Жаңа оқу жылының басталуымен бірге елімізде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қою мәселесі де қызу талқыға түсіп жатыр. Осы мәселенің жөні мен жосығын, нақты тетіктерін айқындау Парламент деңгейіне шығып отыр. Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, балаларды әлеуметтік желінің кері ықпалынан қорғаудың кешенді жүйесін қалыптастыру қажеттігін көтерді.

Сөз жоқ, бұл мәселе біздің қоғамда аса өзекті болып тұр. Егер 16 жасқа толмаған баланың әлеуметтік желіге тіркелуіне заңмен тыйым салсақ, ол іс жүзінде қалай жүзеге асып, қандай тұрғыда орындалады? Бала жасын қалай растайды? Жеке деректерін кім сақтайды? Жалған аккаунттардың жолы қалай кесіледі? Интернет платформаларын білім алу мақсатында пайдаланатын балалардың мүмкіндігі шектеліп қалмай ма?

Міне, осыншалық сұрақтарға берілетін жауап болашақта қабылданып қалар Заңның тағдырын шешпек.

СМАРТФОН БАЛАНЫҢ ӨМІР САЛТЫН ӨЗГЕРТТІ

Әлеуметтік желі кез келген бала үшін тек әр нәрсені қарап, соған елітіп,  көңіл көтеретін алаң ғана емес. Осы кеңістікте бала сөйлеседі, ақпарат алады, видео көреді, өзін өзгелермен салыстырады, өзіндік пікір қалыптастырады. Анығын айтқанда, бүгінде смартфон экраны баланың дүниетанымын қалыптастыратын ықпалды ортаға айналып кетті.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев педагогтердің Тамыз конференциясында әлеуметтік желілер, цифрлық платформалар, жасанды интеллект пен агрессивті маркетинг балалардың дүниетанымына отбасы мен мектептен кем әсер етпейтінін атап өткен еді. Мемлекет басшысы 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желіге тіркелуін заң арқылы шектеу бастамасын да қолдайтынын білдірді. Сондықтан да бұл мәселенің Құрылтай мінберінен көтерілуі заңды.

9–10 ЖАСТАҒЫ БАЛАЛАРДЫҢ 60 ПАЙЫЗЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ

Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан өзінің сауалында бірқатар деректерді алға тартады. Оның айтуынша, дәл қазір балалардың әлеуметтік желімен қатысты іс-әрекеті әбден күрделеніп, қоюланып барады.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 44 елдегі 280 мыңға жуық жасөспірімді қамтыған зерттеуінде әлеуметтік желіні проблемалық деңгейде пайдаланатындардың үлесі 2018 жылғы 7 пайыздан 2022 жылы 11 пайызға дейін өскені анықталған. Мұндай тәуелділік ұйқының бұзылуымен және психологиялық әл-ауқаттың төмендеуімен байланыстырылады.

Өз еліміздегі ахуал да ойландырады. Депутаттың мәліметінше, 2023 жылы ЮНИСЕФ Балалар қорымен бірлесіп жүргізілген зерттеу Қазақстандағы 9–10 жастағы балалардың 60 пайызының, ал 11–12 жастағы балалардың 66 пайызының әлеуметтік желілерде аккаунты бар екенін көрсеткен. Балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар. Бұл сандар бір нәрсені анық көрсетеді: баланың цифрлық әлемге ену жасы тым төмендеп кеткен.

КИБЕРБУЛЛИНГ: 15 ПАЙЫЗДАН 33,5 ПАЙЫЗҒА

 Депутаттық сауалда әлеуметтік желілер арқылы буллингке ұшыраған 10–18 жас аралығындағы балалардың үлесі 2024 жылғы 15 пайыздан 2025 жылы 33,5 пайызға дейін өскені келтіріледі. Бір жылдың ішінде екі еседен астам өсім.

Әлбетте, кибербуллингті виртуалды әлемдегі болмашы жанжал ғана деп қарауға болмайды. Экрандағы қорлау баланың нақты өміріне өтеді. Ол көңіл күйіне, өзін-өзі бағалауына, құрдастарымен қарым-қатынасына, ұйқысына, тіпті сабаққа деген ынтасына әсер етуі мүмкін.

Сондықтан мәселе енді «баланы телефоннан қалай ажыратамыз?» деген қарабайыр сауалдан әлдеқайда ауқымды.

БАЛА ТЕК УАҚЫТЫН ЕМЕС, ЗЕЙІНІН ДЕ ЖОҒАЛТАДЫ

Жанарбек Әшімжан мәселенің тағы бір маңызды жағына назар аудартады. Ол – әлеуметтік желі баланың уақытын ұрлайтындығы. Жалпы, экран алдында өткен әр сағаттың өз сұрауы бар. Өкінішке қарай, бала да, ата-ана да мұны жіті ескере бермейді немесе елеп-ескергісі келмейді. Сағаттап смартфонда отырған баланың кітап оқуға, спортпен айналысуға, ата-анамен әңгімелесуге, күнделікті сабағын қарап, дайындалуға, уақытылы ұйықтауға ешқандай ынта-ықыласы, құлшыныс-ұмтылысы болмайды!

