Қадірлі оқырман! «Өлең танысаңыз...» айдарының алғашқы шығарылымында назарларыңызға ұсынылған өлеңге қатысты сан алуан пікір білдірілді. Жобамызға белсенді атсалысқан әр оқырманға, ойларын ортаған салған қаламгерлерге алғыс білдіреміз. Авторы жасырын өлеңге қатысты пікірлердің үздіктерін іріктеп жариялауды жөн көрдік. Әрине, әдебиет әлеуметтік желіде жасалмайды. Дегенмен, шығарма көпке ортақ болсын, барынша оқылсын деген ниетпен желден жүйрік желіге жүгінетініміз бар. Бұл қадамымыз алда жазылатын мазмұнды мақалалардың, салмақты сындардың, парасатты пікірлер мен жан-жақты талдаулардың бастамасы болсын.

Әдебиеттанушы Бекқожа ЖЫЛҚЫБЕКҰЛЫ:

«Бұл өлеңнің тақырыбы тың, бірақ автор сезімдік таным арқылы оқырманға суреткерлікпен әсер етудің кілтін таба алмай, ақыл айтумен шектеліп қалған. Өлең арқылы ақыл айту дарынды өлең емес, cарынды өлең болады. Өйткені Марат Қабанбайдың «Өлең ақыл айтқан жерде өледі» деген өте ұтымды пайымы бар. Сондықтан бұл өлең бір қарағанда тамаша өлең секілді болғанымен, дарынды өлең дәрежесіне көтеріле алмаған. Сарынды өлең деңгейінде қалып қойған. Оның үстіне өлең шумақтарындағы тармақтардың грамматикалық байланыстарында да кемістік көп. Ұйқас қуалаушылық басым!»

Ақын Алмас ТЕМІРБАЙ:

«Әп-әдемі оқып бастап, 3-4-5 жолға жеткенде тілім бұратылып қала жаздады ғой… Авторы ренжімесін! Жорғасынан жаңылған немесе сүрінген аттай, әуені бұзылған әндей буын ырғағы бұзылған өлеңді қабылдай алмайды екенмін. Стилінен айыра қоятындай шеберлігі шыңдалған ақын емес сияқты.

Жаңа жобаларыңызға сәттілік! Лайықтыларды жариялаңыздар!»

Ақын Жанаргүл ҚАДЫРОВА:

«Маған өлең қасаң, «кезекші» пафостармен жазылған сияқты. Ритм ауып барып орнына түскен. «Кереует» деген сөздің орнына қабырға ма, итарба ма, басқа сөз болса, әдемірек болар ма еді…

«Мәңгі сені жазбаған жығылуға». Мұқағалидың ойлары қайталанған. Сәбидің тәй-тәй басып жүріп құлағанын өмірдегі үлкен жығылыспен салыстырып ауырлатудың жөні жоқ сосын».

Ақын Бейбіт БӨЖЕН:

«Бұл экспромтпен туған өлең секілді. Әдетте бала қаз-қаз тұрып, қазақы түсінікпен кереует емес, жер үстел, қабырға, кереге жағалайтын. Тахтаны айналып жүрген болуы керек, қазіргі тірлікпен. Сосын сәби ізгіліктің иесі болмайды, ол пәктіктің, тазалықтың иесі. «Құның, бағаң» деген синонимдер ұйқас үшін алына салған секілді. «Құның, балам» дегенде әдемі кетер ме еді? Буын саны да бір тармақта шұбалаңқы.

Ал жалпылай алғанда ақынның лирик екені көрініп тұр. Қалт-құлт еткен баланың әрекетін өлеңге өре білген. Сурет. Шеберлік. Өз басым, бұл өлеңін автор үстінен тағы бір қараса жөн болады. Асығыс жариялай салған секілді деп ойлаймын. Әйтпесе, қолтаңбасынан ақындық әлемге сүңгіген жан екені сезіледі».

Ақын Ерлан АМАНҚОЖАҰЛЫ:

«Әкенің балаға деген алып ұшқан жүрегінің ақ тілегі деп қабылдауға болар, ал үлкен талқыға салардай жүк көтеретін белі мықты өлең көрінбейді. Өлеңде айтар ойын айпарадай етіп жайып салу жалаңдыққа алып келеді, ойын ашық айту айтыскерлердің міндеті болса керек.

«Құлаймын-ау деген бір қауіппенен,

Шауып келем, ызғытып шауып келем.

Атам таққан құйысқан түсіп қапты,

Әттеген-ай, қай жерден тауып берем», – деген Мұқаң бір дәуірдің көшіп бара жатқанын, ел салтының өзгеріп, ұлттық құндылықтардың жоғалып бара жатқанын айтпай тұрып айтып кеткен жоқ па?! Жалпы поэзияның тілі солай сөйлейді ғой, сол тұрғыдан бұл өлең басқасын айтпағанда, қарабайыр айтқыштыққа бой ұрып кеткен…»

Ақын Перизат ҚҰРМАНӘЛІ:

«Мысалы былай десек: жанр түрі – өрнекті сөз жүйесі бар өлең. Өлең негізінен төрт шумақтан тұрады. Ұйқас түрі – қара өлең ұйқасы (а-а-б-а).

Теңеулер кездестірмеген сияқтымын, өлең өсиетке, ақыл-кеңеске құрылған. Ұлына айтқан өсиетнама арқылы, ақынның жалпы Қазақ ұлтына айтқан базынасын көргендеймін.»

Ақын Сайлау БАЙБОСЫН:

«Авторға ескерту: «Қалай тез-тез шауып кетеді ел-жұрттың балалары…», – деген жолды алып тасташы, бүкіл өлеңнің сұрқын алып тұр…»

Ақын Шолпан БАЙҒАЛЫ:

«Қалай тез-тез шауып кетеді ел-жұрттың балалары» деген жолдар ұйқас үшін ғана, өлеңді көркемдемей тұр. Кімнің өлеңі болса да ой да, сурет те бар. Бір ұйқасында әріптер түсіп қалғаны болмаса…»

Қадірлі оқырман, сын-пікір алаңына шығарылған «Қаз тұрды ұлым...» өлеңі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Aiqara» ақпараттық порталының шеф-редакторы Еламан Қабділәшімнің шығармасы болатын. Ақын өздеріңіз айтқан ескерту, сын, пікірден қорытынды шығарып, шығармашылығын шыңдай түседі, ізденісін жетілдіре түседі деп сенеміз.

Пікір үстеу