Жақында Екібастұз қаласында тұратын ақын Ерболат Әміреновтың «Жанарыңнан айналдым» кітабы жарық көрді. Ақын бұған дейін оқырманға «Қалқа-жүрек» жыр жинағын ұсынған болатын. Жаңа кітапта Ерболаттың кейінгі жылдары жазылған өлеңдері топтастырылды.

Сүйінші жаңалықпен бөлісе отыра,  Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың және Түрік әлемінің «Түрік бірлігі» сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбайдың алғысөзі мен ақынның жыр топтамасын жариялауды жөн көрдік.

Қабыл алыңыз, мәртебелі оқырман!

Жолың болсын, жас ақын!

Екібастұздан жас ақын Ерболат Әміренов жаңа жыр топтамасының қолжазбасын жіберіпті. Кейінгі жылдары Ертіс-Баян өңірінде Арман Қани, Сайлау Байбосын, Серік Елікбайлардың жолын жалғап, жас ақындар – Жанаргүл Қадырова, Еламан Қасенұлы, Жоламан Әйткен бастаған өлең сөзге анық таласы бар талантты жастар шоғыры көріне бастады. Мынау алмағайып заманда жанының нұрын, жүрегінің сырын өлең-бесігіне тербеткен әр жас ақын – жеке әлем. Кез келген ақынның әр өлеңі қасиетті бір сапарға аттанған жалғызындай.

Меніңше, жақсы ақын болу аз, көркемдігі көріктен шыққандай жаңа ақын болса, шіркін!

Ерболатта жалаң дидактика, жалған пафостан гөрі шынайылыққа ұмтылған өлең жолдары аз кездеспейді.

«…Сен жанымда жүргенде жеңіл бәрі,

Құшақ-құшақ гүлдер де – көңіл қамы.

Бір мұрсат бер,

бал бұлақ көзін ашып,

Өрнектеуге болады өмірді әлі…»

Анық ой, тұнық сезім. Өмірді өрнектеуіне тілектес боласың.

«…Көзіңде күлімдеген тұр шаттығың,

Маған да бересің бе мұрсат, күнім?

Алматы,

Мейрамхана,

Сырлы әңгіме –

Дүние алғандай ма бір сәт тыным?»

Осылай сыр ақтарады Ерболат бір өлеңінде. Жастыққа жарасымды тақырып. Ені осы тәп-тәтті өлеңнің соңы:

«…Арманым тірлігіммен астасар ма,

Құп көрдім тағдыр өзі бастаса алға.

Алматы.

Сағат он бір.

Такси келді.

Иіскедім маңдайыңнан қоштасарда», – деп аяқталады екен. Меніңше, сәтсіз түйін. Жан сырын ақтарып, өлеңді әп-әдемі өріп келіп, бар түйін: «Иіскедім маңдайыңнан қоштасарда» болғанын қабылдамадым. Осындай арзан дүниеден қазірден сақ болған жөн.

«…Бірінің жанарындасың,

бірінің қабағындасың.

бірінің әзіліндесің,

бірінің жаз үніндесің.

бәрінде барсың аздаған,

бүтіндей сүю жазбаған». Ерболаттың осы өлеңі Жарасқанның «Махаббат математикасындағы»:

«…Бір қызда жүр,

Бал түнің мен тілегің,

Бір қызда жүр балтырың мен білегің…» – деп келетін өлеңін еске салады екен.

Ерболат – өлеңді ерте жанына серік еткен, шарқ ұрып ізденісте жүрген жас. Өлең сөздің жауапкершілігін бір сәт те босатып алма, айналайын!

Ақындық өнердің жолы – ауыр жол. Оның бел-белесі, қия шыңы, жасыл орманы, көлі мен шөлі бар. Сенің өмірбаяның мен өлеңбаяның қашанда жарық болсын, поэзия атты қасиетті көкте жұлдызың жарқырасын!

Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ,

Абай атындағы мемлекеттік сыйлықтың,

Түрік әлемінің «Түрік бірлігі» сыйлығының лауреаты,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Маңдайыма есімің таңбаланған…

***

Тағы да түн.

