Есімі елге кеңінен танылған жас әнші Ибрагим Ескендір орындауындағы «Көк тудың желбірегені» жаңа заманғы әндердің бірі. Әннің шығу тарихы туралы massaget.kz сайтында былай делінеді.
«Көк тудың желбірегені» әні – сағымды сағынышқа толы, жанды тебірентіп, рухты оятатын нағыз патриоттық ән. Ол арнайы тапсырыспен жазылған ән емес. Атамекенге деген ыстық сағыныш пен бойдағы елжандылықтан туған ән. Тарихи отанына жете алмай жүрген өзге елдердегі қазақ бауырлардың жүрегінің лүпіліндей естілетін ән авторы Ермұрат Зейіпхан. Ал сөзін ақын Алмас Ахметбекұлы жазған. Екеуі де Қытайдан елге оралған қандастар.
Әуелі «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзі дүниеге келген. 1992 жылдың 22 мамырында Алматыда тәуелсіз елдің көк туы қабылданады. Бұл шара барлық арналардан тікелей эфирде көрсетіледі. Қытайдың Шәуешек деген мекенінде тұратын ақын Алмас Ахметбекұлы бір топ қазақ бауырлармен жиналып, теледидардан тамашалайды. Елбасы байрақты тізерлеп тұрып сүйгенде экран алдында отырған қандастар көз жастарына ерік береді.
Ақын өзі көк туды Қорғас шекарасынан елге өтіп келе жатқанда көреді. Самал жел соғып тұрғанда көк ту әуелеп, желбіреп тұрды. Сол кезде ақын жүрегі елжіреп, бойын ерекше бір сезім билеп, «Көк тудың желбірегені» деген өлең жолдары ойына келеді. Алматыға келген кезде өлеңнің қалған жолдары жазылады. Кейін ақын Еркін Ергенұлы деген сазгерге өлеңге ән жазып беруін өтініп сұрайды. Алайда, ән ақынның көңілінен шықпай, ол ақын-сазгер, опера әншісі Ермұрат Зейіпханұлына өлеңге ән жаз деп ұсыныс білдіреді. Сазгер әннің екі нұсқасын жазады. Ақын екеуін де тыңдап, ұнатқан нұсқасын қалдырады. Алғаш рет сахнаға «Көк тудың желбірегені» әнін әнші, отандық опера жұлдызы Майрам Мұхаммедқызы орындап шығады.
Кейін ән бірнеше дауыста опералық бағытта жазылып, радиодан беріліп жүреді. Осы кезде ән жас әнші Ибрагим Ескендір құлағына шалынып, ол әнді домбыраға салып, айта бастайды. Кейіннен «Көк тудың желбірегені» әніне бейнебаян түсіреді.
Көк тудың желбірегені
Көк тудың желбірегені –
Қазақтың асқақ беделі.
Махаббат, қайрат екеулеп,
Шымырлатқаны денені.
Көк тудың желбірегені –
Жаныма қуат береді.
Таласқа түссе жан мен ту
Жан емес,
Маған керегі-
Көк тудың желбірегені.
Көк тудың желбірегені-
Елдіктің асқақ өлеңі,
Әр жаққа тартпай, қазағым,
Бір сөзге жинал дегені.
Көк тудың желбірегені –
Бақыттың елжірегені,
Қиырда қалған қазақтың
Азат отанға жете алмай
Көзінің мөлдірегені.
Әзірлеген Жұмабек СМАНОВ.