Тамыздың оны – қазақ «сөз патшасын» ұлықтайтын күн. Ұлы Абайдың туғанына 181 жыл толған бұл күнде Ертіс-Баян өңірінің Аққулы ауданы ерекше бір рухани сілкіністі бастан кешті.
Павлодар өңірінің түкпір-түкпірінен келген жас таланттар ең алдымен ұлы ақын ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Бұл – өткенге салауат, болашаққа аманат арқалатудың шынайы бейнесі еді.
Аудандық мәдениет үйінде жалғасқан «Өлең – сөздің патшасы» атты облыстық жыр-мүшәйрасын Аққулы ауданы әкімінің орынбасары Махаббат Өміртайқызы Абулова ашып, сөз қадірін ұғынған жастарға өнер додасында сәт-сапар тіледі. Есім Бейбітханның орындауындағы «Сегізаяқ» пен Асыл Әбішев қалықтатқан «Желсіз түнде жарық айы» залдағы көрерменді Абайдың сазды әлеміне терең бойлатты.
Мүшәйрада баянауылдық Қайрат Алдияр, атамекендік Сапарғали Шұғыла, аққулық Сәмет Салих, ақсулық Нұрғанатұлы Нұрсәт сияқты жас талаптар Абай сөзінің қуатымен нәрленген өз жырларын сарапқа салды. Олардың аяқ алысын, сөз саптауын белгілі журналист, ақын Асыл Әбіш бастаған, Асығат Тұрғанбек пен Айбек Оралхан қостаған білікті қазылар алқасы әділ таразылады. Шараның жоғары деңгейде өтуіне ауданның мәдениет бөлімі ұйытқы болып, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге атсалысты.
Абайды оқу – жәй ғана тақпақтау емес, Абайды оқу – ойлану, адам болу. Бұл күнгі басты жеңіс – оқушылардың өлең арқылы өзін іздеп, сөз қадірін түсінгенінде. Абай сөзі – бүгін де, ертең де ұлт руханиятының адастырмас темірқазығы болып қала бермек.
3-орын 
Қайрат Алдияр 
Мыңмен жалғыз алысқан
Күнін көрген көркем сөзді ақынның,
Шыңғыстаудың етегімен барамын.
Дәл қазір мен тәніне де жақынмын,
Мен тұрған тұс, үй жағына қарадым.
Үйіне де келіп қалдым өзімен,
Үстел үсті – қара сия, ақ парақ.
Қайғы, мұңын көргендеймін көзінен,
Өсек айтқан жігіттері аңтарылып, жақ қарап.
Күрсінді де, ойға терең шомылды,
Қаратқанда айды жерге аспаннан.
Гуілімен қара желдің көмілді,
Топырақ та, естелік те тас маңнан.
Түнде майшам жарығымен жарқырап,
Бет-бейнесі анық аңғарылады Абайдың.
Көп жазғаннан екі қолы қалтырап,
Сол жазғаны – ащы тағдыры талайдың.
Адам барда, қоғам барда ойы бар,
Абай аты өше қоймас мәңгілік.
Надан біткен түптің түбі жойылар,
Ал Абайдың асыл сөзі – мәңгі ұлық!
2-орын

Сапарғали Шұғыла

Абай атам алаштың – Кемеңгері

Абайды Шығыс өлкем туған орда,
Мен үшін орның ерек бұл ғаламда
Теңіздік тереңіндей кемел ойлы
Абайдай ойшыл , дана тұлға бар ма

Әр сөзі алтыннан да құны басым
Оқыған сайын оған құнығасың
Апырмай ,жүрегіңе жүктеп алып
Сырласасың , тұщынып тынығасың

Абай атам Алаштың кемеңгері
Өсиетке өрілген өлеңдері
Дертке дауа іспетті рухани
Кеселіңді кетірген денеңдегі

Қара сөздің киесін арқалаған
Тұла бойдан туралық тарқамаған
Ақын атам мұрасы алтын сарай
Шеберлік бар тасында әр қалаған

 

1-орын 

Сәмет Салих

Даналық даңғылы

Абайша ойлану , Абайша толғану
Мың сұрақ мазалап ,өзіңді қолға алу
Қамын жеп қазақтың , қамығу , қорлану
Қолымнан келер ме жан қиып – сор бағу

Ілімге ұмсынып , ғылымға құлшынып
Ұлты үшін ұялып, жұрты үшін қымсынып
Ел үшін егіліп , езіліп , емініп
Абайша құдайға жасасам құлшылық

Кешегі тобырың, баспай тұр солығын
Таппады орынын, жасауда жорығын
Өсек пен өтірік, мақтану көпіріп
Абайша бетіне айтады оны кім?

Ғайбаттау , жайдақ дау,ас беру -бай мақтау
Бос қалжың ,ойнақтау . Толассыз той қаптау
Өзің жоқ көзің жоқ , айтарға сөзім жоқ
Тозам ба , озам ба ? оралмай ой баптау

Ілгерлеп бір демде , озған ел іргемде
Күн туар кімдерге ,қаперсіз жүргенде
Абайды игерсек , Абайдан үйренсек
Даналық даңғылын толтырып гүлдерге!!!

 

Бас жүлде

Сәрсенбай Нұрсәт Нұрқанатұлы
 Абай
(Элегия)

Асқақ шуақ Шыңғыстаудан шықса бір,
Абай билеп дархан дала адырын.
Әлди салып, аспан нұрын шытса бір,
Бесік етіп ақындардың қабірін.

Түндік жапқан Жидебайдың жайлауын,
Еркелеген түс түнейді санаға.
Әжім түскен сол заманнан айға мың,
Жүз сексен жыл кесіп-пішіп араға!..

Әр жазымыш жаратқанның жазуы,
Әмір нұсқап Құнанбайша хақ тәңір.
Замананың шодырайған азуы,
Жасын нұр боп жарқылдайды шақта бұл.

Шәкәрім боп тарих біткен сыр тартып,
Абай кетті жетегінде сан ойдың.
Құдайсыздың маңдайына шер қатып,
Тәлкегіне ұшыраған тар ойдың!..

Қодар ғұмыр әр заманның тентегі,
Қамқа келін түн жамылған түнеріп.
Өмір деген өмір емес ертегі,
Алшаң басқан сайтан баққа гүл егіп.

Сынық қанат жан дауысын күрмейді,
Жетелер ме бұлдыр елес әз баққа?!.
Хаққа көніп жұлдыз көктен сырғиды,
Абайға ұқсап құмартпаған тәж, таққа!..

Тоз тоз татып, жаннан қалмай сан дегбір,
Ғасыр бітеп тағдырының бұлағын.
Ғазиз күнді кешсе талмай ар деп құл,
Хәкім Абай асыл тұтып шырағын!..

Жұмыр жырдың құшып күшін бал әуен,
Сеңгір көктен нәсіп етіп сый құдай.
Қанып ішер қара өлеңнен бар әлем,
Ғазал-жырға аяғы ауыр Жидебай!

Добавить комментарий