Қала түгел көз ілді.

Хат жазбақ боп мен ойладым Өзіңді.

Қаламсаптың сиясына сезімнің,

нұрын құйып жаздым әрбір сөзімді.

Күнге теңеп, айға теңеп жатпадым,

Сөз сиқырын Саған жетер сақтадым.

«Ұнатамын» демесең де білем мен,

Жанарыңда жасырынған от барын.

Күдіктісің Сен жадырап күлгенмен,

Сезім туа қоймасы анық бір демнен.

Санаңдағы сан сұрақтың жауабын,

Бере алмасам, кеш, аяулым, бірден мен.

Ғашық адам бағынбайды ілімге,

Сөйлейді ол тек ұжымақтың тілінде.

Жүрегімнің жұмбақ күйін келтіріп,

қолмен жазған хатымды оқып күлімде.

***

Өміріме жадырап, күле кірдің,

Түбірі өзің Тәңірлік тілеуімнің.

Алақанға сызылып жазылды аты,

Алатауда күн кешкен жүрегімнің.

Жанарымда Сен болып жанған арман,

Шарлап іздеп таппайтын шар ғаламнан.

Мән-жайын да тірліктің білмегенде,

Маңдайыма есімің таңбаланған…

Жазуына тағдырдың көнем, көнем,

Сен келгелі сезім жоқ бөленбеген.

Дәл Өзіңдей көркем ғой Өмір деген,

Дәл Өзіңдей әдемі Өлең деген!..

Көгермей-ақ жүр еді Көңіл дәйім,

Қолды байлап жүр еді қоңыр уайым.

Өзіңменен өзгертті күн шырайын,

Өзіңменен өзгертті Өмір райын!..

Аласұрса, ғашық жан бар ма кінә?

Мен де іліндім махаббат қармағына.

Қайтсем жетем ендігі Алматыға,

Қайтсем жетем аңсарлы арманыма?!

Сұрақ

Жүрегімде сақтаулы жүзің әсем,

Көңілімнің кетер ме күзі бәсең…

Таңдауыңның барлығы қымбат маған,

Қандай кино қарайсың қызыға сен?

Осындайда мәнісі бар ма аялдың,

Сезім болса қанатсыз самғай алдым.

Ырғақтары сақталды қай әуеннің,

Шумақтары жатталды қандай әннің?

Алғы күннен үмітпен бақыт күттім,

Құдай білер бастағы уағын құттың.

Қандай гүлдің иісін ұнатасың?

Қандай гүлді жаныңа жақын тұттың?

Гүлдейді ғой көктемсіз жүз әлі бақ,

Көңіліме сай келер күз әні тап…

Өзді-өзіңмен қалғанда қалайсың сен,

Қай мезгілдің болғанын ұзағырақ?

Құдай бізге бұл күнді ұмсыныпты,

Шырайлысын көрсетіп күн шығыпты.

Қандай түске бояр ең айналаңды,

Қандай түске балар ең тіршілікті?

Көңілде де күдік бар ұдай мына,

Сенімді боп көрінем былайғыға.

Мен сияқты жігіттер көп қой, бірақ?

Солардың бірі саған ұнайды ма?

Ұлжан

Түн жамылғанда сызашық ойды жыр етем,

Көңілдің көлін қиялмен шолып бір өтем.

Ұмай ананың салтанат-сәні бойыңда,

Ұлжан деп сенің атыңды қойған кім екен?

Құдайдың өзі назарына алған тап сені,

Саған арнаған мейірінің де жоқ шегі!

Үп етіп Алла жаныңды бере салғанда,

Ұл емес қыз боп туғаның қандай жақсы еді!

Жақсы еді қандай!

Жақсысың неткен өзің де!

Құмармын сендік жұп-жұмсақ, әрі наз үнге.

Жылуы күннің, мейірі жанның жиылған,

Сенімге толы, сезімге толы көзің де,

Бәрі де бәрі үйлесім тапқан бойыңнан,

Жанарым түссе көзімді сенен айырман.

Үмітке мынау таусылмай кеткен үтірі,

Нүктесі болшы қойылған…

Пікір үстеу