Құрылтай сайлауын өткізу үшін бүгін сағат 7.00-де Ертіс-Баян өңіріндегі барлық 522 сайлау учаскесінің есіктері айқара ашылды. Аймақта 500 мыңнан астам сайлаушы бар.

Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнәр Аманжолованың айтуынша, жалпы өңір бойынша 536 сайлау комиссиясы құрылған. Оның 14-і аумақтық болып саналады.
– Қатарымызда 3,4 мыңнан астам комиссия мүшесі бар. Барлығының дайындықтары тыңғылықты, келушілерді қабылдап, дауыс беру рәсімін бастап кетті. 21 сайлау учаскесі азаматтардың уақытша болуы орындарында құрылды. Яғни оларға бас бостандығынан айыру орындары, уақытша ұстау изоляторлары, ауруханалар мен санаторийлер жатады. Облыс бойынша сайлаушылар саны – 500 мыңнан астам, – деп хабарлады Гүлнәр Аманжолова.
Сайлауды байқауға аккредиттелген ұйымдар ғана қатыса алатыны мәлім. Бүгінгі сайлауда Орталық сайлау комиссиясында аккредиттелген 13 ұйым, облыстық аумақтық сайлау комиссиясына тіркелген 9 ұйымның байқаушылары жұмыс істеп жатыр. Оған қоса сайлауға қатысып жатқан партиялар байқаушыларын жіберген.
Бүгін қоғамдық көліктер жолаушыларды тегін тасымалдайды әрі инватакси қызмет көрсетеді. Денсаулық жағдайына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар сайлау учаскелеріне хабарласып, дауысты үйден беруге ниетті екенін білдіруі керек. Сол өтініш негізінде комиссия мүшелері тұрғынның үйіне барады.
https://kaz.inform.kz/news/pavlodar-halki-522-saylau-uchaskesnde-dauis-berp-zhatir-b455ea50
