
Павлодар облысы білім беру басқармасының «Алтын сақа» инновациялық шығармашылық орталығында оқушылар арасында «Елім менің» атты облыстық ақындар мүшәйрасы өтті. Шара ел тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналып, жас ұрпақтың шығармашылық қабілетін дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және дарынды оқушыларды қолдауға бағытталды.
Байқаудың басты мақсаты – оқушылардың қазақ поэзиясына, көркем сөз өнеріне қызығушылығын арттыру, ақындық қабілетін шыңдау, ұлттық әдеби мұраны насихаттау. Оған облыстың жалпы орта және қосымша білім беру ұйымдарының 8–18 жас аралығындағы оқушылары қатысуға мүмкіндік алды. Мүшәйра жас қаламгерлерге туған жерге, Отанға және ел тәуелсіздігіне деген сүйіспеншілігін өлең арқылы жеткізуге жол ашты.
Байқауды ұйымдастыруға ұйтқы болған – Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, айтыскер ақын, сазгер, әнші, «Алтын сақа» орталығындағы жас ақындар үйірмесінің жетекшісі Асығат Тұрғанбек.
Мүшәйра екі кезеңнен тұрды. Алғашқы іріктеуде қатысушылардың туындылары онлайн форматта қабылданып, үздік шығармалар қорытынды кезеңге жолдама алды. Шешуші кезеңде жас ақындар өлеңдерін қазылар алқасының назарына ұсынды. Туындылар тақырыпты ашу деңгейі, ой мазмұны, ұйқас пен ырғақ үйлесімі, тіл шеберлігі және сахналық мәдениет бойынша бағаланды.

Қазақ тіліндегі шығармалар бойынша бас жүлдені Павлодар қаласындағы «Жас Дарын» мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы Кәусар Медіғат «Тәуелсіздіктің тұғыры солар» туындысымен жеңіп алды. І орынды облыстық Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының оқушысы Алдияр Қайрат «Туған жер» шығармасымен иеленді.
ІІ орын Баянауыл ауданы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы атындағы жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Інжу Жұмкенге «Республикам менің!» өлеңі үшін берілді. ІІІ орынды Тереңкөл ауданындағы Қ.Оспанова атындағы №3 жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Аяла Алетаева «Отаным – Отбасым!» туындысымен иеленді.
Орыс тіліндегі шығармалар арасында І орынды Екібастұз қаласындағы №36 мектеп-лицейінің оқушысы Айлана Токурова «Мой край» шығармасымен алды. ІІ орын Тереңкөл ауданындағы Октябрьская жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы София Корпенкоға «Моя Республика – мой край родной» туындысы үшін берілді. ІІІ орын Шарбақты ауданының Александровка ауылынан қатысқан Айсана Кирееваға «Мой Казахстан! Моя Отчизна!» шығармасы үшін бұйырды.
Байқауға ұсынылған шығармаларды қазылар алқасының төрағасы Асыл Әбішев және алқа мүшелері Айбек Оралқанов. Оразбек Қақытхан мен Вадим Бердников бағалады. Олар қатысушылардың тақырыпты көркемдік тұрғыдан ашуына, тілдік қолданысына, өлең құрылымына және шығармашылық ізденісіне назар аударды.

Мұндай сайыстар оқушылардың әдеби талғамын қалыптастырып, өз ойын еркін әрі көркем жеткізуіне, көпшілік алдында сөйлеу дағдыларын дамытуына ықпал етеді. Әсіресе туған жер мен тәуелсіздік тақырыбындағы жырлар жас ұрпақтың отансүйгіштік сезімін нығайтып, ұлттық рухани құндылықтарға құрметін арттырады.
Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 35 жыл. Осы тақырып аясында өткен «Елім менің» мүшәйрасы – оқушылардың шығармашылық әлеуетін танытатын, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал ететін маңызды алаң. Байқау облыстың әр өңірінен келген жас таланттарға өз өнерін көрсетуге, тәжірибе алмасуға және жаңа мақсаттарға ұмтылуға мүмкіндік берді.
Бүгінгі жас қаламгерлердің алғашқы жетістіктері – олардың болашақ шығармашылық жолындағы маңызды қадам. «Алтын сақа» орталығында өткен облыстық мүшәйра ұлттық әдебиет пен мәдениетті насихаттауға, жас ақындардың талабын ұштауға және өңірдегі жаңа таланттарды қолдауға үлес қосты.
Асыл ӘБІШЕВ