Экранға телміріп, роликтен роликке көшіп, бір ақпараттан келесісіне үздіксіз ауысып отыратын бала біртіндеп ұзақ мәтінге немесе күрделі тапсырмаға зейін қоюда қиналуы әбден ықтимал.

Мәселе телефонда қанша сағат отырғанын есептеумен шектелмейді. Ең маңыздысы – смартфонға тәуелділік баланың өміріндегі нені ығыстырып шығаруда деген сұрақ.

ӘЛЕМДІК ТӘЖІРИБЕ НЕ АЙТАДЫ?

Балаларды әлеуметтік желіден қорғау мәселесі көптеген мемлекетті алаңдатып, толғандырып отыр.

Депутат келтірген ашық деректерге сәйкес, 2026 жылы 25 елде балалардың әлеуметтік желіні пайдалану жасына байланысты заңнамалық шаралар нақты қаралған.

Мысалы, Австралия 16 жасты шек ретінде бекіткен алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Бұл туралы жыл басындағы жазбамызда сө еттік. Өзге елдер де жас шектеуі, ата-ананың келісімі, платформалардың жауапкершілігі секілді тәсілдерді қарастыруда.

Енді, міне, Қазақстан да бұл бағытта өз моделін қалыптастыруға кірісті. Десек те, әлемдік тәжірибе нақты көрсетіп отырғандай, «16 жасқа дейін болмайды» деп заңға жазу оңай, ал оны іс жүзінде орындату әлдеқайда қиын.

БАЛАНЫҢ 16-ҒА ТОЛҒАНЫН КІМ ТЕКСЕРЕДІ?

Осы сұрақ ең маңызды мәселе ретінде саналады. Қазір көптеген платформаларда тіркелген кезде қолданушы туған датасын өзі көрсетеді. Он үш жастағы бала өзін он сегіздемін деп жазса ше? Мұндай жағдайлар осы күні тым көп қой. Оны кім тексереді?

Әрбір баладан жеке куәлігін жүктеуді талап ету де ақылға қонымсыз болар еді. Мұндай жағдайда кәмелетке толмағандардың жеке деректерін сақтау мен қорғауға байланысты жаңа тәуекел пайда болады.

Осы мәселелерді ескере отырып, елімізге жас мөлшерін сенімді анықтайтын, бірақ баланың жеке мәліметтерін қажетсіз жинамайтын қауіпсіз цифрлық тетік қажет-ақ. Мұнымен қоса VPN, жалған аккаунт, өзге адамның мәліметін пайдалану секілді шектеуді айналып өту әрекеттері де ескерілуге тиіс. Егер бұл мәселелер шешілмесе, қатаң заңның өзі экран алдындағы баланың әрекетін өзгерте алмауы мүмкін.

YOUTUBE-ТЫ ДА ЖАУЫП ТАСТАЙМЫЗ БА?

Басы ашық шындық сол – бала интернетте тек ойын ойнап, қысқа видео қарап қана отырмайды. Көп балалар интернет арқылы бейнесабақ көреді, шет тілін үйренеді, ғылыми тәжірибелермен танысады, математикалық есептердің шешімін қарап, тарих, әдебиет, музыка, спорт туралы білім алады. Қысқасы, ғаламтор кеңістігін пайдалана отырып, өзінің танымдық біліктілігін, қабілетін арттыруға мүмкіндік алады. Сондықтан әлеуметтік желіге шектеу енгізу жоғарыдағыдай пайдалы білім ресурстарына жолды жауып тастамауы керек. Бұл да үлкен мәселе ретінде қарастырылады. Басты мақсат – баланы интернеттен шығарып жіберу емес, қауіпті контенттен қорғау.

ТЫЙЫММЕН ҚАТАР ТӘРБИЕ ҚАЖЕТ

Әрине, баланың қолынан смартфонды алып қоюға болады. Бірақ мұндай әрекетпен оның цифрлық сауатын арттыра алмаймыз. Дамуын тежейміз.

Депутаттың бұл жөнінде айта келіп, мектептерде цифрлық гигиена, медиасауат және әлеуметтік желіні қауіпсіз пайдалану дағдыларын жүйелі оқыту керек деген ұсынысның маңызы жоғары.

Әр бала интернеттегі жалған ақпаратты айқын ажырата білуі керек. Жеке мәліметін кімге беруге болмайтынын түсінуі тиіс. Кибербуллингке тап болғанда не істеу керектігін білгені абзал. Экран алдындағы уақытын өзі реттеуге дағдыланған баланың болашағы да зор.

