
2026 жылғы 1 шілде Қазақстанның саяси-құқықтық тарихындағы жаңа кезеңнің басталған күні ретінде ел жадында қалды. Осы күннен бастап 15 наурыздағы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енді. Содан бері үш айдан астам уақыт өтті. Осы қысқа мерзімнің өзінде Ата Заң белгілеген бірқатар түбегейлі өзгеріс нақты саяси институттарға айналып, мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесі қалыптаса бастады.
Жаңа Конституция – жекелеген баптар мен нормаларды – 11 бөлімді, 95 бапты біріктіре келіп, мемлекеттің даму философиясын, азамат пен билік арасындағы қарым-қатынастың жаңа қағидаларын, елдің алдағы стратегиялық бағдарын айқындайтын басты құжат.
Осы басты құжаттың 94-бабында: «Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді» деп нақты белгіленген. Осылайша, Қазақстан жаңа конституциялық дәуірге қадам басқаны нақтыланды.
Алам – мемлекеттің ең жоғары құндылығы
Ел Конституцияның тұтас мазмұнын айқындайтын басты қағида – адамға бағдарланған мемлекет құру. Мұндағы: «Қазақстан Республикасы – демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет. Мемлекеттің ең жоғары құндылығы – адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деген норма мемлекеттік саясаттың, заң шығару қызметінің, сот төрелігінің, әлеуметтік және экономикалық реформалардың түпкі мақсаты адамның өмір сапасын жақсартуға бағытталуы тиіс екенін негіздейді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстанның Бас құжаты – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры. Адам және оның өмірі – еліміздің Ата Заңына арқау болған басты құндылық» деген сөзі де осы ұстанымның мәнін тереңдей аша түседі.
Егемендік пен тұтастық – басты тұғыр
Конституциямыздың 2-бабында Қазақстанның унитарлы мемлекет екені, басқару үлгісі президенттік республика екені нақты көрсетілген. Сонымен бірге мемлекеттің егемендігі бүкіл аумақты қамтитыны және Қазақстан өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлінбеуін қамтамасыз ететіні бекітілген. Яғни саяси жүйе жаңарғанымен, мемлекеттіліктің іргелі негіздері – Тәуелсіздік, егемендік, унитарлық құрылым және аумақтық тұтастық өзгермейтін құндылық болып қала береді.
Жаңа саяси жүйенің құрылымы – Құрылтай
Сөз жоқ, Ата Заң күшіне енгеннен кейін елімізде жүзеге асқан аса ірі саяси өзгеріс – Қазақстанның екі палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшуі. Конституцияның 52-бабында: «Қазақстан Республикасының Құрылтайы – заң шығару билігін жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының жоғары өкілді органы», – деп атап көрсетілген. Ал 53-бап бойынша Құрылтай біртұтас жалпыұлттық сайлау округі бойынша пропорционалды жүйемен сайланатын 145 депутаттан тұрады. Олардың өкілеттік мерзімі – бес жыл.
2026 жылғы 23 тамызда елімізде тұңғыш рет Құрылтай депутаттарының сайлауы өткені мәлім. Нәтижесінде бес саяси партия Құрылтай мандатына ие болды. 28 тамыз Құрылтайдың алғашқы шақырылымдағы алғашқы сессиясы өткен күн ретінде Қазақстан тарихына орнықты. Осылайша, жаңа Конституциядағы аса ірі институционалдық реформа қысқа мерзім ішінде жүзеге асты.
Құрылымның құзыреті кеңейді
Бір палаталы жүйеге көшу арқылы жаңа Конституция Құрылтайға мемлекеттік билік жүйесіндегі бірқатар маңызды өкілеттікті берді. Мысалы, Конституцияның 56-бабына сәйкес Құрылтай заңдар мен конституциялық заңдарды қабылдайды, референдум тағайындау туралы бастама көтереді, Вице-Президент пен Премьер-Министрді тағайындауға келісім береді, Конституциялық Сот судьяларын тағайындауға қатысады, Жоғарғы Сот судьяларын сайлайды. Сондай-ақ Құрылтай Үкіметке сенімсіздік вотумын білдіруге және Үкімет мүшелерінің есебін тыңдауға құқылы. Демек, жаңа модельде заң шығарушы биліктің саяси жауапкершілігімен қатар, атқарушы билікке парламенттік бақылау жасау мүмкіндігі де күшейе түсті.
