
Павлодарда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі режиссер, Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының алғашқы режиссері Ерсайын Қандержанұлы Тәпеновтің туғанына 80 жыл толуына арналған «Тәпенов мұрасы: дәстүр, ізденіс, заманауи театр» атты республикалық ғылыми конференция өтті.
С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында өткен тағылымды басқосу бір режиссердің мерейтойын атап өтумен ғана шектелген жоқ. Ғалымдар мен өнер қайраткерлері Ерсайын Тәпеновтің шығармашылық мұрасы арқылы Ертіс-Баян өңіріндегі қазақ театрының қалыптасу тарихына тереңірек үңіліп, дәстүр мен бүгінгі сахна өнерінің сабақтастығын саралады.
Конференцияға еліміздің белгілі театртанушы ғалымдары, режиссердің әріптестері мен шәкірттері, өнер және мәдениет қайраткерлері, қаламгерлер, туған-туыстары мен театр тарихымен сабақтас әулеттердің өкілдері қатысты.
ТЕАТР ТАРИХЫМЕН ТАМЫРЛАС ТҰЛҒА
Ерсайын Тәпеновтің есімі Павлодардағы қазақ кәсіби театрының жаңа кезеңімен тікелей байланысты. 1990 жылдың 7 желтоқсанында Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының шымылдығы Мұхтар Әуезовтің «Айман-Шолпан» музыкалық комедиясымен алғаш рет түрілді. Тарихи қойылымды сахналап, жаңа өнер ордасының шығармашылық бағытын айқындаған режиссер – Ерсайын Тәпенов еді. Осы тұрғыдан алғанда режиссердің шығармашылық жолын бір ғана тұлғаның өнердегі өмірбаяны ретінде қарастыру жеткіліксіз. Оның қолтаңбасы – тұтас театрдың қалыптасу кезеңімен сабақтасқан үлкен шығармашылық мектеп.
Конференцияның ашылуында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Маликова жиналған қауымды тағылымды басқосудың ашылуымен құттықтап, театрдың қоғамның рухани өміріндегі орнына тоқталды. Ол Алаш қайраткері Жүсіпбек Аймауытовтың «Театр деген нәрсе ермек емес, көңіл көтеру де емес, ол – үлгі, ол – тәрбие, өнер орны» деген сөзін алға тарта отырып, театрды халықтың рухани жадын сақтайтын, заман тынысын сезіндіретін және адам мен қоғам арасындағы байланысты өнер тілімен жеткізетін киелі орта ретінде атап өтті.
Айгүл Маликова театрдың өткенін зерделеу – тұтас бір дәуірдің мәдени келбетін, сол жолда еңбек еткен тұлғалардың тағдырын, ізденісін және шығармашылық ұстанымын тану екенін айтты.
– Бүгінгі конференцияның танымал режиссер Ерсайын Тәпеновтің шығармашылық мұрасына арналуы да – осы тұрғыдан алғанда аса маңызды. Оның шығармашылық жолы – дәстүр мен ізденістің, кәсіби шеберлік пен жаңашылдықтың тоғысын көрсететін тағылымды мектеп, – деді облыс әкімінің орынбасары.

ТЕАТР ТАРИХЫНЫҢ ЖАҢА БЕТТЕРІ АШЫЛДЫ
Конференцияның ең маңызды оқиғаларының бірі – Жүсіпбек Аймауытов атындағы театр тарихына арналған «Қырсекциядан» Аймауытов театрына дейін» атты зерттеу еңбегінің тұсаукесері болды. Жиында айтылғандай, бұл – театрдың қалыптасу жолын, сахна саңлақтарының еңбегін, әр кезеңдегі шығармашылық ізденістерді кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен рухани мұра.
Айгүл Маликова өз сөзінде жаңа кітаптың маңызына да арнайы назар аударып, тарихи-мәдени мұраны сақтау мен өнер ұжымдарының шығармашылық әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.
Зерттеу барысында Ертіс-Баян өңіріндегі қазақ театр өнерінің тарихына қатысты тың мұрағаттық деректер зерделенген. Атап айтқанда, қазақ театр өнерінің алғашқы дәнегі 1920 жылы Алаш ардақтысы Жұмат Шанин Ертіс бойында ұйымдастырған «Қырсекция» – қырғыз-татар театр үйірмесінде егілгені көрсетіледі.
Ал 1938 жылы ресми түрде ашылған тұңғыш облыстық қазақ драма театры мен кейінгі театрлық дәстүрдің бүгінгі Аймауытов театрымен тарихи сабақтастығы мұрағаттық деректер арқылы дәйектелген. Осы зерттеу нәтижесінде өңірлік қазақ театрының тарихын 1938 жылдан таратып, биыл оның 88 жылдығын атап өтуге негіз бар екені айтылды.