Негізінен, біраз уақыт бұрын мектептерде Медиасауаттылық курстары жүргізіле бастаған еді. Өкінішке қарай, осы курстың маңызын терең ұғынып, қажетті деңгейде жүргізу жағы ақсаңқырап қалды. Бүгінгі заманда медиасауат дегеніңіз – қосымша білім емес, аса маңызды өмірлік қауіпсіздік дағдысы.

Бұл мәселеде ата-ананың да жауапкершілігі орасан. Өзі дастарқан басында телефоннан бас алмайтын ересек адамның баласына жекіп, «таста телефонды!» дегені – ақылға сыймайтын қылық. Бірақ осыны тереңнен зерделемейтініміз өкінішті. Баланың цифрлық мәдениеті ең алдымен отбасындағы үлгіден басталады.

ҰЛТТЫҚ МОНИТОРИНГ

Депутаттық сауалдағы маңызды ұсыныстың бірі — әлеуметтік желінің балалардың психологиялық денсаулығына, ұйқысына және оқу үлгеріміне ықпалын тұрақты зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізу.

Иә, бұл аса маңызды ұсыныс дер едім. Өйткені біз балалардың интернетті қанша уақыт пайдаланатынын ғана емес, оның салдарын да тереңнен танып-білуіміз керек.

Қай жаста әлеуметтік желіге қызығушылық күрт артады? Балалар тәулігіне қанша сағат экран алдында отырады? Қандай контентті көп көреді? Ұйқысы қалай өзгереді? Кибербуллинг қаншалықты таралған? Оқу үлгерімі мен экран уақыты арасында қандай байланыс бар? Міне, осындай мәліметтер тұрақты жиналса ғана мемлекет эмоцияға немесе болжамға емес, нақты дерекке сүйеніп шешім қабылдай алады. Цифрлық орта жыл сайын емес, ай сайын өзгеріп жатқан кезеңде бұл өте маңызды.

ТӨРТ ҚАДАМ

Жанарбек Әшімжан Құрылтай депутаттарының атынан Үкімет алдына төрт нақты мәселе қойды:

Біріншісі – 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне шектеу қоюдың нақты тетігін әзірлеу.

Екіншісі – балалардың жеке және цифрлық деректерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Үшіншісі – мектептерде цифрлық гигиена, медиасауат және әлеуметтік желіні қауіпсіз пайдалану дағдыларын жүйелі оқыту.

Төртіншісі – әлеуметтік желінің балалардың психологиялық денсаулығына, ұйқысына және оқу үлгеріміне әсерін тұрақты зерттейтін ұлттық мониторинг жүйесін енгізу.

Бұл төрт бағыт бір-бірінен бөлек қарастырылмауы тиіс. Өйткені заң бар да, оны айналып өту оңай болса – нәтиже жоқ. Шектеу бар да, цифрлық сауат жоқ болса – нәтиже аз. Ата-ана бақылауы бар да, баланың бос уақытын өткізетін спорттық, шығармашылық, зияткерлік балама болмаса – тағы қиын.

МАҚСАТ  – ҚАУІПТЕН ҚОРҒАУ!

Біз мынаны жақсы түсінуге тиіспіз: Қазақстан үшін ең басты міндет – балаларды цифрлық әлемнен оқшаулау емес, керісінше, оларды сол әлемде қауіпсіз өмір сүруге үйрету.

Балаға интернет, ондағы ресурстар ауадай қажет. Ертеңгі білім, ғылым, кәсіп, шығармашылық, технология – бәрі цифрлық кеңістікпен тікелей байланысты өріледі. Дегенмен, баланың психикасы мен зейіні технологиялық компаниялардың алгоритмдеріне толығымен тәуелді болмауға тиіс. Сондықтан 16 жасқа дейін әлеуметтік желіге тіркелуді шектеу туралы бастаманың нәтижесі заңның қаншалықты қатаң жазылғанымен емес, оның қаншалықты ақылды жүзеге асырылғанымен өлшенеді.

Жас мөлшерін тексерудің қауіпсіз тетігі, баланың дербес деректерін қорғау, платформалардың жауапкершілігі, ата-ана бақылауы, мектептегі медиасауат және тұрақты ұлттық мониторинг қатар жұмыс істеуі қажет. Сонда ғана шектеу формалды тыйымнан нақты қорғаныс жүйесіне айналады.

Қазақстан әлеуметтік желімен күресіп отырған жоқ, баланың уақытын, зейінін, денсаулығын және болашағын қорғап отыр деп түсінсек ғанибет.

Шаруамыз бітпесін!

Асыл ӘБІШЕВ.

Добавить комментарий