Вице-Президент институты
Конституция енгізген тағы бір маңызды жаңалық – Вице-Президент институты. Конституцияға сәйкес Вице-Президент Президенттің тапсырмасы бойынша Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл барысында Мемлекет басшысының атынан өкілдік етеді.
2026 жылғы 31 тамызда Президент Құрылтай отырысында Вице-Президент лауазымына Ерлан Қариннің кандидатурасын ұсынған-тұғын. Құрылтайдың келісімінен кейін Ерлан Қарин Қазақстан Республикасының Вице-Президенті болып тағайындалды. Сол күні Құрылтайдың келісімімен Олжас Бектенов Премьер-Министр болып тағайындалды. Міне, осылайша, жаңа Конституцияда қарастырылған билік институттарын қайта құру тетігі іс жүзінде жұмыс істей бастады.
Халық кеңесі – қоғам дауысының жаңа алаңы
Негізгі Заңда айқындалған тағы бір маңызды институт – Қазақстан Халық Кеңесі. Конституцияның 70-бабында: «Қазақстан Халық Кеңесі – Қазақстан Республикасы халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган», – деп көрсетілген.
Ал 71-бап Кеңеске қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлеумен қатар, Құрылтайға заң жобаларын енгізу және жалпыхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтеру құқығын береді. Конституция күшіне енгеннен кейін Қазақстан Халық Кеңесінің институционалдық негізі де қалыптаса бастады. Бұл – қоғамның мемлекеттік шешімдер мен заң шығару үдерісіне қатысуының жаңа тетігі.
Білім – әр заматтың құқығы
Қазақстанның болашағы білімді ұрпаққа тікелей байланысты. Сондықтан жаңа Конституцияда білім беру мәселесіне ерекше мән берілген. 33-бапта Қазақстан азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік берілетіні белгіленген. Бастауыш және негізгі орта білім міндетті. Сонымен қатар азаматтардың заңға сәйкес жоғары білім алу құқығы бекітіліп, мемлекет жалпыға міндетті білім стандарттарын белгілейтіні көрсетілген.
«Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие» деген норма да маңызды. Бүгінгі Қазақстан үшін мектеп тек білім беретін мекеме емес. Әр білім ордасы – жаңа ұрпақтың дүниетанымын, азаматтық жауапкершілігін, құқықтық мәдениетін қалыптастыратын орта. Сондықтан жаңашыл мектептерді іске қосу, білім беруді цифрландыру, жасанды интеллектіні оқу үдерісіне енгізу, педагог мәртебесін көтеру сияқты бастамаларды адам капиталын дамытудың біртұтас мемлекеттік саясаты ретінде қарастырған жөн.
Цифрлық даму – нақты стратегия
Жаңа Конституцияның заман талабына сай маңызды жаңалықтарының бірі – цифрлық ортадағы адам құқығын қорғау. Ата Заңда адамның жеке өміріне қол сұғылмауына, жеке және отбасы құпиясына, сондай-ақ цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғауға заңмен кепілдік берілетіні бекітілген. Бұл норма жасанды интеллект пен үлкен деректер дәуірінде ерекше маңызға ие. Өйткені адамның құқығы енді тек нақты өмір кеңістігінде емес, цифрлық кеңістікте де қорғалуы тиіс.
Мұның стратегиялық жалғасы ретінде елде цифрландыру мен жасанды интеллектіні кең көлемде енгізу жұмыстары жүріп жатыр. 2026 жылғы тамызда Digital Qazaqstan – 2029 жалпыұлттық стратегиясын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары бекітілді. Бұл – Конституциядағы цифрлық құқықтар мен технологиялық даму идеясының мемлекеттік саясаттағы нақты жалғасы.
Табиғат һәм қоғам
Жаңа қоғамның тағы бір маңызды құндылығы – экологиялық жауапкершілік. Конституцияда: «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті», – деп көрсетілген. Мемлекет адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді. Бұл қағида «Таза Қазақстан» идеясының да құқықтық мазмұнын тереңдете түседі. Тазалық енді тек коммуналдық қызметтің міндеті емес. Табиғатты қорғау – мемлекеттің де, бизнестің де, әр азаматтың да жауапкершілігі.
