Бүгін – ақын Алмас Ақтасовтың туған күні. Кей ақындар көп сөйлеп танылады. Кей ақындар аз жазып-ақ өз кеңістігін қалыптастырады. Ал Алмас Ақтасовтың жырларында көзге ұрып тұрған әсірелік жоқ. Оның өлеңдері ішкі қуатымен, тосын образдарымен, мінезді иірімдерімен есте қалады. Бұл – өзін қайталамайтын, өз соқпағын іздейтін ақынның қолтаңбасы.
Өршіл рух, ішкі қарсылық, жалғыздықтың сәулесі мен адам жанының қатпарлары – оның поэзиясындағы негізгі өзектердің бірі. Сол себепті оның өлеңдері оқырманнан жай ғана оқуды емес, бірге ойлануды талап етеді. Нағыз поэзияның табиғаты да осы. Ақынның топтама өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз.
Өмір деген өлең емес шынында,
Өлім ғана шын өлең!
Адам жалғыз туады,
жалғыз өледі,
ал өмір —
осы жалғыздықты игеру…
***
Мұң тамды ма жанардан,
тамды ма түн?!
Сусын бар ма шөлімді қандыратын?
Мәнсіздікке бояймын тәуліктерді,
Жан таба алмай жалғанда жанды ұғатын.
Мақта ма ақ қар, үзілген аспан жібі,
Ақтамақ таң күйбеңнің басқан жүгі.
Қаптамақ па көңілді қаңтар-қайғы?
Мақтамақ па жағымпаз қасқаңды ірі?
Күндер қайда балғын дем,
көк тынысты,
Құрсау-қарыз жерменен көкті қысты.
Балын ішкен жастықтың кешегіміз,
Бесін ауа тіршілік өтті құсты.
Сүрлеуіне уақыттың төгілді іздер,
Күрмеуінде тағдырдың көңіл-күздеу…
Шылымындай ең соңғы қораптағы,
Қызғанды ма бақты да өмір бізден?
Айна алдында таранса сұңғыла таң,
Шыңырауына жанымның мұң құлатам.
Бір шайқап алатыным бар түнімен,
Ән шырқап оятқанша бұлбұл отан!
Отыр ма екен біздермен Тәңір ойнап,
Қалай қояр түйінді әмір ойлап.
Қосыла бір шырқайық, келші, досым,
Біткенінше менің де әнім ойнап!
***
Экспромт
Тоңдырғанда суық түн мамық қарды,
Мен аңсаумен күтемін жарық таңды.
Қара жердің қарыны ашқан күні,
Төсегіме айналар табыт мәңгі.
Кескілесе суық қар түбіт түнді,
Уға айналып кетеді күдік түбі.
Жылуыңмен суарып тұрмасаң сен,
Солып қалар мендегі үміт гүлі.
Қар жауды ма далаға, көңілге әлде?!
Өткен күндер түсім бе, өмір ме әлде?!
Саусағыма қадалған қанталатып,
Терілмеген жырлар ма, шөгір ме әлде?!
Көңілге де қар жауған, қалаға да,
Кір ғаламды нәзік қар табалама!
Барған сайын өлең де сиреп жатыр,
Шашымды да болады тарамауға.
Сыртым күліп жүрсе де жалын ішім,
Болашағым бұлыңғыр, сағым іші.
Жауған бүгін қар емес түніменен,
Өлеңге деген менің сағынышым.
***
Жырсыз көктем қарсы алып, әнсіз көктем,
Бақытыңның шырынын дәмсіз еткен.
Тағдыр сия таусылып бара жатыр,
Мағына іздеп жүргенде мәнсіздіктен.
Мәнсіздіктің құшағы – үнсіз ағыс,
Үнсіздіктің құшағы – түн, сыра, қыз.
Бірі дінде, басқасы дінсіздікте,
Әр құшақта бәріміз тұншығамыз.
Тербетпейді жанымды баяғы әуен,
Жүзіп келем, білмеймін қай ағынмен.
Өкініштің өзенін қақ жарар ем,
Қолда болса Мұсаның таяғымен.
Отыз үш жас келгенде бал күнімдей,
Иса құсап кетпейік таңға ілінбей.
Қағып жатқан денеме шегелерін,
Сағатымның тықылы балға үніндей.
