Биыл Ертіс-Баян өңірі Сәбит Дөнентаевтың 130 жылдық мерейтойын атап өтеді. Ақынның өмірі мен шығармашылығы әлі де жан-жақты зерттеуді қажет етеді. Ауқымды ғылыми-практикалық конференция өткізілсе құба-құп болар еді. Осы орайда ағартушы-демократтың мұрағаттан табылған өлеңін ұсынамыз.

1916 жылғы ақ патшаның Маусым жарлығы бойынша қазақ елінен 19-31 жас арасындағы азаматтарды окоп қазу жұмысына алғаны мәлім. Жергілікті болыстар түзген тізімге ағартушы-демократ Сәбит Дөнентаев та суреткерлік өнері толысып, қаламгерлік қарымы қалыптасып, ақындық шабыты кемелденген шағында ілініп, еркінен тыс бірінші дүние жүзілік соғысқа аттанады. Ақын Рига қаласы төңірегіндегі қара жұмыста болады. Ол Ресейдегі ақпан төңкерісінен кейін ғана уақытша үкімет орнаған кезде майданнан елге оралады. Осы оқиғаны өзі бірер шумақ өлең еткен көрінеді. Мұны мұрағат құжатарынан табылған дерек арқылы білдік.

Өлкетанушы, шежіре кітаптарын құрастырушы Даурен Аяшинов ауыз әдебиетін жинаушы Шаймардан Торайғыровтың 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Орталық ғылыми кітапханасының қорына тапсырған қолжазбасын тауып, Май ауданының тумасы, өлкетанушы Берік Ескендіровке көрсеткен екен. Берік ағамыз бұл құжатты маған ұсынды. Мен Сәбит Дөнентаевтың кейінгі жылдары жарық көрген шығармалар жинақтарынан бұл туындыны кездестіре алмадым. Бәлкім зерттеуші ғалымдарға осы өлең жолдары белгілі де шығар. Анық-қанығын өздері айта жатар.

Қолжазбада Шәймерден Торайғыров өлең мәтінін С.Мұқатов жолдастың айтуы бойынша жазып алғанын жеткізеді. Сонымен қатар, өлеңнің жазылу тарихына қатысты мәліметтер береді. Біздің байқауымызша, аталмыш өлеңнің бірінші шумағы Сәбиттің революция алдындағы қазақ аулының бейнесін суреттеген «Жайлау» жырымен үндеседі. Алайда, алғашқы шумақтан кейінгі жолдар бөлек өлеңнің жүлгесіне ауысады. Шаймердан ақсақалға дерек беруші С.Мұқатов шығарманың атауын «Бақсы» деп айтады. Ал С.Мұқатов кім? Оны анықтау керек. Ұрпақтары бар шығар. Енді қолжазбаға назар аударайық.

«1916 жылғы патшаның июнь жарлығы бойынша қазақ елінен 19-31-дің арасын жинағанда болыс тізіміне Сәбит те іліккен болатын. Бұл тізімнен бай-болыстарға тек қана көп пара беруге шамасы келген бай балалары шығарылып, олардың орнына кедейді тізді. Сәбиттің пара беріп қалуға шаруасы келте. Сондықтан ол торға ілігіп, бірақ қайткенде қалуға болады деген қияли оймен жүргенде Сәбитті түн ішінде ауылнай келіп оятады.

Сәбитке «Шойын жол жұмысындағыларды қалдырады. Сен ертең ерте Жармаққа бар, ондағы шойын жол начальнигі кісі жинаушы Әпсәләмнің Әбіші және Алексей деген орыспен сөйлес, бұлар қалдырамын десе, сөз жоқ, алып қалады», – деп хабарлайды.

Далбасалықпен Сәбит бұлардың бәріне де сөйлесіп, тамырларын ұстап көреді. Бірақ еш нәрсе шығара алмайды. Беріп қалуға ақшасы жоқ, беделімен қалуға шамасы жоқ, тек қаны қайнап, іштен кіжінеді Сәбит. «Бақсы» деген өлеңін жазады. Бұл өлеңде кездесетін «Қара қарға» шойын жол начальнигі, «Сауысқан» – Алексей, «Қарлығаш» – Әпсәләмов.

Бақсы

Жайлауға елдің көшіп барған шағы,

Қымызға жұрттың ішіп қанған шағы.

Көгалға көл жағалай қонған елдер,

Алыстан аққудай боп жатқан шағы.

Түс көрдім таң алдында ұйықтап жатып,

Қарнымды шәй, қымызға мықтап жатып.

Бір адам шұбар шолақ тұлпар мінген,

Келді де тұра қалды сипақтатып.

«Келемін ғарасаттың майданынан,

Халық көп солай қарай айдалынған», –

деген соң шылбырынан ұстай алдым.

«Сөйле, – деп – майданыңның жайларынан».

«Қиямет мен сөйлесем болып жатыр,

Сәуәлді феріштелер сорып жатыр.

Бірі алдан, бірі арттан, бірі солдан,

Әркімнің еткен ісі келіп жатыр», –

Деген соң бармақ болдым мен де топқа,

Болған соң күнәм таудай, тәубәм жоқ па?

Шафағат дариясынан қалсам махрұм,

Беруге көніп басты байлап оққа.

Көп тұрмай ол жерден де жөнеліппін,

Ішіне қалың топтың мен де еніппін.

Дертіме қалай шифа табамын деп,

Бақсы мен балгер қоймай ізденіппін.

«Сабыр қыл, – бір бақсы айтты –барма», – деді,

«Ойламай өкінішке қалма», – деді.

«Түспесең жаһаннамға кетесің», – деп,

Шуылдап көп бақсылар зарлады енді.

Көп қой деп мына соңғы ақылды алдым,

Жағалап сират жаққа ақыр бардым.

Күнәмді жуатұғын шамам жоқ боп,

Бәрінен шафағаттың махрұм қалдым.

Жер екен өлім тиген жемтік жатыр,

Ит пен құс жан-жағынан кеміріп жатыр.

Осы көп біздің тойға жиылған деп,

Жанарын Қара қарға кертіп жатыр.

Бір кезде көзім түсті Сауысқанға,

Қайласын қастық қылып тауысқанға.

Жанында жанасалап Қарлығаш жүр,

Ұқсайды о да достық ауысқанға.

Көңіліміз дос еді ғой суынбайтын,  

Аузына себелеуге су ұрттайтын.

Қосылып сауысқанмен бізге таман,

Түрі бар от себуге жуықтайтын.

(С.Мұқатов жолдастың айтуы бойынша жазылып алынды.

Торайғыров Ш. 9/І – 1946 жыл. КССР Ғылым академиясы. Центральная научная библиотека).

Айбек ОРАЛХАН,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Пікір үстеу