі элементі болып табылады. Мүсінші өз туындыларында жылқы бейнесін: бәйге жылқысы мен асау тұлпардан, Ақан серінің Құлагері мен мифтік жаратылыс – қанатты пыраққа дейін әр түрлі интерпретациялайды. Сонымен қатар скиф-сақ мәдениетін терең зерттеуінің нәтижесінде бірқатар туындыны өмірге әкелді. Көп жұмыстарында аң стиліне деген қызығушылығы айқын байқалады. Ана тақырыбындағы шығармаларында ана бейнесі отбасы, ошақ қасын берік ұстаушы ретінде басты кейіпкерге айналған.
Көремнің ашылуында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова облыс әкімі Асайын Байхановтың құттықтау хатын табыс етті. Сонымен бірге, Қазақстан Суретшілер одағының Павлодар облыстық филиалының директоры Өсербай Шоранов, баянауылдық өлкетанушы Рамазан Нұрғалиев қатысып, өнер иесіне ізгі тілектерін арнады.
Көрменің атауы суретші үшін шығармашылығының қайнар көзі болған, туған жердің маңыздылығын көрсететін терең мазмұнға ие. Бұл туралы ол: «Мен сонау 2002 жылы туған жерімнен жыраққа, арман сапарына аттанған едім. Содан бері өстіп, өніп, жетіліп, қалыптасу уақытымда туған топырақтың қасиетін, туған ауылымның құдіретін, жерлестерімнің қолдауын ойымнан еш шығанған емеспін. Бұл менің Республика күніне орай туған өңіріме жасаған тартуым әрі перзенттік тағзымым», – деді Данияр мырза.
Данияр Сарбасов 1990 жылы Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. Т.Жүргенов атындағы Қазаз Ұлттық өнер академиясының колледжінде және бакалавриатында «Мүсін» мамандығы бойынша оқыды. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін, ҚазБСҚА-да оқытушы және профессордың ассистенті болып жұмыс істеді.
2019 жылы шығармашыл достарымен бірге «Арт Альянс» ЖШС құрып, Қазақстанның түкпір-түкпірінде мүсіндік ескерткіштерді сомдауда жобаларды іске асырып келеді. Бұл мүсіншілер бірлестігі Қазақстанның монументалды ескерткіштері мен мүсіндерін жасау бойынша шығармашылық жобаларды әзірлейді.
Даниярдың мүсін өнерінде жеткен жетістіктері аз емес. Ол XVIII «Шабыт» Халықаралық шығармашылық жастар фестивалінің лауреаты және гран-при иегері. Халықаралық Turan сыйлығының лауреаты. 2022 жылдан бері Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.
«Сарбасов Данияр – талантты мүсінші, тарихи және анималистік жанрдағы көптеген станоктық және монументалды мүсіндердің авторы. Оның шығармашылық ізденістері түрлі бағыттарды қамтиды, реалистік және стильденген тәсілдерімен ерекшеленеді», – деп баға береді оған Қазақстан Суретшілер одағындағы әріптестері.
Көрмеден мүсіншінің «Құнан бәйге» (2014), «Құлагер» (2018), «Жүйрік ат» (2018) , «Бәйге» (2018), «Жорға», «Еркіндік» (2020), «Мейірім» (2022), «Көненің бірлігі» (2022), «Ғұмыр» (2022), «Асау» (2022) және өзге де туындыларын тамашалауға болады.
Көрме 24 қарағаша дейін жалғасады.
Фоторепортажды әзірлеген: Еламан ҚАБДІЛӘШІМ.