Әнсіз көктем қарсы алып жырсыз көктем,
Өмір әрі бағылы, әрі құнсыз неткен.
Күннен күнге жанымның бір бөлшегі,
Батып бара жатқандай түпсіздікке.
***
Таныстардай есімі ұмыт болған,
күндерім көп
көңілге күдік қонған.
Түн дегенің уайымның толқындары,
Шайқап кетер ойларды тұнып тұрған.
Түнгі ойлар жүректі жалап өтіп,
Сыпырады-ай жаныңның жара бетін.
Жарығындай көліктің
терезеден
бір жарқ етер
өмір де барады өтіп.
Ажырамай шаттанар, күрсінер шақ,
сөздерімнен байқасам ісім алшақ.
Өмірде де кинодай музыка ойнап,
не сезіну керегін түсіне алсақ.
Түсіне алсақ бәрін де өмірде біз,
Түспей тұрып қоңырқай көңілге күз.
Қайда бастап барасың соқпақ тағдыр,
Қайда қалып барасың көмілген із.
Әрісі не өлімнің берісі не,
Бір әйтеуір келерміз келісімге.
Оған дейін сүреміз бұл өмірді,
Жауыр болған әңгіме желісімен…
***
Кеңістікке жайылса мамыр баяу,
Елітеді тіршілік тамырда ояу.
Бөртегүлдің жұпары әтірлеген
қалаға жел жағады қалың бояу.
Тынысымен оятып тіршілікті,
Таңғы көше жасауда құлшылықты.
Мұң жұқтырып сүртінем орамалға,
Сосын өмір мәніндей таба алмаған,
Аласұрып іздеймін бір шұлықты.
Оранғанын көрем де өртке ұямның,
Түннен қалған ойларға дерт құямын.
Көңілімнің іздеген Жерұйығын,
Табамын ба ішінен тек қиялдың.
Шер кеміред ішімді,
күліп тұрып,
Кейін күйбең жіберер ұмыттырып.
Көліктердің зуылы,
көше ырғағы,
Торғайлардың таңғы үні – үміт нұры.
Тереземнен төгілсе көктемгі әуез,
Өлеңдерім боп алды өкпеге әуес.
Жылдар жыртып естелік парақтарын,
Ұмыттырып барады өткенді тез.
Кеткеніңше жұтылып келте күнге
өмір деген сүйсіну ерке гүлге.
Сезімнен басқа бізде не бар өзі?!
Ұмытылар бәрі де,
ертеңің де…
***
Батыс,
өлген күндердің қабір басы,
Бақсы далам дұғаңнан жаңылмашы.
Жаназада тұрғандай сүмірейген,
– Ей, бейшара үйлердің қабырғасы.
Сендер жалғыздығымның тағдырласы…
Мұң аралас иіс бар күзгі демде,
Елітеді тылсым күй бізді бөгде.
Қара жолдар жұтылып фасадтарға,
Тұман мезгіл кешегі ізді көмген.
Өткеніме неліктен үздігем мен?!..
Жаңбырда да мінез бар
қалада бұл,
Көңілге бір жауатын, далаға бір.
Өтіп жатыр қасымнан солғын өңдер,
Іштерінде бұлқынған қара дауыл.
Тек үнсіздік
дейтіндей жарам ауыр…
Үніне де құстардың қаяу сіңген,
Мына бір хәл бітпейді-ау таяу күнде.
Қар аралас жаңбыры қарашаның,
Себелеуде жаныма баяу түнде.
Менікі құр мәні жоқ ояу сүлде!
***
Сүретіндей өмірді бүгін ғана,
Сыйласыншы әтірлі гүлін дала.
Еріп кетсін біздегі шермен бірге,
Тамшылаған, түбінде түннің қала.
Ерісінші бәрі де,
еңілік түн
таң алдында жатқанда сөгіліп мың.
Дөңгеленген дүние жанарынан,
Кететіндей үңілсең төгіліп мұң.
Таңға қарай ұласып жаңбырға ірі,
Ашылады даланың балғын үні.
Бұрыңғымыз тым тәтті, бүгініміз
асау күйдің әлсіздеу жаңғырығы.
