Оқырман назарына ақын Ерлан Аманқожаұлының өлеңдерін ұсынамыз.

***

Мезгіл берген қатал үкім тағдыр ма?

Қасіреті бір аумайтын өлеңнен.

Жапырақтар, құламашы алдымда,

Қайтқан  құстар, өтпеңдерші төбемнен.

Өзендерді кешіп  өтіп мың қилы,

Сері шақтар құмға сіңіп жоғалды.

Жүректі езген тартпаңдаршы бұл күйді,

Қарғыс атқыр, салмаңдаршы сол әнді.

Тоз-тоз болған  дүниенің  думаны,

Аңсау ғана  көкіректе маздап жүр.

Айтпаңдаршы қызғалдақтар туралы,

Оқылмасын көктем жайлы жазған жыр.

Тоқтатайық,

Сезімі  жоқ сөз өлер,

Тара бәрің,

Көз алдымнан құрыңдар.

Бұл недеген сарқылмайтын көзелер,

Бұл недеген тартып болмас шылымдар!?

***

Құрлық асқан сол бір адам аң аулап,

Көзіме  оттай басылады алаулап.

Ну орманның арасында жоқ іздеп,

Отырады күй боздатып, ән арнап.

Шерлі күйден  тулап шығып бір пырақ,

Үйіріне  қосылардай шұрқырап.

Тұман кешкен жолаушының кейпінде,

Оянамын сай-сүйегім сырқырап.

Сарынды  естіп менің далам шығарған,

Тауды еске алам айықпаған мұнардан.

Ормандарым тура осылай күңіреніп,

Өзендерім тура осылай қуанған.

Кеудесіне ғалам сыйған  дүрлерім,

Адамдарды адал сүйген пірлерім.

Жусан аңқып кеңсірігімді ашытып,

Көкірегімде көктеген жыр бұл менің.

Аңғалым-ай,

Айдалада аң қуған,

Ақымағым, айлы түнде қаңғырған.

Аспан жаққа көз қадасаң болмай ма,

Темірқазық шықпас па еді алдыңнан?!

Неге түстің қашқан киік соңына,

(Сол түн жұлдыз тумай  қалған  сорыңа…)

Тасқа айналды  қаншалаған тағдырлар,

Келер  ме деп қарайлаумен жолыңа!

***

Күйбің-күйбің қажытты өмір,

Маздаса да жанында от.

Мұңаятын  нәзік көңіл,

Жалғыз ұлдың қамын жеп.

Жалғыз ұлы сері  болды,

Барды шашып…

Жеп, құшып…

Он үшінде  пері қонды,

Кетті содан көкке ұшып.

Бекторы қыз,

Сол арманын…

Іздеп таппақ түбінде.

Аспан жаққа жол алғанын,

Қойшы көрген іңірде.

Оралмады, тырна қайтты,

Оралмады,

Қыр гүлдеп…

Қош-қош тағы жылдар  айтты,

Өтті күндер бір-бірлеп…

«Нағашысы ақын еді,

Бақсы болған  бабасы.

Тегі сүйреп ақыр оны,

Әкеткенін қарашы.

Келер  әлі-ақ жырлы ауылға,

Өз төріне қымбатты.

Қоңыр қобыз тұр бабында,

Домбырасы тіл қатты.

Қалса жаны ауырсынып,

Самғап ұшар бір түнде.

Қалдырған құс қауырсынын,

Оралмауы мүмкін бе?!…»

Әже

Таусылып бітпес  көп шаруаң,

Қызығы барды  әр үйдің.

Асқан-ды әжем тоқсаннан,

Мінезі шығып сәбидің.

«Алыстап ұзап кетпе» деп,

Алаңдап менен жүретін.

Болымсыз іске өкпелеп,

Орынсыз жылап, күлетін…

– Сапарға шығам…

– Қарайла!

– Қарайла, – дейтін сол адам.

– Өлмеңіз,  әже, жарай ма?

Ұзамай қайта  оралам.

– Сарыарқа деген дала бар,

– Естігем, білем,  көрмедім.

– Самарқан деген қала бар,

– Әкем ғой, балам, ол менің.

Қимайды-ау мендей еркені,

Барлығын іштей сезінген.

Басыма бүркеп көрпені,

От құлап жатты көзімнен…

Қимаудың, сірә, не екенін,

Қиналып тұрып түсінгем.

(Кешірші, әже, кетемін,

Кетемін  дедім  ішімнен!)

– Балам  мен  түнде түс көрдім,

Кететіндейсің шалғайға…

Көре  алмай кетсем не істермін?

Бармай-ақ қойсаң болмай ма?!…

Айтқаным соңғы сол білем,

Кептеліп тұрды көмейім.

– Кетпеймін, әже, болды мен,

Далаға шығып келейін.

Барады үміт қайда алып,

«Туған жер  түбі кешер» деп.

Тоқымдай  бұлтқа айналып,

Құйдым-ай содан нөсерлеп.

Келемін тағы келемін,

Топырағыңа  аунармын.

Мөлдіреп қалды өлеңім,

Жапырағында талдардың.

Әжем де мәңгі  мекенге

Аттанды…

Қайтем тағдырды.

– Шақыршы, – депті кетерде,

– Далаға кеткен әлгі ұлды!…

Ертіс

Өзегімді талдырмаған өзенім,

Түркілердің ғұрпы сіңген  көзі едің.

Алтай таудың көкірегінен құйылып,

Оғыздардан ағып жеткен  сөз едің.

Ғасырлардың жібін есіп ондаған,

Көрсетесің қарт бабамдай жол маған.

Айтшы Ертісім,

осы сансыз жылдарда,

Кезің бар ма  кемеріңе толмаған.

Ару болып күлмейсің сен сыңғырлап,

Қайда әкеттің өткен күннен  сырды ұрлап.

Менің арнам сенен гөрі тағдырлы,

Мың бір рет қайта  толған, мың құрғап.

Ханның ойын, нардың  мойынын  бұзғызған,

Қанша жұрттың қағанатын құрғызған.

Сенің жолың ұзағырақ жылдардан,

Сенің орның биігірек жұлдыздан.

Қонысынан сапар алып ежелгі,

Арпалысып асқан талай кезеңді.

Ағысында  аманат бар,

Арнасында ғаламат бар,

Тамшысымын мен  де өзіңдей өзеннің.

Өзегі бір өзендердің серті үшін,

Өмір бойы жазылмайтын дертісің.

Біздер әлі-ақ іздесеміз, Ертісім,

Мұхиттарда жүздесеміз, Ертісім!

***

Өлең – ғұмыр…

Шыққа қонған құсым ең,

Нәзіктікті саған қарап түсінем.

Қандай қиын үнін есту бақыттың,

Күреңіткен күлкілердің  ішінен.

Кешір  мені!

Сорлы қыстақ қаңтары ән,

Адастырды  жылан соқпақ сан  тарам.

Жүрмін әлі серуен құрып, сенделіп,

Қасіреттің  базарында…

Тарқаған…

Шайыр  үшін көзе-көзе у ішкен,

Мерей болмақ…

Пенделіктен  мың үстем.

Жетпейді екен  саған жырдың ақылы,

Әттең қайғы ақындықпен туыс пе ең?!

Сапар шегіп…

Ғұмырымды мұздатып,

Кірпігіме қонақтатып мұз жаһұт,

Шаттығымды құйып кеттім сырғаңа,

Періштенің тынысына мызғатып.

Пікір үстеу