Заң мен Тәртіп – қастерлі қағидат
Жаңа Конституцияның рухын айқындайтын басты ұғымдардың бірі – Заң мен Тәртіп. Құқықтық мемлекет дегеніміз тек жақсы заңдардың болуы емес. Ең маңыздысы – сол заңдардың бәріне бірдей қолданылуы. Заң Президентке де, министрге де, депутатқа да, мемлекеттік қызметшіге де, кәсіпкерге де, қарапайым азаматқа да ортақ болуы керек. Сонда ғана қоғамда әділеттілікке сенім қалыптасады. Сондықтан Заң мен Тәртіп қағидатын полицияның немесе соттың жұмысы ретінде ғана қабылдау қате. Ол отбасындағы тәрбиеден, мектептегі тәртіптен, көшедегі мәдениеттен, еңбек қатынасынан, салық төлеуден, мемлекеттік қызметшінің азаматпен қарым-қатынасынан басталады. Құқықтық мемлекет ең алдымен құқықтық мәдениеті жоғары азаматтарымен нығаяды.
Ұлы Дала мұрасы және тарихи сабақтастық
Жаңа Конституцияның ерекшелігінің бірі – мемлекеттіліктің тарихи тамырына айрықша мән берілуі. Оның кіріспесінде Қазақстан халқының байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттілікті нығайтып, Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтайтыны атап көрсетілген. Бұл – өте маңызды дүниетанымдық ұстаным.
Қазақ мемлекеттілігінің тарихи тамыры ғасырлар қойнауында жатыр. Сақ пен Ғұн дәуірі, Түркі қағанаттары, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы – барлығы қазіргі Қазақстан мемлекеттілігінің тарихи жадын қалыптастырған кезеңдер. Демек, Конституция бүгінгі мемлекеттің құқықтық құрылымын ғана емес, оның тарихи жады мен болашақ алдындағы жауапкершілігін де айқындайды. Бүгінгі күні еліміздің тарихшылары Қазақстанның өткен дәуірлердегі болмысын қайта қарап, тиянақты зерттеулер жүргізуде.
Кез келген Конституцияның өміршеңдігі оның қаншалықты әдемі жазылғанымен өлшенбейді. Оның шынайы күші – нормаларының күнделікті өмірде орындалуында. Азамат соттан әділдік таба алса; мемлекеттік қызметші халыққа қызмет етсе; баланың сапалы білім алуына мүмкіндік жасалса; кәсіпкердің заңды мүддесі қорғалса; адамның жеке және цифрлық деректері қауіпсіз болса; заң алдында бәрі тең болса – Конституция жұмыс істеп жатыр деген сөз.
Ал егер заң мен өмірдің арасында алшақтық болса, ең жақсы жазылған Конституцияның өзі қоғамның сеніміне ие бола алмайды. Сондықтан ендігі үлкен міндет – Конституцияны күнделікті өмірдің нақты ережесіне айналдыру.
Тарих алдындағы жауапкершілік
Ұлт тарихында әр буынның өз міндеті болады. Тарихтан мәлім, бір буын азаттық үшін күресті. Бір буын Тәуелсіз мемлекетті қалыптастырды. Ал бүгінгі буынның тарихи міндеті – сол Тәуелсіз Қазақстанды әділетті, құқықтық, білімді, технологиялық және өркениетті мемлекетке айналдыру. Жаңа конституциялық кезең осы міндетті орындаудың құқықтық негізін қалады.
Үш айдан астам уақыт ішінде жүзеге асқан өзгерістер жаңа Ата Заңның саяси институттарды нақты өзгерте бастағанын көрсетті. Бірақ ең үлкен сын әлі алда. Конституцияның табысы жаңа лауазымдардың пайда болуымен немесе мемлекеттік органдардың атауының өзгеруімен ғана өлшенбеуі керек. Оның басты өлшемі – адамның өмірі.
Әділеттілік артты ма? Заң бәріне бірдей жұмыс істей ме? Азаматтың құқығы сенімді қорғала ма? Білім сапасы көтерілді ме? Мемлекеттік аппарат халыққа жақындай түсті ме? Цифрлық дәуірде адамның еркіндігі мен жеке деректері қорғала ма? Міне, жаңа Конституцияның тарихи нәтижесі түптің түбінде осы сауалдардың жауабымен бағаланатын болады. Қазақстан жаңа тарихи белеске аяқ басты. Жаңа Ата Заң – сол жолдағы құқықтық темірқазық.
Оны құрметтеу – Тәуелсіздікті құрметтеу әрі Ұлы Даладан жалғасқан мемлекеттілікке тағзым. Ең бастысы – бүгінгі ұрпақтың жауапкершілігін сезіну және келер буынға әділетті, қуатты әрі өркениетті Қазақстанды аманат ету.
Ата Заң – жарқын болашақ бағдары.
Асыл ӘБІШЕВ