Баянсыздау бұл өмір, боямасыз,
Бәлкім бәрі түс болып оянасыз.
Жапырақтың жасылын тамырдағы,
Қанша жұтып жатса да тоя ма күз?!
Сіңіп кетіп жоғалар тамыз бұлтқа,
Өмір деген – үйрену жалғыздыққа.
Бір тамшыдан жаралып, кетеміз ғой
кірпіктерде айналып жалғыз шыққа.
Өмір деген осы ма шыныменен?
Мағынасыз тірліктің құны өлең.
Бес күн жалған фәнидің бар мазмұны
жауған жаңбыр бүгінгі түніменен…
***
Көліктердің ілесіп көшіне дем,
Қала қамсыз, қаперсіз есінеген.
Арагідік тек қана бұлқынады,
Асау ойлар иесіз кісінеген.
Сыбырласса үйлердің бұрыштары,
Сөгілердей меңіреу тыныш қалып.
Көлденеңнен құлаған көкжиек те,
Сазарыпты жатқандай жын қысқалы.
Ерте өле ме, жоқ әлде кеш өле ме?!
Батқан күнді қимайды көше неге?..
Селт етеді елітіп, ұйып кеткен,
Бір терезе жапырақ өсегiне.
Айтқаныңды бәрі де тыңдаса да,
Жан таппаймыз сырласып, мұңдасарға.
Отырамыз содан соң құда түсіп,
Өлең-жырдан салғызып түнге сырға.
Сырларым-ау, мұңдарым маңырауық,
Шарпып кеткен жалғыздық, жалын қауып.
Бұл қоғамның шын діні үнсіздікпен,
Адамзаттың құдайы саңыраулық.
Қалмағандай бір белгі өткен күннен,
Ешкімге жоқ бұл күнде өкпем мүлдем.
Тағдыр жайлы бір нәрсе дейін десем,
Бір дауыс шықса қайтем көктен күлген…
***
Өткен өмір түсім бе ең, өңім бе едің?
Көргем таңның көзіңнен төгілгенін.
Үйлесімсіз күндердің әуендері,
Құлақ күйі келмеген көңілдегі үн.
Жалқы мұңым жазылмай кешкі демнен,
Жаңа өзімді таппадым ескі реңнен.
Уайым бұлтқа батады қызарыңқы,
Бөлісе алмас ойларым ешкімменен.
Күлгін кештің біткенде қапырығы?
Қарға түндер төгеді қақырығын.
Мұңаймауға себеп көп шындығында,
Өмір, өлім бәрі де тақыр ұғым.
***
Көше демі жайылып үй арасы,
Шертіледі қаланың күй наласы.
Даладағы тұрлаусыз тіршілікке,
Терезеден телміред үй баласы.
Тағдырлардың бейтаныс бейнелерін,
Қашап қойғым келеді кейде менің.
Терезелер сөнгенде ауыстырар,
Түн деген ол жанымның жейделері!..
Есімде жоқ сәбилік сезімдерім,
Тауысқанын білемін төзімді ерін.
Жад инеме естелік сабақталмай,
Бүгін тағы ілін бед(і) көз ілмегім.
Түнгі ырғақтар безеді таң сәріде,
Керуен көшкен бұлттардың аңсары не?!
Қанша жерден қалада жүрсек дағы,​
Неге орала береміз жан шәріне?!
***
Тұншықтырып қаланы түн құшағы,
Сүреңсіз көшелерді мұң қысады.
Лақтырған шылымымдай, көкжиектен
Құлап тынды бүгінгі күн құсалы…
Көшеге өлі айғыздап түн бояуын,
Қорғасын бұлт,​
Сіркіреп тынбай жауын.
Тынық мұxит жанардың жағасында,
Сапыруда жасыңды түнгі ой – дауыл.
Құс жолындай шашыңда жол баяны,
Саусақтарым адасад(ы) сол баяғы.
Сөнген алыс жұлдыздың​
көздеріңде,
Жүрегімді тылсым бір қозғайды әні.
Тасасынан түн шығып бүкір дүздің,
Тереземнен үңілед үкі көзді.
Еріндегі құмардың құбыжығы,
Қоймайтындай құдды бір түгімізді.
Almas Quantaiūly Aqtas ФБ парақшасынан

Добавить комментарий