Кітап авторлары – белгілі қаламгер, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыров және журналист-публицист Мұрат Аяғанов.
Жаңа еңбектің тұсауын театрдың аға буын өкілдері Жұмахан Доспаев, Бейбіт Шәнім, Рауза Тәжібаева және Талжібек Атамбек кесті.
Мерейтой аясында тағы бір ерекше тарту жасалды. Павлодар облыстық Суретшілер одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Өсербай Шұранов Ерсайын Тәпеновтің арнайы салған портретін көпшілік назарына ұсынып, туындыны табыстады.

РЕЖИССЕР ҚОЛТАҢБАСЫ ҒЫЛЫМИ ТҰРҒЫДАН САРАЛАНДЫ
Конференцияның негізгі бөлігінде Ерсайын Тәпеновтің шығармашылық мұрасы кәсіби театртану ғылымы тұрғысынан жан-жақты қарастырылды. Өнертану докторы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Бақыт Нұрпейіс «Қазақ театр өнеріндегі Ерсайын Тәпенов қолтаңбасы мен шығармашылық мұрасы» тақырыбында баяндама жасады.
Театртанушы, профессор, өнертану кандидаты, Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің төрағасы Анар Еркебай «Ерсайын Тәпенов қойылымдарындағы метафора мен сахналық кеңістікті игеру ерекшеліктері» тақырыбын талдады.
Ал театртанушы, театр сыншысы Айжан Ахмет «Ерсайын Тәпенов режиссурасындағы классикалық туындылардың жаңаша сипаты» тақырыбында баяндама жасап, классикалық дүниелерді жаңа уақыт көрерменімен байланыстырудағы режиссерлік ізденістерге назар аударды.
Белгілі кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әділ Ахметов те сөз алып, Ерсайын Тәпенов туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
ЕСТЕЛІКТЕРДЕГІ ЕРСАЙЫН ТӘПЕНОВ
Ғылыми баяндамалармен қатар конференцияда режиссердің адами болмысы, әріптестері мен шәкірттерінің жадында қалған бейнесі де кеңінен сөз болды. Ерсайын Тәпеновтің қарындасы Мәриам Тәпенова ағасы туралы отбасы жадында сақталған естеліктерімен бөлісті.
Ал тәуелсіздіктің елең-алаңында қайта жаңғырған облыстық қазақ театрының алғашқы актерлерінің бірі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Рауза Тәжібаева театрдың алғашқы кезеңіндегі шығармашылық ізденістер, сахна сыртындағы өмір және Ерсайын Тәпеновтің режиссерлік талабы мен адамдық болмысы туралы әңгімеледі.
Басқосудың тарихи сабақтастық тұрғысынан тағы бір ерекшелігі – өңірдегі қазақ театрының әр кезеңіне қатысы бар өнер әулеттерінің өкілдері бір ортада бас қосты. Солардың бірі – 1938 жылы құрылған облыстық қазақ театрының алғашқы кәсіби режиссері Қадыр Хамзиннің қызы, медицина саласының ардагері Майя Хамзина. Оның конференцияға қатысуы бірнеше буынды жалғаған театр тарихының сабақтастығын айшықтай түсті.
МҰРА ҒҰМЫРЫ УАҚЫТПЕН ШЕКТЕЛМЕЙДІ
«Тәпенов мұрасы: дәстүр, ізденіс, заманауи театр» конференциясы бір тұлғаның мерейтойын атап өтуден әлдеқайда кең мазмұнға ие болды. Бұл – Ертіс-Баян өңіріндегі қазақ театрының бастауына қайта үңіліп, бұрын көмескі тарта бастаған тарихи деректерді жаңғыртқан, театртану ғылымы мен сахна тәжірибесін бір алаңда тоғыстырған тағылымды басқосу.
Ерсайын Тәпеновтің шығармашылық мұрасы сахналаған қойылымдарымен ғана өлшенбейді. Оның ізі – өзі қалыптастырған театр мектебінде, өнерге қанат қақтырған шәкірттерінде, бірге еңбек еткен әріптестерінің жадында, көрермен көңілінде және қазақ театрының тарихында.
Өнер адамының ғұмыры жылдармен өлшенгенімен, шынайы шығармашылық мұраның ғұмыры уақытпен шектелмейді. Сахнада жағылған шырақ сөнбесе, суреткердің рухани ғұмыры да жалғаса береді.
Асыл ӘБІШЕВ.
